
Қазақ халқының қолөнер дәстүрі – ғасырлар сүзгісінен өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен баға жетпес рухани қазына. Киіз үйдің сәнін кіргізген көркем тұскиіз, көшпелі тұрмыстың игілігіне айналған кебеже мен төсек ағаш, салт-дәстүрімізді айшықтайтын адалбақан мен нәзік сырғалар ұлттық этнографиямыздың ажырамас бөлшегі. Осы құнды жәдігерлердің сыры мен шеберлік ерекшеліктерін тереңірек тану мақсатында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Этнография» бөлімінің мамандарымен сұхбаттасқан едік.
ТҰСКИІЗ
«Этнография» бөлімінің ғылыми қызметкері Жадыра Өскенбаеваның айтуынша, тұскиіз – үй ішін безендіруге арналған көркем бұйым. Ол халқымыздың эстетикалық талғамын, дүниетанымын, табиғатпен үндестігін және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қолөнер дәстүрін айқын көрсететін мәдени мұрамыздың бірі. Дәстүрлі тұскиіз барқыт, жібек, шұға, мақта-мата және басқа да материалдардан дайындалады. Оның негізіне ақ немесе қара киіз алынып, бетіне түрлі түсті матадан қиылып жасалған ою-өрнектер жапсырылады. Кейбір тұскиіздердің өрнектері матаның бетіне кесте арқылы түсіріледі. Дайын бұйым қабырғаға кілемнің орнына ілініп, әрі үйдің сәнін келтіретін, әрі ұлттық нақышты айшықтайтын маңызды интерьерлік бұйым ретінде пайдаланылған.
– Тұскиіздің көркемдік ерекшелігі ең алдымен оның ою-өрнек жүйесінен көрінеді. Қазақ шеберлері бұйымның композициясын үйлесімді құрып, әрбір өрнекті өзіндік мағынасы мен көркемдік қызметіне қарай қолданған. Тұскиіз бетінде кең тараған өрнектердің қатарында қошқар мүйіз, сыңар мүйіз, арқар мүйіз, тармақты мүйіз, сыңар өкше, төрт құлақ, ирек су сияқты ұлттық ою түрлері бар. Мысалы, тұскиіздің орталық бөлігіне қошқар мүйіз өрнегі түсіріліп, оның айналасы арқар мүйіз немесе тармақты мүйіз өрнектерімен толықтырылуы мүмкін. Ал бұйымның шеткі бөліктеріне ирек су тәрізді өрнектер жүргізіліп, композицияға тұтастық пен ырғақ береді. Кейбір үлгілерде ромб пішінінің ішіне төрт құлақ өрнегі орналастырылып, оның айналасына сыңар мүйіз және басқа да мүйіз тектес оюлар түсіріледі, – дейді ғылыми қызметкер.
Сондай-ақ маманның айтуынша, тұскиіздің әр өңірге тән өзіндік көркемдік ерекшеліктері де бар. Оңтүстік Қазақстан өңірінде тұскиізді көбіне ақ немесе қара киізден басып, оның бетіне матадан ойылып дайындалған түрлі түсті өрнектерді орналастыру дәстүрі қалыптасқан. Бұйымның шеті шыт матамен немесе бір түсті матамен көмкеріліп, оның беріктігімен қатар көркемдік сипатын да арттыра түскен.
– Тұскиіз жасауда шебердің шығармашылық ізденісі ерекше маңызға ие. Шебер киіздің бетіне жапсырылатын матаның түсін, фактурасын және өрнектердің үйлесімін өзінің талғамына қарай таңдайды. Қанық қызыл, көк, жасыл, сары, қара және ақ түстерді үйлестіру арқылы бұйымға өзіндік сипат береді. Сондықтан бір үлгіге негізделген тұскиіздердің өзі бір-біріне ұқсамайтын қайталанбас туынды болып қалыптасады. Тұскиізді жасау шеберлікті, дәлдікті, композициялық талғамды және дәстүрлі ою-өрнек жүйесін терең білуді қажет етеді. Әрбір өрнектің орналасуы, көлемі, түсі мен өзге элементтермен байланысы бұйымның жалпы көркемдік үйлесімін айқындайды, – деп қорытындылады маман.
