
14 қараша күні Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театр сахнасында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Хамит Шаңғалиевтің көлемді туындысын қойды. Қойылымды қазіргі еуропалық опера өнерінің ең танымал тұлғаларының бірі - Давиде Ливерморе сахналады.
Бұл опера көрерменді Алтын Орда дәуіріне жетелейді. Ол - билеушілер тағдыры даланың тылсым үнімен астасқан, билік сынаққа түсетін, ал көне салт пен жаңа заман талаптары қайшылыққа толы тартысқа түскен әлем. Кескінді музыка, ықпалды режиссура және терең драматургия өткен ғасырлардан сыр шертіп, өз дәуірінің қозғаушы күшіне айналған айрықша әйелдің болмысын ашады.
Премьераны Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Орталық Азия елдерінің мәдениет ведомстволарының басшылары және Әзербайжанның мәдениет министрі тамашалады. Олардың қатысуы оқиғаның халықаралық деңгейін айқын көрсетті.
Qazaq Culture редакциясына сұхбат берген Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова бұл қойылым Орталық Азия елдері арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты күшейтуді мақсат еткен ең маңызды мәдени бастамалардың бірі болғанын атап өтті.
Ол жоба идеясының қалай туғанын, неліктен Хан Сұлтан тағдыры бүгінгі күнге дейін маңызын жоймағанын және халықаралық шығармашылық ұжымның өткен уақытты қазіргі көрерменге жаңа, көркем кеңістік ретінде қалай ұсына алғанын әңгімелеп берді.
Хан Сұлтан жөнінде, Алтын Орда дәуірінде ақыл-парасатымен, жігер-қайратымен, биліктегі орны арқылы танылған әйел туралы опера жасауды неден бастадыңыз? Идея қалай туды?
- Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдің қоғамдағы рөлі жиі сөз болып жүр. Бірақ тарихқа тереңірек үңілсек, әйел қазақ өмірінің әрқашан қақ ортасында тұрғанын көреміз. Ол - әулеттің ұйытқысы, берекенің нышаны, ұрпақты жалғаушы көпір. Ерлердің тұлғасы жайында шежіре де, құжат та, архив те жетерлік, ал әйел бейнелері көбіне аңыз бен қоғам күткен «мінсіздік» өлшемдерінің арасында көмескіленіп қалады. Мен үшін әйелді шынайы күйінде - жанды, сезімтал, күрделі, бірақ айрықша қуатты тұлға ретінде көрсету маңызды еді.
Хан Сұлтан туралы мен Шыңғыс әулетінің, әсіресе Жошы хан әулетінің тармағын зерттеу барысында білдім. Шежірелерге терең бойлап, тарихшылармен кеңесе жүріп, мен оның болмысынан ғажап тағдырды көрдім: текті әулеттен шыққан тұтқын қыздың Жошының жарына, одақтасына, кейін ұлдары атынан ел билеген деңгейге дейін көтерілген жолы. Оның бойында нәзіктік пен өрлік, әлсіздік пен билік үйлесім тапқан ерекше табиғат бар.
Мен сол кезде-ақ сахнадағы жарық, костюм, музыкалық көріністерді көз алдыма елестетіп жүрдім. Жоба санамда толықтай қалыптасқан продюсерлік елеске айналды. Идея мақұлданған соң ең қызық кезең - пікірлес адамдарды іздеу басталды. Осылайша жобаға драматург Алмас Нүсіп, режиссёр Давиде Ливерморе, композитор Хамит Шаңғалиев, либретто авторы Маралтай Ыбыраев, сценограф Элеонора Перонетти, костюм суретшісі Айнұр Ерімбетова қосылды. Тарихи дәлдікке Алтын Орда мамандары - профессор Нұрлан Атығаев, тарихшы Ильнур Миргалеев және профессор Ильяс Кемалоғлу жауапты болды. Ақырында 300-ден астам адам екінші режиссёр басшылығымен репетиция жасап, премьерадан бір ай бұрын Ливерморе мырзаның келуі жұмыстың соңғы үлкен серпініне айналды.
Сіздің идеяңыз тарих пен қазіргі заман өнерін тоғыстырады. Өткенді қайта жаңғырту мен көркем еркіндік арасындағы тепе-теңдікті қалай таптыңыз?
- Біздің мақсат - өткен оқиғаны сахнаға сол қалпында көшіру емес, оны бүгінгі көрерменге тірі, сезілетін, ой тудырар дүние ретінде жеткізу. Тарих - музей сөресіндегі қақталған естелік емес, оның жаны бар, ол сезінуді, түсінуді, пікірлесуді қажет етеді.
Спектакльде әр аккорд, әр визуалды бейне, әр қимыл сол дәуірдің сан қатпарлы рухын ашуға бағытталған. Иә, біз нақты тарихи деректерге сүйенеміз, бірақ сонымен бірге жауабы дайын емес сауалдарды да көтереміз. Хан Сұлтан бүгін бізге не айта алады? XXI ғасыр адамына қандай ой, қандай сабақ қалдырады? Өткендегі қандай қателіктерді көріп, енді қайталамауға тиіспіз?
Тарихи реконструкция мен көркем ойдың арасындағы шекара - көрермен өз толғамын өзі таба бастаған сәтте пайда болады. Ол кезде бұл жай ғана тарих емес, дәл сол мезетте туатын жанды тәжірибеге айналады. Операның өзегі - ұлы империяның бастауында тұрған әйелдің тағдыры.
