
Бір сахнаның шеңберінен асқан үн
Опера өнеріндегі жол тек жарқын премьералар мен толассыз қошеметтен тұрмайды. Көрермен алдына әрбір шығудың артында тыңдаулар, байқаулар, жаңа партиялар және сахнада қалуға лайық екеніңді үнемі дәлелдеу қажеттігі жатыр. «Астана Опера» солисі, тенор Нұрсұлтан Әнуарбек үшін осындай кезекті сын Сергей Лемешев атындағы жас опера әншілерінің халықаралық байқауы болды. Өнерпаз бұл додада үшінші жүлдені иеленді.
Алайда Тверьде алған марапат оның қарқынды дамып келе жатқан кәсіби жолындағы бір белес қана. Бүгінде жас әнші қазақстандық театрдағы жұмысын Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасындағы тағылымдамамен қатар алып жүр. Ол әлемдік күрделі репертуарды игеріп, халықаралық сахнаға болашағынан үміт күттіретін дебютант ретінде ғана емес, елеулі орындаушылық тәжірибе жинақтаған өнерпаз ретінде қадам басып келеді.
Кемелдікті таразылаған байқау
Байқауға Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, Гватемала, Боливия, Өзбекстан және Беларусь елдерінен 150-ден астам вокалист қатысты. Олардың қатарында консерватория студенттері мен түлектері, музыкалық театрлар мен филармониялардың солистері, сондай-ақ әлемнің жетекші опера сахналарында өнер көрсетіп жүрген әншілер болды.
Нұрсұлтан Әнуарбек үшін бұл байқау дауысының техникалық мүмкіндігін ғана емес, репертуарының ауқымын да танытуға мүмкіндік берді. Бағдарлама Шарль Гуноның лирикалық шығармасы мен қазақ романстарынан бастап, Верди, Рахманинов және Пуччини туындыларына дейін біртіндеп күрделене түсті.
Бірінші кезеңде тенор Гуноның «Фауст» операсындағы Фауст каватинасын орындады. Байқау талаптарының бірі – ана тіліндегі шығарманы ұсыну еді. Осыған орай қазақстандық әнші Мұқан Төлебаевтың Абай Құнанбайұлының өлеңіне жазылған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романсын таңдады.
Бұл таңдау ұлттық вокал музыкасын еуропалық классикамен қатар ұсынуға мүмкіндік берді. Қазақ шығармасы жеке этнографиялық нөмір ретінде емес, академиялық репертуардың толыққанды бөлігі ретінде орындалды.
Екінші кезеңде Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсындағы Герцог ариясы, Петр Чайковскийдің «Хотел бы в единое слово…» романсы және Сергей Рахманиновтың «Алеко» операсындағы Жас сыған романсы шырқалды. Финалда Нұрсұлтан Әнуарбек Джакомо Пуччинидің «Богема» операсындағы Рудольф партиясын таңдады. Бұл – әлемдік опера өнеріндегі тенорларға арналған ең танымал әрі жауапты рөлдердің бірі.
Алғашқы кезеңдер фортепианоның сүйемелдеуімен өтсе, финалистер Тверь филармониясының симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетті. Мұндай ауысым дыбыстың ауқымын ғана өзгертпейді. Әнші бірден жаңа жағдайға бейімделіп, оркестрді ести білуі, дауыс еркіндігін сақтауы және сонымен қатар арияның драматургиялық желісін жоғалтпауы керек.
Толқу кәсіби жолдың бір бөлігіне айналғанда
Ірі сахналарда тұрақты өнер көрсету де әншіні байқау алдындағы толқудан толық арылта алмайды. Нұрсұлтан Әнуарбектің айтуынша, қазылар алқасында белгілі дирижерлер мен вокал өнерінің майталмандарының отыруы әрбір орындауға айрықша жауапкершілік жүктейді.
«Қазақстан мен “Астана Опера” театрының атынан қатыса отырып, отандық вокал мектебінің деңгейін көрсетуге тырыстым. Үлкен сахналарда өнер көрсету тәжірибем болғанымен, сахнаға шығар алдында толқыдым. Бұл – табиғи жағдай. Өйткені әрбір детальді қалт жібермейтін беделді мамандар бағалайды. Олар байқау қатысушысынан болашақ жобаларына лайық орындаушыны да көре алады», – дейді әнші.
