Астанада «ТЕАТР ALL» халықаралық фестивалінің үздіктері марапатталды

Астанада «ТЕАТР ALL» халықаралық фестивалінің үздіктері марапатталды

Астанада Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған IV «ТЕАТР ALL» халықаралық театр фестивалі өз мәресіне жетті.

Фестивальге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінің театр ұжымдары қатысты. Өнер додасында Астананың жетекші театрларымен қатар Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Атырау, Ұлытау және басқа да облыстардан келген шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетті.

Қазылар алқасының шешімімен Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектаклі үздік қойылым деп танылды. Ал «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесі Б. Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермендер театрының «Жәмилә» спектакліне бұйырды.

«Үздік режиссерлік жұмыс» аталымында Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Той» спектаклін сахналаған Дина Жұмабаева жеңімпаз атанды.

Актерлік шеберлік бойынша «Шәкәрім» спектаклінде Шәкәрім бейнесін сомдаған Аян Өтепберген мен «Сотворившая чудо, или Что такое любовь?» қойылымында Анни рөлін орындаған Полина Харламова үздік деп танылды.

Сондай-ақ фестиваль аясында Асанәлі Әшімов, Хадиша Бөкеева, Құман Тастанбеков және Меруерт Өтекешова атындағы арнайы жүлделер табысталды. Бұл марапаттарға сахнадағы өнерімен ерекшеленген Нұржан Бейсбеков, Гүлдана Көшербаева, Зия Аға және Ақмарал Танабаева ие болды.

«ТЕАТР ALL» фестивалі биыл да театр мамандарының кәсіби тәжірибе алмасуына, шығармашылық ізденістеріне және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға кең мүмкіндік берді. Фестиваль қорытындысы Қазақстанның театр өнері қарқынды дамып келе жатқанын және еліміздің театрлары жақын шетелдегі өнер ұжымдарымен шығармашылық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ашық екенін көрсетті.

119
08.10.2026