КЕБЕЖЕ
Кебеже – қазақ халқының дәстүрлі тұрмысында кеңінен қолданылған, ағаштан жасалатын көне үй жиһаздарының бірі. Ол күнделікті тұрмыста зат сақтауға арналған бұйым болуымен қатар, қазақ шеберлерінің ағаш өңдеу өнерін, көркемдік талғамын және ұлттық ою-өрнек мәдениетін танытатын құнды мұра.
– Оның қызметі – үй ішіндегі азық-түлік, ыдыс-аяқ, киім-кешек және басқа да тұрмыстық заттарды сақтау. Көшпелі өмір салтына бейімделген қазақ қоғамында оның ықшамдылығы мен беріктігі ерекше маңызды болған. Кебеже үйдің ішкі жабдығының бірі ретінде төрге немесе арнайы орынға қойылып, тұрмыстық қажеттілік пен эстетикалық қызметті қатар атқарған», – дейді бөлім қыззметкері Гүлхан Маябасова.
– Дәстүрлі кебежелердің жалпы құрылымы бір-біріне ұқсас болғанымен, олардың жасалу тәсілі мен сыртқы пішінінде өңірлік ерекшеліктер кездеседі. Көп тараған үлгісі төрт қабырғадан, түптен және қақпақтан тұрады. Негізгі бөлшектері төрт қырлы қазықтар арқылы біріктіріліп, берік құрылым жасалады. Мұндай құрастыру тәсілі бұйымның ұзақ уақыт пайдаланылуына мүмкіндік берген.
Кейбір аймақтарда кебеже құрастырудың өзгеше технологиялық тәсілдері қолданылған. Атап айтқанда, қазықтар арқылы доғаланып, тік бұрышты түрде иілген кәсек тәрізді жақтаулы әдіспен жасалған үлгілер кездеседі. Сонымен қатар көшіп-қону жағдайына бейімделген, төрт құлақты және екі көзді үлгілер де болған. Мұндай ерекшеліктер кебеженің тек үй жиһазы ғана емес, дәстүрлі көшпелі тұрмысқа икемделген функционалды бұйым болғанын көрсетеді, – деп жалғастырды Гүлхан ханым.
Этногрфтың айтуынша, кебеженің сыртқы көркемдік безендірілуіне де ерекше мән берілген. Қазақ шеберлері ағаштың табиғи қасиетін сақтай отырып, оның бетін оймыштау, қашау және оюлау тәсілдерімен безендірген. Әсіресе «төрт құлақ», «қошқар мүйіз» тәрізді дәстүрлі ою-өрнектер кең қолданылған.
Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында сақталған кебежелер – осы дәстүрлі өнердің өңірлік ерекшелігін танытатын құнды жәдігерлердің бірі. Қордағы кебежелердің бірнеше түрінен қазақ шеберлерінің ағаш өңдеу техникасы мен сәндік безендіру дәстүрінің алуан қырын байқауға болады. Көпшілігінің алдыңғы бетіне екі жерден ірі «төрт құлақ» өрнегі түсіріліп, оның айналасы мен жақтаулары «қошқар мүйіз» оюларымен көркемделген. Оюлардың орналасуы бұйымның композициялық құрылымын айқындап, қарапайым тұрмыстық жиһазды көркем өнер туындысына айналдырады. Өрнектердің ырғақты қайталануы кебеженің сыртқы келбетіне жинақылық пен үйлесімділік береді.
– Кебежеде қолданылған ою-өрнектер халқымыздың дәстүрлі дүниетанымымен тығыз байланысты. Қошқар мүйіз – қазақ ою-өрнек өнеріндегі ең кең тараған негізгі мотивтердің бірі. Ол береке, молшылық, күш-қуат және өсіп-өркендеу ұғымдарымен сабақтасып, тұрмыстық бұйымдарды көркемдеуде жиі пайдаланылған. Ал «төрт құлақ» тәрізді геометриялық сипаттағы өрнектер бұйымның композициялық орталығын айқындап, оның сәндік сипатын күшейтеді.
