
Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсының премьерасы «Астана Опера» сахнасында елордадағы күзгі маусымның ең маңызды мәдени оқиғаларының бірі болды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен сахналанған француз режиссері Арно Бернардың бұл қойылымы көрермендерді көркемдік ауқымымен, сезімдік тереңдігімен және мінсіз орындаушылық шеберлігімен тәнті етті.
Театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі опера труппасының директоры Талғат Мұсабаев, Риголетто бейнесін шебер сомдап, бұл партия оның шығармашылық өміріндегі ең терең әрі эмоциялық тұрғыдан күрделі рөлдердің бірі болғанын атап өтті - «бұл - кейіпкеріңді ғана емес, өзіңді де танитын рөл».
Qazaq Culture берген сұхбатында ол қойылымға дайындық барысындағы ізденістерін, кейіпкердің ішкі әлеміне үңілу жолдарын және театр ұжымының сахнада шынайы сезімге толы кеңістік қалыптастыруға ұмтылысын әңгімеледі. Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев «Астана Операның» алдағы жоспарларымен бөлісіп, көрермендерді жаңа халықаралық жобалар мен премьералардың күтіп тұрғанын айтты. Әртістің сөзінше, бұл туындылар қазақстандық опера өнерінің дамуындағы жаңа белес болмақ.
Бұған дейін көрерменге Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсындағы қойылымы арқылы танылған Арно Бернар бұл жолы «Риголеттоны» артық безендірусіз, ұстамды түрде ұсынды. Қатаң сценография, бәсең түстер мен металл құрылымдар - бәрі де әр кейіпкер өз тағдырымен бетпе-бет келетін тұйық әлемнің әсерін тудырды. Қойылымның финалындағы дауыл мен батпақ көрінісі апат пен тазарудың символына айналып, көрерменді махаббат пен сатқындықтың құнын ой елегінен өткізуге итермеледі.
Арно Бернар бұл қойылымда операдағы үйреншікті қалыптарды бұзуға қол жеткізді. Оның кейіпкерлері сахнада шынайы өмір сүріп, азап шегіп, өз сезімдерімен күреседі.
Риголетто - мысқылға толы шут қана емес, жан азабын арқалаған әке;
Джильда - құрбандыққа түскен бейшара емес, махаббат үшін өзін құрбан етуге дайын нәзік жан;
ал Мантова герцогі - сүйкімділігін қаруға айналдырған адам бейнесінде көрінді.
Талғат Мұсабаевтың орындауындағы Риголетто - қайшылығы көп, күрделі мінезді кейіпкер ретінде ашылды: мысқыл мен тәкаппарлықтың астында - кінә мен сүйіспеншіліктен титықтаған әке жүрегі. Әншінің «Cortigiani, vil razza dannata» ариясы спектакльдің ең жоғары эмоциялық сәтіне айналды.
Өнер иесінің айтуынша, бұл рөл одан тек вокалдық шеберлікті ғана емес, сонымен қатар терең эмоция мен ішкі жан толғанысын да талап еткен.
«Мен үшін Риголетто карикатуралық бейне емес. Ол - өз қызы үшін де, өзін естірту құқығы үшін де жан аямай күрескен адам. Оның әр сөзінде жанның жарасы, әр қимылында шындық бар», - деді Талғат Мұсабаев премьерадан кейін.
Бұл сөздер қойылымның өзегін айқын ашады. Спектакль эмоцияға толы, шынайы және ұжымнан толық берілу мен рухани күш-жігерді талап еткен туынды болды. Әртістің айтуынша, бұл жұмыс қарапайым репетициялық кезеңнен гөрі, ішкі өзгеріске жетелеген рухани сапарға айналды. Әр орындаушы өз жүрегінен сүйіспеншілік, азап пен кешірімнің шынайы мәнін іздеді.
Талғат Мұсабаев дайындық кезеңі театр ұжымын ортақ мақсатқа біріктірген шабытты сәт болғанын айтты.
«Кез келген театр үшін “Риголеттоны” репертуарында ұстау - үлкен мәртебе. Бұл жай ғана қойылым емес, режиссерден бастап жарық қоюшы мен костюм тігушіге дейінгі барлық маманның еңбегі тоғысқан ұжымдық жұмыс. Біз күніне екі рет, сегіз сағаттан репетиция жасадық. Бәрі де сахнадағы екі жарым сағат үшін, көрерменнің шабытқа толы қол соғуы үшін жасалды», - деді ол.
Бір айдың ішінде үш жүзден астам костюм тігілді. Техникалық топ күрделі сценография жасады. Мұсабаевтың айтуынша, дәл осы жан-тәнімен берілу мен ортақ ынта спектакльдің әр нотасында сезілетін эмоциялық дәлдік пен көркем әсерге жеткізді.
Дирижер-қойылым жетекшісі Алан Бөрібаев Вердидің партитурасын бар қырынан ашып көрсетті: нәзік лирикадан бастап трагедиялық шиеленіске дейін. Оркестрдің үні серпінді естіліп, соңғы аккордқа дейін драмалық кернеуді сақтады.
Джильда рөлін сомдаған Юлия Засимова, Салтанат Ахметова және Лейла Аламанова да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олардың орындауындағы «Caro nome» ариясы мінсіз тазалығымен және әсерлі нәзіктігімен ерекшеленді.
Мантова герцогінің бейнесін Жан Тапин мен Артур Габдиев сомдап, әрқайсысы өзіне тән харизмасы мен сымбаттылығын көрсетті.
Риккардо Масирони жасаған декорациялар мен Анна Верде тіккен костюмдер спектакльдің эмоциялық қуатын арттыра түсті. Сахна безендіруіндегі минимализм мен тарихи үлгіде тігілген киімдер махаббат пен билік, ар мен сезім арасындағы мәңгілік тартыс тақырыбын айшықтап берді.
Көрермендер әртістерді ұзақ уақыт сахнадан жібермей, толассыз қол соқты. Көрермендердің айтуынша, бұл премьера эмоциялық қуаты, көркемдік әсері мен музыкалық шеберлігімен есінде қалды. Театр сүйер қауым спектакльді ерекше ықыласпен қарсы алып, әртістер сахнада шынайы жылылық пен ризашылықтың лебін сезінді.
Талғат Мұсабаев «Астана Опера» театрының алдағы шығармашылық жоспарларымен де бөлісті.
«Бүгінде театр қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмайды. Алда жаңа қойылымдар, жас солистерді шақыру және шетелдік гастрольдер жоспары бар. Репертуарды жетілдіру бағытындағы жұмыс та үздіксіз жүріп жатыр. Жаңа есімдер қосылып, қойылымдарға өзгерістер енгізілуде. Мақсат - көрерменге одан да жоғары деңгейдегі эстетикалық ләззат сыйлау», - деді Мұсабаев.
«Риголетто» премьерасы қазақстандық опера сахнасының батыл шешімдерге, кең тынысты көркемдікке және жоғары деңгейдегі өнерге қабілетті екенін дәлелдеді. Мұндай нәтиже тек өз ісіне шын берілген, өнердің күшіне сенетін ұжымнан ғана туады.