«Kiz Jibek» – әлем нарығын баураған қазақылықтың иісі

«Kiz Jibek» – әлем нарығын баураған қазақылықтың иісі

Төл мәдениетті төрткүл әлемге таныту мақсатында өз кәсібін бастаған Нұржан Төлеген бірегей өнімін жарыққа шығарып, әлем нарығына ұсынып үлгерген. Қазақтың рухани мұрасына ерекше ықыласы бар Нұржан Қытайдың Іле өңірінде дүниеге келген, бүгінде Парижде тұрады. Қытайдағы Ухань университетінде, Америка, Германия, Франция елдерінің жетекші оқу ордаларынан білім алып, кәсіпкерлік, халықаралық жоба басқару салаларында біліктілігін жетілдірген. Кейіннен француз тілін еркін меңгеріп, сән әлемінің мүмкіндіктерін бағамдаған азамат сол елде тұрақтап, өз брендін қалыптастырған. «Tolegen Paris» брендінің төл туындысы «Kiz Jibek» люкс санаттағы парфюмериялық өнімі – ұлы дала тарихымен біте қайнасқан қазақ мәдениетіне деген құрметінің белгісі екенін айтады жоба авторы.

- Қазақ жерінен жырақта өсіп, әлемнің сан елдерінде болдыңыз. Десек те, кәсібіңізді қазақ мәдениетіне бағыттауыңыздың сыры неде? Ұлт мұрасына деген қызығушылық қайдан бастау алды?

- Адам баласының бар болмысы, арманы, не нәрсеге деген қызығушылығы бала күннен қалыптасады. Менің анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы. Ес білгелі әкем екеуінің кітап оқып, әдеби шығармаларға талдау жасап әңгіме айтқандарын көріп өстім. Тек қазақ әдебиеті емес, Шекспир, Мопассан сынды әлем классикасымен де алғаш ата-анам таныстырды. Туған тамырымыздан алшақтамасын деген болар, сол балдырған шағымда-ақ қазақ ертегілерін құлағымызға құйып, салт-дәстүрлерімізді бойымызға дарытты. Маған әсіресе аңыз-әңгімелер мен эпостық жырлар қатты ұнайтын. Қазақ мәдениетіне деген қызығушылығым мен шексіз құрметімнің іргетасы сол кезде қаланған сияқты. Уақыт өте келе сол балалық ықылас «теңдессіз мәдени мұраларымызды өзгелер де таныса» деген үлкен мақсатқа айналды.

- Иіссудың атауы неліктен «Kiz Jibek» екені де түсінікті сияқты. Жалпы, бұл идея қалай туындады?

- 2021 жылы мен тұңғыш рет халықаралық деңгейдегі қара шаңырағымыз Қазақстанға келдім. Осы сапар менің алдағы қадамдарыма жол ашты десем де болады. Елге келгенімде тілдескен қандастарымның жиі қойған сауалдары Францияның сән әлеміне қатысты болды. Көпшілікті опа-далап, иіссу, сәндік аксессуарлар қызықтыратынын түсіндім. Қазақ аруларының ішкі жан-дүниесімен егіз жүретін сырт келбетінің сұлулығы мен көшпелі қазақ мәдениетін қатар бейнелейтін өнім шығару туралы ой алғаш сол кезде туындады. Идеяны жүзеге асыру үлкен еңбекті талап ететін бірнеше процесстерден тұрады. Ең бастысы басқаға ұқсамайтындай бірегей иіс болуы үшін әтірдің формуласын жазу. Дайын өнімді бірнеше мәрте аллергиялық сынақтардан өткізу, сыртқы қорабын зерттеу, дизайнын тұрақтандыру – осының барлығына екі жылдай уақыт кетті. Жалпы, өнімнің тек ішкі сапасы емес, оның атауы, сыртқы формасының үйлесім табуы да маңызды. Осы тұста бренд пен әтір атауына байланысты айтып өтсем. Брендтің тұрақты атауы – «Tolegen Paris», әуелі өзімнің тегім болса, екіншіден естіген адамның құлағына бірден сақталатын нағыз қазақы есім деп ойлаймын. Ал, осы брендтің тырнақалды өнімі «Kiz Jibek» болуы заңдылық қой. 17 ғасырдағы қазақ даласының әйгілі лирикалық жырын қайта жаңғырту жолындағы қадам десем де болады. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік материалдық емес мұралар тізіміне енген жыр қазақ халқының сол дәуірдегі тұрмыс-тіршілігін еске салады. Махаббат қай кезде де бар халыққа, әрбір мәдениетке ортақ тақырып болса, Жібек – барлық қазақ қыздарының көркемдігі мен сұлулығын, мейірімділігінің бейнесіне айналған кейіпкер. Міне, осының барлығын әлемге танытсақ деген арманнан туындады.

