
Әнші Димаш Құдайберген Қазақстанда жуырда түсірілімі басталған «Таймас» көркем фильмінің алаңына арнайы барып, түсірілім барысымен танысты. Өнер иесі фильмнің режиссерімен, актерлер құрамымен және шығармашылық топ мүшелерімен кездесіп, әрі жоба ұжымына сәттілік тіледі.
Димаштың бұл сапары түсірілім тобы үшін ерекше қолдау болды. Фильмнің режиссері – Димаш Құдайбергеннің көптеген бейнебаяндарын түсірген режиссер Ғалым Асылов. Ал картинаның музыкалық сүйемелдеуін әншінің інісі Мансұр Құдайберген жазып жатыр.
«Таймас» – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі қызметкерлерінің еңбегіне арналған алғашқы отандық көркем фильм. Туындының бас кейіпкері – серігі болған қызметтік итінен айырылғаннан кейін өмірін қайта бастауға талпынған офицер Нұрлан. Алайда тағдыр оны иесі шайқаста қаза тапқан тағы бір қызметтік ит – Таймаспен жолықтырады. Осылайша өзара сенімге, адал достыққа және жан жарасын емдеуге құрылған ерекше оқиға басталады.
Фильм желісі бойынша Нұрлан мен Таймас ауыр өткен күндердің салдарын бірге еңсеріп қана қоймай, жаңа қауіппен де бетпе-бет келеді. Олар шекара арқылы заңсыз әрекет ететін контрабандашыларға қарсы тұрып, жауапты миссияны атқарады. Авторлар осы оқиға арқылы мемлекеттік шекараның тыныштығын күзететін жандардың ерлігі мен қызметтік иттердің адалдығын, сондай-ақ адам мен жануар арасындағы ерекше байланысты көрсетуді мақсат етеді.
Фильм түсіріліміне арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттер қатысуда. Сонымен қатар жобаға кәсіби кинолог мамандар кеңесші ретінде тартылған. Бұл шығармашылық топқа шекарашылар мен кинологиялық қызметтің жұмысын шынайы әрі нанымды бейнелеуге мүмкіндік береді.
Картинаны «i1team» кинокомпаниясы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсіруде. Сондай-ақ жобаға 2025 жылы Кино орталығы ұйымдастырған республикалық «JARQYRA» кастингінің қорытындысы бойынша іріктелген актерлер де қатысып жатыр.