
Кей суретшілер шығармасына арқау болар тақырыпты саяхаттан, қала тіршілігінен немесе абстрактілі бейнелер әлемінен іздейді. Ал Ақылбек Тампиев көбіне өзіне етене таныс дүниелерге – далаға, салт аттыға, дастарқан басындағы көрініске, отбасы естеліктеріне, күнделікті қимыл-әрекет пен тұрмыстық заттарға назар аударады. Алайда суретші үшін дәл осы үйреншікті дүниелердің астарында уақыт, мұра және адамның өткенмен байланысы туралы үлкен ойға меңзейтін кеңістік жатыр.
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде ашылған суретшінің «Бабалар ізімен» атты жеке көрмесіне 55-ке жуық туынды қойылған. Бір қарағанда, олар – пейзаждар, натюрморттар мен жанрлық композициялар. Алайда экспозицияны тұтас бір көркем баян ретінде қабылдасақ, мұндағы басты кейіпкердің жеке адам да, табиғат та емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени сабақтастық екенін аңғарамыз.
Ақылбек Тампиев өнерге академиялық мектеп арқылы келді. Орта мектепті тәмамдаған соң Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне оқуға түсіп, кейін ұзақ жылдар дизайн саласында еңбек етті. Соған қарамастан кескіндемеден қол үзген жоқ. Бүгінде шығармашылығын жалғастырып, Алматы қаласындағы «Айзере» өнер мектебінде сурет пәнінен сабақ береді.
Осы жылдар ішінде Тампиев республикалық және халықаралық көрмелерге, түрлі арт-жобаларға белсене қатысып келеді. Дегенмен оның өзіндік көркемдік тілінен бәрінен бұрын академиялық кескіндеме мектебін табиғат пен күнделікті өмірді тікелей сезіну қабілетімен ұштастыруға деген ұмтылыс анық байқалады.
Оның картиналарында ұлттық тақырыпты сыртқы сәндік белгіге айналдыру ниеті жоқ. Дала мұнда жай ғана көрініс аясы емес, адам болмысы мен мінезі қалыптасқан кеңістік ретінде көрінеді. Дәстүрлі бұйымдар музейлік жәдігер кейпінде қатып қалмайды, қайта отбасы тарихының ішінде өмір сүріп тұрғандай әсер береді. Тіпті күнделікті тұрмыстың қарапайым көрінісінің өзі әлдеқайда терең ұғымдарды жеткізудің тәсіліне айналады.
Көрменің өзекті туындыларының бірі – «Кең дала әміршісі». Кенептің ортасында қазақ мәдениетінің ең танымал бейнелерінің біріне айналған дала салт аттысы бейнеленген. Бірақ Тампиев шексіз кеңістіктің аясындағы әсерлі тұлғаны ғана көрсетумен шектелмейді. Оның кейіпкері даланың өзімен біте қайнасып, сол табиғи кеңістіктің ажырамас бөлшегіне айналғандай.
Композициядан еркіндік, тектілік, қуат және табиғатпен үздіксіз үндестікте өмір сүруге дағдыланған адамның болмысы сезіледі. Кейіпкерді қоршаған ұлан-ғайыр кеңістік оны өз ауқымымен тұйықтап тастамайды. Керісінше, адам мен туған жер арасындағы терең байланысты айқындай түседі.
Ал «Анамның шайы» туындысында суретші мүлде басқа көркемдік тілге жүгінеді. Мұнда кең көкжиек те, эпикалық серпін де жоқ. Салт аттының орнын үйдегі қарапайым бұйымдар, даланың орнын отбасы дастарқанының шағын әрі жылы кеңістігі басады. Бірақ картинаның эмоциялық қуаты бұдан кемімейді.
Қарапайым ғана шай ішу сәті туған үй, ана қамқорлығы мен жақындық туралы әсерлі естелікке айналады. Бұйымдар натюрморттың жай ғана бөлшегі болудан қалып, адам жылуын сақтап тұрғандай сезіледі. Суретші үшін сырт көзге елеусіз көрінетін осындай сәттер көбіне адам санасында ең ұзақ сақталатын бейнелерге айналады.
«Кең дала әміршісі» мен «Анамның шайы» арасындағы контраст көрменің ішкі логикасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Тампиев шығармашылығында мұра бірнеше өлшемде қатар өмір сүреді. Бір жағында – даланың кең тарихи-мәдени бейнесі, екінші жағында – отбасы шаңырағына қатысты аса жеке, жүрекке жақын естелік. Бірін екіншісінен бөліп қарау мүмкін емес.
Сондықтан «Бабалар ізімен» атауы өткенге тура мағынасында оралу дегенді білдірмейді. Суретші алыста қалған дәуірді қайта жаңғыртуды мақсат етпейді. Керісінше, сол заманнан бүгінгі адам бойында не сақталып қалғанын іздейді: кеңістікті сезінуінен, отбасына деген қарым-қатынасынан, күнделікті әдеттерінен, көркемдік танымынан, сұлулық туралы түсінігінен.
Осыдан оның пейзаждарына тән ерекше сипат қалыптасады. Тампиев реалистік дәстүр арнасында жұмыс істегенімен, оның шығармаларындағы табиғат көп жағдайда жай ғана натура болып қалмайды. Ол картинаның көңіл күйін қалыптастырып, оқиғаның белсенді қатысушысына айналады және адамның ішкі күйін ашуға көмектеседі.
Мұнда суретшінің пленэрлік тәжірибесі де анық сезіледі. Жарыққа, ауаға, кеңістікке, түстің құбылмалылығына деген айрықша назар бар. Академиялық мектеп композициялық дәлдік берсе, табиғатты тікелей бақылау шығармаларға сәттің тірі тынысын дарытады.
Сюжеттері әртүрлі болғанымен, көрмеге қойылған туындыларды бір ортақ ой біріктіреді. Тарих, табиғат, дәстүр мен отбасылық естеліктер мұнда жеке-жеке өмір сүрмейді. Барлығы қосылып, адам болмысы мен оның кім екенін айқындайтын тұтас дүниені құрайды.
Сондықтан «Бабалар ізімен» – өткен туралы көрмеден гөрі бүгінгі күн туралы толғанысқа көбірек ұқсайды.
Бізге алдыңғы буыннан тек бұйымдар, салт-дәстүр немесе белгілі бір бейнелер ғана мирас болып қалмайды. Біз дүниеге қараудың, туған жермен байланысымызды сезінудің, жақындарымызды есте сақтаудың және үлкен тарихтағы өз орнымызды түсінудің тәсілдерін де мұра етеміз.
Ақылбек Тампиев осы сабақтастықты кескіндеме тіліне көшіреді. Бірде – кең дала төсіндегі салт атты бейнесі арқылы, бірде – үйдегі дастарқан үстіндегі бір кесе шай арқылы.
Көрменің негізгі мәні де осында болса керек. Бабалардың ізін үнемі алыстан іздеудің қажеті жоқ. Кейде ол күн сайын көзіміз көріп жүрген, бірақ мәніне үңілуді әлдеқашан қойған ең қарапайым дүниелердің өзінде жатады.