Бұл қойылымды әйел болмысының қуаты, аналық мейірім және болашақ алдындағы жауапкершілік туралы деуге бола ма?
– Әрине. «Хан Сұлтан» – тек билік пен саясат жайлы дүние емес. Бұл – үйін ұстап қалып, аса ауыр кезеңдерден қажымай өткен, өз дәуірінде ең ықпалды тұлғалардың біріне айналған әйелдің тағдыры туралы хикая. Ол - ана, жар, көшбасшы. Халықтардың тағдырына ықпал еткен шешімдер қабылдай білген жан.
Опера бірқатар маңызды сауалдарды көтереді: Тарихтағы әйелдің орны мен күшінің мәні неде? Неліктен оның еңбегі көбінесе назардан тыс қалады? Билікке саяси мүддеден бөлек, аналық жүрекпен, болашаққа жауапкершілікпен қарайтын әйел келгенде қоғам қалай өзгереді?
Біз әйелдің күш-қуатын ер адамға қарсы қойылған ұғым ретінде емес, өз алдына тұтас, терең, жасампаз бастаулардың бірі ретінде ашып көрсетуді мақсат еттік.
Қойылымда қазақ пен өзбек мәдениеті тоғысады. Сіз бұл мәдени көпірді қалай сипаттайсыз?
- Бұл - жобаның басты идеяларының бірі. Алтын Орда ежелден-ақ түрлі мәдениеттер тоғысқан кеңістік болған. Қазақстан мен Өзбекстанды ортақ тарихи мұра, ұқсас дүниетаным мен рухани дәстүрлер байланыстырады. Опера осы сабақтастықты музыка, би пластикасы, киім үлгілері мен символика арқылы жеткізеді. Біз мәдениетті шекара емес, халықтарды жақындастыратын көпір ретінде көрсеткіміз келді. Ал мұндай түсінік бүгінгі күні тіпті маңызды.
Қойылым визуалында қарағаш пен бүркіт жиі көрінеді. Бұл символдарды қалай түсіндірер едіңіз?
- Қарағаш - тамырдың, тектің, өткенмен байланыс пен ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Ол Жошының ата-бабасына деген рухани жалғастықты меңзейді. Ал бүркіт - биікке ұмтылу, еркіндік, жаңғырудың нышаны. Екі символ бірігіп, адамның уақыт көшінде жоғалып кетпей, өз ішкі тұтастығын сақтай алуын бейнелейді. Бұл - тек өткеннің емес, болашаққа бағдарланған рухтың да көрінісі.
Жобаға көрнекті композиторлар, драматургтер, зерттеушілер және әлемдік деңгейдегі режиссерлердің қатысуы да оның ауқымын айқындайды.
Ең қиын болған нәрсе не болды - сендіру, шабыт беру ме, әлде идеяны бүтін сақтау ма?
- Ең күрделісі - әртүрлі шығармашылық әлемдерді үйлестіру болды. Мұндай айқын дара тұлғалардан құралған команда жиналғанда, әркім өз өнерлік көзқарасын әкеледі. Сол көзқарастардың бір бағытқа қосылатын нүктесін табу қажет. Міне, шығармашылықтың мәні осында - диалогта, ізденісте, бір-біріңнің кәсібилігіне құрметпен қарауда. Біз әр шебер өз даралығын көрсете алатын, бірақ жалпы идеяны бұзбайтын кеңістік құра алдық.
Давиде Ливерморенің жұмысында Сізді ең қатты не таң қалдырды?
- Ливерморе залға кірген бойда атмосфера бірден өзгереді. Ол тек режиссёр емес - ол тәлімгер, суретші, психолог. Ол әр әртісті жеке тұлға ретінде көріп, оның даралығын ашады. Ол тек дауыс пен пластикамен ғана емес, адамның ішкі әлемімен де жұмыс істейді. Оның арқасында труппа басқаша - тереңірек, еркін, батылырақ дем ала бастады.
Сіз үшін операдағы қай сахна ең эмоционалды?
- Бір сахна бар, әр жолы мені терең толғандырады. Ол - Хан Сұлтанның ұлын Батуға жіберетін сәті. Ол ана, ол билеуші, ол баласының және бүкіл әулеттің тағдырын өзгертетін қадамды білетін әйел. Екінші актте Хан Сұлтан салтанатты киімде сахнаға шығып, билік үшін күреседі, Шыңғысхан рухынан қолдау сұрайды. Оның ұлы Берке есейіп, жеңіске жетіп, дәл сол сәтте анасына қайта оралады, ал Хан Сұлтанның жердегі жолы аяқталып, рухы Жошымен қайта қосылады. Сол сахнада бәрі бар: трагизм, ұлылық, қайғы, махаббат, жауапкершілік, мемлекеттің тағдыры.
Спектакль басталмас бұрын көрермендерге не айтқыңыз келеді?
- Мен былай дер едім: «Бүгін сіздер бір әйелдің тарихын көресіздер - оның нәзіктігі, күші және даналығы тарихта із қалдырды. Оның жолы әйелдің мәдениеттегі, қоғамдағы және халық тағдырындағы рөлінің қаншалықты маңызды екенін еске салсын. Бұл спектакль сіздерді шабыттандырып, көбіне назардан тыс қалған, бірақ энергиясы мен махаббаты арқылы болашаққа жол ашқан әйелдерді бағалауға шақырсын».