Кебежені жасау шеберден ағаштың түрі мен қасиетін білуді, өлшемді дәл сақтауды, бөлшектерді берік біріктіруді және ою-өрнекті үйлесімді орналастыруды талап еткен. Шебер ең алдымен ағашты өңдеп, қажетті бөлшектерін дайындаған. Одан кейін оларды арнайы тәсілмен біріктіріп, беткі бөлігін тегістеп, сәндік өрнектермен безендірген. Осылайша функционалдық мақсат пен көркемдік шешім бір бұйымның бойында тоғысқан.
Оның ерекшелігі – әр бөлшегінің белгілі бір қызмет атқаруында. Қақпағы ішкі бөлікті қорғауға мүмкіндік берсе, берік жақтаулары бұйымның пішінін сақтаған. Ал сәндік оюлар кебежені үй интерьерінің ажырамас бөлігіне айналдырған, – деп түйіндеді этнограф.
Ал бөлім меңгерушісі Ақлима Жұмашева сүйектелген кебежеге тоқталып, оның көркемдік ерекшелігін түсіндіріп берді.
– Сүйектелген кебеже – қазақтың дәстүрлі ағаш өңдеу және сүйекпен әшекейлеу өнерінің ерекше үлгісі. Кебеженің ағаш беті түрлі геометриялық пішіндегі сүйек өрнектермен көмкеріліп, бұйымға өзіндік көркемдік сипат берген. Сүйектелген кебежелердің бір үлгісінде бетіне алты жерден ромб тәрізді геометриялық фигуралар орналастырылып, арасына ирек өрнектер түсірілген. Әрбір сүйек әшекейдің ортасына ноқаты бар шағын шеңбер ойылып, шеттері «ирек су» өрнегімен безендірілген. Ою-өрнектер кебеже бетіне шегелер арқылы бекітілген.
Сүйекпен әшекейлеуде көбіне көлеңкеде кептіріліп, арнайы дайындалған жылқы мен түйе сүйектері, сондай-ақ серке, арқар, ақбөкен, таутеке мүйіздері пайдаланылған. Сүйектелген кебежелер – қазақ шеберлерінің табиғи материалдарды ұқыпты пайдаланып, тұрмыстық бұйымды көркем өнер туындысына айналдыра білген шеберлігін танытатын құнды жәдігер, – дейді маман.
ТӨСЕК АҒАШ
«Этнография» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Мира Ахмет Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында сақталған төсек ағаштар мен олардың ерекшелігіне тоқталды.
Төсек ағаш – XIX–XX ғасырларда қазақ халқының тұрмысында кеңінен қолданылған ағаштан жасалған дәстүрлі үй жиһазы. Көркемдік безендірілуіне қарай ол сырлы төсек, оюлы төсек, сүйектелген төсек, күмістелген төсек және ағаш төсек түрлеріне бөлінеді. Барлық түріне ортақ ерекшелік – негізінен бұйымның көзге көрінетін бет жағының ғана көркемделуі.
– Бізде сақталған төсек ағаштың бір үлгісі төрт аяқты болып жасалып, екі басы шалқақтау келген. Бұйымның беті тұтастай сәндік өрнектермен безендіріліп, композицияның негізгі өзегін мүйіз тектес ою-өрнектер құрайды. Әсіресе «қос мүйіз» және космогониялық сипаттағы өрнек элементтері айқын байқалады, – дейді маман.
– Қазақтың дәстүрлі ою-өрнегінде мүйіз тектес өрнектер ежелден қалыптасқан көркемдік үлгі саналады. Төсек ағаштың бетіне түсірілген әрбір өрнек бұйымды сәндеумен қатар, халқымыздың табиғат пен қоршаған әлем туралы таным-түсінігін де танытады. Осы тұрғыдан алғанда, төсек ағаш – дәстүрлі жиһаз жасау өнері мен ұлттық ою-өрнек мәдениетінің сабақтастығын көрсететін құнды этнографиялық жәдігер, – деп түйіндеді Мира Ахмет.
