Берік Әлібай қазақ зергерлік өнері туралы: дәстүр, әшекей тағу мәдениеті және «Зергер» кітабы

Берік Әлібай қазақ зергерлік өнері туралы: дәстүр, әшекей тағу мәдениеті және «Зергер» кітабы

Зергерлік – көшпелілер дәуірінен бастау алатын өнер. Әшекей тек сән үшін жасалмайды. Шеберлер әрбір бұйым арқылы өз мәдениетін, талғамын, ұлттық болмысын келер ұрпаққа аманаттайды. Қазақ зергерлігі де осы тұрғыдан айрықша мәнге ие. Әрбір ою-өрнек өз тарихынан сыр шертіп, халықтың даналығы мен өмірлік философиясын паш етеді.

Берік Әлібай – осы саланың қыр-сырын терең меңгерген, қырық жылдан астам уақытын зергерлік өнерге арнаған шебер. Ол өнерсүйер жұртшылыққа қазақ өнерінің байлығын және ғасырлар бойы жалғасқан дәстүр сабақтастығын арқау еткен «Зергер» атты кітабымен де танымал. Біз зергердің шеберханасына арнайы барып, ұлттық әшекей жасау өнерінің ерекшеліктері мен бүгінгі таңда зергерлік бұйымдарды тағу мәдениетін сақтау мәселелері төңірегінде сұхбаттастық.

– Зергерлік өнерге қалай келдіңіз? Бұл таңдау сіз үшін отбасы дәстүрі ме, әлде жеке қызығушылықтан басталды ма?

– Зергерлік өнерге келуімнің негізінде, әрине, отбасылық дәстүр жатыр. Менің атам зергер болған. Бала күнімде оның дүкені мен шеберханасында жүріп, құрал-саймандарына қызыға қарап, сол ортаның тыныс-тіршілігін сезініп өстім. Дегенмен, бала кезде «зергер боламын» деген нақты арманым болған жоқ, керісінше суретші болуды қаладым.

Мектеп бітірген соң Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түстім. Алдымен бір жыл дайындық курсынан өттім. Келесі жылы құжат тапсырған кезде «металды көркем өңдеу» бөлімі бар екенін білдім. Ұстаздарым менің икемімді байқап, зергерлік бағытты таңдауға кеңес берді. Бала кезімнен атамның шеберханасында көріп-білген дүниелерім жүрегімнің бір түкпірінде сақталып қалған екен, сол әсер мені осы салаға біржола бет бұрғызды.

Содан бері зергерлік өнермен үздіксіз айналысып келемін. Жиырма жасымнан бастап бұл іске шын мәнінде ден қойдым. Бүгінде алпыстан асып отырмын, яғни қырық жылға жуық ғұмырым осы өнермен біте қайнасып келеді. Осы уақыт ішінде қазақ зергерлігінің тектілігін, нәзік талғамын және терең мазмұнын бұрынғыдан да тереңірек ұғына түстім.

– Қазақ зергерлік өнерінің ерекшеліктері қандай?

– Дүниежүзілік қолөнер үлгілерінің ішінде қазақ зергерлігі әсемдігімен, өрнек байлығымен және мағыналық тереңдігімен алдыңғы қатардан көрінеді деп нық сеніммен, мақтанышпен айта аламын. Өзім көптеген халықаралық көрмелерге қатысып, әлемнің әр түкпіріндегі зергерлер мен қолөнершілердің фестивальдерінде болып жүрмін. Мұндай байқауларда көбіне жүлделі орындарға ие боламыз, себебі біздің зергерлік өнеріміздің табиғаты мен болмысы өзгеше.

Қазақтың әрбір ою-өрнегінің астарында тарих, таным мен тағылым жатыр. Оның мән-мағынасын түсіндірген сәтте, шетелдік көрермендер таңданысын жасыра алмай, халқымыздың рухани байлығына ерекше құрметпен қарай бастайды. Зергерлік өнер арқылы біз ұлттық мәдениетімізді әлемге таныта алдық және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенімдімін.

– Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық әшекей тағу мәдениетін сақтап қалу үшін не істеуіміз керек?

– Бүгінде әлеуметтік желілер дамыған, заман өте ашық. Қай елдің зергерлік бұйымын болса да көріп, жасап, таға беруге мүмкіндік бар. Зергерлеріміз де кейде «мынау маған ұнап тұр» деп, шетелдік үлгілерге ойысып жатады. Бірақ меніңше, бұл өзіміздің ұлттық болмысымыздан біртіндеп ажырау деген сөз. Себебі әр халықтың әшекейі сол халықтың тарихы мен танымының көрінісі. Мысалы, шекелік деген әшекей екі самайға тағылатын, сәукелеге немесе тақияға лайықталған бұйым. Ал, қазақтың қыздары маңдайына ешқашан әшекейді жабыстырып, іліп тақпаған. Өйткені металл мен күміс – суық зат. Халқымыз маңдайға суық тигізуді құп көрмеген, әр нәрсенің денсаулыққа, табиғатқа үйлесімін ескерген.

