СҚО-да «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсірілімі басталды

СҚО-да «Ботай. Ғайып ғалам» фильмінің түсірілімі басталды

Солтүстік Қазақстан облысында «Ботай. Ғайып ғалам» атты көркем-приключенциялық фильмнің түсірілімі басталды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жәрдемімен жүзеге асырылуда.

Картина өңірдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған және әлемдік тарихта айрықша орны бар ежелгі Ботай мәдениетіне арналған. Түсірілім жұмыстары Ботай қонысы аумағында және оған іргелес тарихи-археологиялық аймақта өтуде.

Түсірілімнің басталу рәсіміне облыс әкімдігінің, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының, креативті индустрия орталығының өкілдері мен түсірілім тобы қатысты.

Бұл жоба елімізде ежелгі Ботай мәдениетіне арналған алғашқы көркем фильм болды. Оның жүзеге асырылуы ұлттық тарихты зерделеу, өнер мен мәдениетті дамыту бағытындағы міндеттермен үндеседі. Сонымен қатар картинаның маңызын арттыра түсетін жайттың бірі – осы Солтүстік Қазақстан өңірінде шамамен алты мың жыл бұрын әлемдік маңызы бар оқиға, яғни жылқыны қолға үйрету үдерісі орын алған.

Фильм Солтүстік Қазақстанның бай тарихи мұрасына қызығушылықты арттырып, өңірдің бірегей археологиялық және мәдени әлеуетін кең аудиторияға танытуға бағытталған.

Жоба аясында 2025 жылы Кино орталығы ұйымдастырған JARQYRA республикалық кастингінің қорытындысы бойынша іріктелген актерлер де қатысуда. Аталған кастинг елдің 19 қаласында бір мезгілде өтіп, мыңнан астам жас талантты біріктірген болатын. Үздік қатысушылар Кино орталығының ресми актерлік базасына енгізіліп, отандық жаңа киножобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

26
05.03.2026