АДАЛБАҚАН
Адалбақан – қазақ халқының дәстүрлі тұрмысында киім-кешек пен түрлі бұйымдарды ілуге арналған ағаштан жасалған үй жиһазы. Халықтық қолөнер дәстүрінде адалбақан жеңіл әрі берік ағаштан жасалып, киіз үйдің босағасына немесе керегесіне бекітілген. Құрылымының көшіп-қонуға қолайлы болуы оның дәстүрлі тұрмыста кең қолданылғанын көрсетеді.
Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында сақталған адалбақан жайлы экскурсия жетекшісі Гүлмира Арыстанбаева айтып берді. Оның айтуынша, музейде сақталған адалбақан көркемдік безендірілуімен ерекшеленетін құнды жәдігер. Кісі бойынан асатын жуан діңгектің өн бойы ойылып, өсімдік тектес өрнектермен өрнектелген. Төменнен жоғары қарай өрлеген сайын өрнекті буындары сүйірлене түсіп, жоғарғы бөлігі шалқалай туған ай бейнесімен аяқталған. Ай пішінді әшекей ақ түсті металдан құйылып, ағаш бетіне қондырылған.
– Адалбақанның негізгі сәндік элементтерінің бірі – ақ түсті металдан жасалған ілгектер. Үш ірі бұнақталған бөлігіне сегіз металл ілгек бекітіліп, бұйымның тұрмыстық қызметін арттырған. Діңгек бойына үш жерден ақ түсті металмен көмкерілген доғалар орнатылған. Жоғарғы бөлігі қызыл және жасыл түстермен боялып, ағаштың табиғи өңімен үйлесім тапқан, – дейді экскурсия жетекшісі.
Адалбақанның өсімдік тектес өрнектері, ай бейнесі, металл әшекейлері мен қанық түсті бояулары оның тек тұрмыстық мақсаттағы бұйым емес, қазақтың дәстүрлі ағаш өңдеу, ою-өрнек және көркем безендіру өнерінің үйлесімін танытатын сәндік жәдігер екенін көрсетеді.
СЫРҒА
Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығында XIX–XX ғасырларға тән, ел арасынан жиналған күмістен жасалған сырғалардың бірнеше түрі сақталған. Бұл жәдігерлер жайлы «Этнография» бөлімінің ғылыми қызметкері Сабира Айтбай айтып берді.
– Сырғалар қалыптама, оймыш, ширатпа, бедерлеме сияқты түрлі тәсілдермен жасалып, пішіні мен безендірілуіне қарай ерекшеленеді. Қордағы үлгілер арасында жарты ай пішінді «ай сырға», көлденең әрі ұзынша жасалған, сәндік элементтері мол «сабақты сырға», сондай-ақ салпыншақ, шашақты, үшбұрышты және ромб пішінді сырғалар кездеседі. Күміс сырғалардың беті қаралау өрнек, зерлеу және нәзік нақыштармен безендіріліп, кейбіріне ақық пен маржаннан көз қондырылған. Әсіресе Оңтүстік өңірге тән сырғаларда маржанмен әшекейлеу жиі ұшырасады, – дейді Сабира ханым.
Маманның айтуынша, қазақ дәстүрінде сырғаның этнографиялық және ғұрыптық мәні де болған. Кейбір отбасыларда көптен күткен немесе кеш дүниеге келген ұл баланы тіл-көзден сақтау ниетімен қыз балаға ұқсатып, құлағына сырға таққан. Бала ер жетіп, буыны бекіген кезде сырғасын шешу үлкен қуаныш ретінде қабылданып, бұл оқиға отбасылық қуанышқа айналған.
Сонымен қатар сырға құда түсу дәстүрінде де ерекше мәнге ие болған. Қызға құда түскенде сырға тағу – екі жақтың құдалығын білдіретін, қыздың болашақ келін ретінде танылғанын айғақтайтын дәстүрлі рәсімдердің бірі.
– Осылайша, сырға қазақ зергерлік өнерінің көркем үлгісі ғана емес, халықтың салт-дәстүрі, наным-сенімі мен әлеуметтік мәдениетін танытатын құнды этнографиялық жәдігер, – деп қорытындылады этнограф.