Әр әшекейдің өз орны, өз мәні бар. Ұлттық бұйымды қолданбас бұрын оның тарихын, тағылу тәртібін, мағынасын зерттеу қажет. Біз өз қаймағымызды бұзбауымыз керек. Яғни, қазақ қызының әшекей тағу мәдениеті сақталуы тиіс. Мәдениет – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын аманат. Ата-бабаларымыз бен әжелеріміздің қалай таққанын үлгі ету керек. Өзіміздің төл дүниемізді қадірлеу – нағыз заманауилықтың белгісі. Қыздарымыз сырғасын, шашына шолпы мен шашбауын таққан. Қазақ халқы қыз ұзатқанда бар малын, дүние-мүлкін қыздың жасауына қосып, сәукелесін жасатып, шолпы, шашбау, тіпті ер-тұрманына дейін сәндеп, абыроймен шығарып салған. Сондықтан біз сол асыл дәстүрден айнымай, оның мәнін жоғалтпай, бүгінгі күнмен үйлестіре білсек – ұлттық болмысымыз да, әшекей тағу мәдениетіміз де сақталар деп ойлаймын.

– Зергерлік өнер шыдамдылық пен сабырлықты талап етеді. Бір бұйымға шамамен қанша уақыт жұмсайсыз?

– Егер тасты да өзің дайындап, бәрін толық өз қолыңмен жасасаң, оған бір жыл уақыт кетуі мүмкін. Кейбір тастарды дайын күйінде сатып алсам, жұмыс жеңілдейді. Ал, кейбір тастарды өзім өңдеймін. Мысалы, жергілікті тастарымыз бар, оларды өз қолыммен дайындаймын. Өңдеуі қиын, қатты тастарды сатып аламын. Сондықтан әрбір бұйымның жасалу уақыты әртүрлі. Кейде бір сақинаны бір күнде жасайсың, кейде бір сағатта, ал кейде бір жыл бойы жасалады. Жұмыс тек техникаға ғана емес, көңіл күйге де, шабытқа да байланысты. Дүниежүзінде қолөнердің бағалануы да сондықтан. Шебер соған бар күш-қайратын, бойындағы қуатын, ішкі энергиясын жұмсайды. Кейін оны таққан адам сол жылы энергияны сезеді. Сондықтан қолдан жасалған бұйым әрдайым жоғары бағаланады.

– «Зергер» атты кітабыңыздың идеясы қалай пайда болды? Бұл еңбекті жазудағы негізгі мақсатыңыз қандай?

– Бұл кітап – менің қырық жылдық зергерлік өнердегі жолымның жемісі. Балалық шағымнан бастап осы өнерге қалай келгенім, қандай белестерден өткенім – бәрі осы еңбекте қамтылған. Сондықтан оны өз өмірбаяным десем де болады. Бұл – жай ғана естелік емес, ғұмырымның зергерлікпен өрілген шежіресі. Кітапта қолымда сақталған фотосуреттер, әр жылдары жасалған бұйымдарым туралы деректер берілген. Әрине, ерте кезеңдегі дүниелердің бәрінің суреті сақтала бермеді, олардың өзі де қолда тұрмайды, көбісі уақытында сатылып кеткен. Сондықтан соңғы жылдары жасалған бұйымдарымның фотоальбомы топтастырылды. Бір жағынан бұл - шығармашылық альбом, бір жағынан - өзім жинақтаған шағын музейдің көрінісі іспетті. Мен жылдар бойы түрлі коллекциялар жинадым, солардың ішінде сирек бұйымдар да бар. Меніңше, бұл еңбек оқырман үшін қызықты. Мұнда тек менің өмір жолым емес, қазақ зергерлік өнерінің тынысы, дәстүрі, сабақтастығы бар.

Кітапты жазудағы мақсатым – өз жұмысымды таныстырумен қатар, қазақтың өнері мен мәдениетін насихаттау. Кітабымды жастарға бағыттадым, кітапханаларға да тараттым. Оны оқыған, көрген адам зергерлік өнерге қызығып, осы жолды таңдауға шабыт алса деймін.

– Музейіңізде қандай құнды бұйымдар мен сирек жәдігерлер бар? Солардың ерекшеліктері мен тарихы туралы кеңірек айтып берсеңіз.

– Мына жерде көріп тұрғандарыңыз – ер адамдарға арналған топтама. Мұнда кемер белбеу, асатаяқ, күрзі дейміз, қанжар, кездік пышақ, айбалта бар. Бұл бұйымдардың ерекшелігі – құнды тастармен көмкерілгенінде. Мысалы, гауһартас, зүбәржат, сапфир сынды асыл тастармен әшекейленген, күмістен жасалып, алтынмен қапталған.

Асатаяққа келер болсақ, ол қобдиша сияқты ашылады да, ішінде Қазақстанның картасы және Алтын адамның қай жерден табылғаны көрсетілген. Алтын адам – еліміздің символы, сондықтан оның бір құпиялығы осында. Кезінде хандарымыз билікке келгенде асатаяқты қолына ұстап ант қабылдаған.

Ал, кемер белбеу – қазақ халқындағы өте құнды, сыйлы зат. «Белің бекем болсын» деген сөздің өзі бекер айтылмаған. Өйткені белдік таққан адам шын мәнінде жинақы, мығым жүреді. Әр заттың өзінің бір пайдалануы, мәні болған.

284
04.03.2026