
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлттық киім – ұлт айнасы» атты дөңгелек үстел мен көрме өтті.
Іс-шара ұлттық киім арқылы қазақ халқының рухани мұрасын, салт-дәстүрін және ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттауды, сондай-ақ ұлттық киімнің тарихи дамуы мен оның заманауи қоғамдағы символикалық мәнін талқылауды мақсат етеді.
Этнографтар ұлттық киімнің тарихы мен тағылымы туралы мазмұнды баяндамалар жасап, оның рухани және мәдени маңызын жан-жақты түсіндірді. Ал қолөнер шеберлері ұлттық киім үлгілерін таныстырып, олардың жасалу технологиясы мен ою-өрнек ерекшеліктерін көрсетті. Мектеп және жоғары оқу орындарының оқытушылары ұлттық киімнің тәрбиелік мәні мен қазіргі қоғамдағы орны туралы мазмұнды мағлұмат берді.
Іс-шара аясында музей қорынан алынған ұлттық киімнің бірегей үлгілері қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрме қазақтың ұлттық бай мұрасын, дәстүрлі киімнің ерекшеліктерін және оның көркемдік мазмұнын таныстырды.