Өнім сатылымға осы жылдың 12 мамырында шықты. Бұл мен үшін тарихи күн. Францияда өзіміздің веб-сайтымызда және келісім жасалған бірнеше люкс әтір сататын арнайы дүкендерде қойылды. Әр қызыққан адам веб-сайт арқылы тапсырыс бере алады, сол жерден Еуропаның 27 еліне пошта арқылы жіберудеміз. Әзірге Қазақстанда тікелей сатушымыз жоқ. Енді ортақ мұратты көксеген осы саладағы қазақ азаматтарын тауып, әр отандасымыздың әтірді алуына қолайлы жағдай жасағым келеді.

- Алдағы уақытта басқа өнімдерді де осы бағытта шығару ойыңызда бар ма?

- Әрине, тіпті жұмысты бастап та кеттік. «Kiz Jibek» біздің беташарымыз болса, енді қазақ әдебиетінің тағы бір кейіпкерінің тұлғасын ашатын, кешесінен хабар беретін тағы бір жаңа әтіріміз зерттелуде. Жоспарымыз бойынша, барлығы сәтті болса, алдағы екі жылда жаңа өнім сатылымға шығады деген ойдамын. Бұдан бөлек, тек әтір ғана емес, ұлттық сарындағы бірегей дизайны бар киім-кешек, сағат, әшекей-бұйымдар шығару да жоспарда бар. Осы тұста «Tolegen Paris» компаниясын тек кәсіпкерлікпен айналысу үшін ғана ашпағанымызға басымдық бергім келеді. Негізгі мақсат – халықаралық деңгейдегі түрлі мәдениет өкілдерінің қолдауына ие болатын, нағыз қазақылықтың иісі аңқыған өнім шығарып, қазақ мәдениетін, тілі мен әдеиетін дүниенің төрт бұрышына сән тілінде жеткізу. Ойға алған жоспарлар орындалып жатса, келешекте кірген кірістерден ортақ қор құрып, қазақ мәдениетін дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Қор артымыздан еріп келе жатқан өнер-білім қуған қазақ жастарына жаңа мүмкіндіктер беру жолында жұмыс істейтін болады.

- Қазақ мәдениетіне үлес қосу дегенді қалай түсінесіз?

- Менің ойымша, қазақ мәдениетіне үлес қосу ең әуелі төл мәдениетке деген сүйіспеншіліктен басталады. Біреуден кем, біреуден артық емес – өз бірегейлігі бар елміз. Тарихымыз, өркениетіміз, ұлттық рухымыз бен өзімізге ғана тән өмір философиямыз бар. Әндеріміз, билерімізге дейін сан ғасырлық тарихқа бойлайды. Осының барлығын шын жүректен мақтаныш көргенде ғана, басқалармен бөлісуге болады. Мәдениетті дамытуға үлес қосу деген пафосқа толы үлкен сөз сияқты көрінгенмен, түп тамырына келгенде қай жерде жүрсек те, елімізге деген сүйіспеншілігімізді алып жүрудің өзі үлкен үлес деп ойлаймын. Әр адам өзінің қызыққан саласында, өз сүйген кәсібін жасай отырып, соған сәл ғана қазақ философиясын, болмыс-мінезін, қарапайымдылығын қосып отырса болғаны.

84
12.08.2025