Сахна сыртында: балалар «Астана Операның» ішкі әлемін қалай таныды

Сахна сыртында: балалар «Астана Операның» ішкі әлемін қалай таныды

Шымылдық ашылғанға дейінгі бірнеше сағатта театрда не болып жатады? Сахналық костюмдер қайда сақталады, бутафория қалай жасалады, жарықты кім басқарады және әртіс сахнаға шығар алдында нені көреді?

Көрермен үшін театр тіршілігінің үлкен бөлігі әдетте көзден таса қалады. Ал биылғы жазда балалар спектакльдің қалай дүниеге келетінін өз көзімен көріп, сахна сыртындағы тұтас шығармашылық үдерістің жолымен жүріп өтті.

«Астана Опера» балалар театр студиясы алғаш рет шығармашылық лагерь ұйымдастырып, жазғы демалысты театрмен көрермен залынан емес, оның ішкі әлемінен танысуға мүмкіндік беретін ерекше бағдарламаға айналдырды. Екі ауысымның әрқайсысына 20 баладан қатысып, олар бірнеше апта бойы хореография, актерлік шеберлік, хорда ән айту, пішу және тігу, кескіндеме мен сурет, каллиграфия секілді алты бағыт бойынша өздерін сынап көрді.

Бірі үшін ең үлкен жаңалық би болса, енді бірі алғаш рет өз дауысын хор құрамында естіді. Ал кейбірі қолына ине мен жіпті алғаш ұстап, өз қолыңмен бір нәрсе жасау сахнаға шығудан кем қызық емес екенін аңғарды.

Алайда балалар үшін нағыз ғажайып қарапайым көрермен сирек бара алатын жерде – сахна сыртында басталды.

Олар сахна механизмдерінің қалай жұмыс істейтінін көріп, жарық пен дыбысты басқару жүйесімен танысты, театрлық гримнің қалай жасалатынын білді. Бутафория, костюм, аяқкиім және тігін цехтарын аралап, дыбыс бөлімі мен театр кітапханасына да барды.

Осылайша олардың театр туралы бұрынғы түсінігі өзгере түсті. Спектакль алғашқы аккордтан әлдеқайда бұрын басталатыны, ал сахнадағы бірнеше сағаттық көріністің артында ондаған маманның апталап атқаратын еңбегі тұрғаны анық байқалды.

Өнерді дайын нәтиже ретінде ғана емес, тұтас шығармашылық үдеріс ретінде көру мүмкіндігі лагерьдің басты ерекшеліктерінің біріне айналды.

«Қызым мұнда алғаш рет қолына ине мен жіп ұстап, тіпті бірнеше бұйым тігіп көрді. Бұл ол үшін үлкен жаңалық болды. Әсіресе экскурсиялар мен лагерьдің жалпы атмосферасы ерекше әсер қалдырды. Балалардың ұстаздарға қаншалық жақын болғанын, сабаққа қандай қызығушылықпен келгенін өзіміз де көрдік», – дейді Эльмира Габбасова.

Лагерьдің мақсаты балалардың каникул уақытын жай ғана пайдалы өткізуімен шектелген жоқ. Ұйымдастырушылар үшін олардың шығармашылықтың әртүрлі саласын байқап көріп, өзіне шын мәнінде не жақын екенін сезінуі маңызды болды.

Театрдан өз орныңды табу үшін міндетті түрде сахнаға шығуды армандаудың қажеті жоқ. Бір балаға сурет салу қызығырақ болуы мүмкін, екіншісі костюм тігуді ұнатады, үшіншісі қимылмен немесе дауыспен жұмыс істеуге бейім болады. Осы тұрғыдан театр – сан алуан мамандық пен өнер түрі тоғысатын үлкен шығармашылық шеберхана.

Ең қызығы, көптеген отбасы үшін театрмен таныстық лагерь аяқталғаннан кейін де жалғасты.

Балалар ата-аналарымен бірге «Астана Операның» спектакльдері мен концерттеріне келе бастады. Олардың қатарында Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны», Джузеппе Вердидің «Аида» опералары, Морис Жарр музыкасына қойылған «Париж Құдай-ана соборы» балеті және Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдың концерттік бағдарламалары бар.

Осы тұста баланың театрды қабылдауында маңызды өзгеріс болады. Кеше ғана ол театрды әсем ғимарат пен үлкен сахна ретінде қабылдаса, енді сахнадағы әр бөлшектің ар жағынан үлкен еңбекті көре бастайды. Костюмнің қайдан пайда болатынын, жарыққа кім жауап беретінін, сахналық механизмдердің қалай қозғалатынын және көрермен назарынан тыс қалатын қаншама адамның спектакльге үлес қосатынын түсінеді.

Сөйтіп театр оған біртіндеп таныс әрі жақын кеңістікке айналады.

Жаңа маусымда Балалар студиясы жұмысын хор, балет және қолөнер секілді үш негізгі бағыт бойынша жалғастырады. Жас хористер театр репертуарындағы опералар мен Камералық зал концерттеріне қатысуға мүмкіндік алады. Балет бөлімінің тәрбиеленушілері классикалық бидің негіздерін меңгеруді жалғастырса, қолөнер студиясында балалар бутафор, пішуші және театр өндірісіне қатысты басқа да мамандықтармен танысады.

Бәлкім, бүгінгі тәрбиеленушілердің кейбірі жылдар өте үлкен сахнаға шығар. Бірі музыканы, бірі балетті таңдар, енді бірі шымылдықтың ар жағында қалып, спектакль әлемін өз қолымен жасауға атсалысар.

Бірақ мұның бәрі ең қарапайым қадамнан басталады – бір күні сахна сыртына апаратын есікті ашудан.

Өйткені театрға деген сүйіспеншілік әрдайым қол соғудан бастала бермейді.

Кейде ол алғашқы тігістен, алғашқы нотадан, қылқаламның алғашқы ізінен немесе баланың сахнаны тұңғыш рет арғы жағынан көрген сәтінен басталады.

185
01.08.2026