Түркістандағы Ясауи музейінде «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты мәдени іс-шара өтті

Түркістандағы Ясауи музейінде «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты мәдени іс-шара өтті

Түркістан қаласындағы Ясауи музейінде «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты мәдени іс-шара өтті.

Жобаның басты мақсаты – музей мен мектептер арасындағы байланысты нығайту, педагогтерді музей-қорықтың мәдени-ағартушылық бағдарламаларымен таныстыру.

Іс-шараға Түркістан қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің өкілдері, тәрбие жұмысына жауапты педагогтер, қосымша білім беру мамандары, сынып жетекшілері мен пән мұғалімдері қатысты.

Кездесу барысында белсенділік танытқан мектеп директорларына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ қатысушыларға музейдің ғылыми-зерттеу және ағартушылық қызметі туралы баяндамалар ұсынылып, бірқатар педагог «Ясауитану клубының» мүшелігіне қабылданды.

Мәдени бағдарлама «Конгресс-холл» көпсалалы кешені өнерпаздарының және музей педагогы Сәкен Қонысбековтің өнер көрсетуімен жалғасты. Ал «Жас экскурсовод» үйірмесінің мүшелері қонақтарға музейді аралатып, ондағы жәдігерлермен таныстырды.

Іс-шара барысында ұстаздар Ясауи музейінің тарихы мен құнды мұралары, жүзеге асырылып жатқан білім беру жобалары және мектептермен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері туралы мағлұмат алды. Сонымен қатар музейдің үшінші қабатында Ясауитану ғылыми орталығы кітапханасының кітап көрмесі ұйымдастырылды. Балалар шығармашылығына арналған көрмеге музей үйірмелеріне қатысатын өрендердің суреттері, қолөнер бұйымдары мен өзге де туындылары қойылды.

Аталған іс-шара музейдің тарихи мұраны сақтап, насихаттайтын орын ғана емес, ұстаздар мен оқушылардың, мәдениет мекемелерінің басын қосып, білім мен тәрбие беруге ықпал ететін маңызды мәдени-ағартушылық орталық екенін көрсетті.

118
06.10.2026