Жас вокалист үшін байқау жүлделі орын үшін тартыс қана емес. Бұл – дирижерлердің, театрлар мен халықаралық агенттердің назарына ілігудің мүмкіндігі. Кейде маңызды кәсіби байланыс жеңістен кейін емес, бір шығарманы дәл әрі нанымды орындаған сәтте орнайды.
Байқау қорытындысында әріптестері мен қазылар алқасының мүшелері тенордың кәсіби дайындығы мен қазақстандық вокал мектебінің деңгейін атап өтті. Өнерпаз үшін мұндай баға алған жүлдеден кем түспейтін маңызды нәтиже болды.
Астанадағы академиядан Үлкен театр сахнасына дейін
Нұрсұлтан Әнуарбектің кәсіби негізі Astana Opera халықаралық опера академиясында қаланды. Кейін ол қатаң іріктеуден өтіп, Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасына қабылданды. Мұнда әнші әлемдегі ең талапшыл театр жүйелерінің бірінде шеберлігін шыңдауды жалғастырды.
Сегіз айлық тағылымдама барысында ол жиырмадан астам спектакль мен концертке қатысты. Оның сахналық қоржыны Петр Чайковскийдің «Иоланта», Сергей Прокофьевтің «Соғыс және бейбітшілік», «Нағыз адам туралы хикая» және «Отты періште», Моцарттың «Сиқырлы флейта», Рихард Вагнердің «Парсифаль» операларымен толықты.
Рихард Штраустың «Саломея» операсында Үлкен театрдың тарихи сахнасында алғаш өнер көрсетуі әншінің шығармашылық жолында ерекше орын алды. Кейін тенор Моцарттың «Әйелдердің бәрі осылай істейді» операсындағы Феррандо партиясын орындады. Музыкалық тілі сырттай жеңіл көрінгенімен, бұл рөл әншіден дәлдікті, икемділікті және ансамбльді терең сезінуді талап етеді.
«Бағдарлама өте қарқынды. Әр спектакль вокалдық және актерлік тұрғыдан жаңаша дайындықты қажет етеді. Феррандо партиясымен жұмыс істеу мен үшін ерекше маңызды болды. Бұл рөл Моцарт стилін тереңірек түсінуге және толыққанды партияны орындаудың жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік берді», – дейді өнерпаз.
Валерий Гергиевтің жетекшілігімен өнер көрсету де әнші үшін айрықша тәжірибе болды. Белгілі дирижермен жұмыс вокалистен жақсы дайындалған дауысты ғана емес, сахнада шұғыл шешім қабылдай білуді талап етеді. Музыкалық тұжырым репетиция үстінде өзгеруі мүмкін, сондықтан орындаушы спектакльдің жалпы драматургиясына бірден ілесуге дайын болуы қажет.
Марапаттар жиынтығы емес, жаңа мүмкіндіктер
Лемешев атындағы байқаудағы жүлде Нұрсұлтан Әнуарбектің жетістіктер қатарын толықтырды. Алайда оның мәні байқау дипломымен ғана шектелмейді. Бұл марапат жинақталған тәжірибенің біртіндеп дербес орындаушылық қолтаңбаға айнала бастағанын көрсетеді.
Бүгінде оның репертуарында қазақ вокалдық лирикасы, итальян операсы, Моцарт, Прокофьев, Вагнер және Штраус музыкасы қатар тоғысады. Әрбір жаңа шығарма әншіден дыбыс шығару тәсілін, кейіпкер тілін және спектакльдегі өз орнын қайта іздеуді талап етеді.
Сондықтан халықаралық байқау шығармашылық жолдың шарықтау шегі емес, таңдаған бағытыңның дұрыстығын тексеретін сынаққа айналады. Ол әншінің жаңа партияларға, театрлар мен тыңдармандарға қарай әрі қарай қадам басуға қаншалықты дайын екенін көрсетеді.
Нұрсұлтан Әнуарбектің шығармашылық жолы әлдеқашан бір сахнаның шеңберінен асып шықты. Дегенмен Қазақстанмен және «Астана Опера» театрымен байланыс оның өнер жолының маңызды бөлігі болып қала береді. Қай жерде өнер көрсетсе де, әншінің үнімен бірге өзі қалыптасқан вокал мектебінің де үні естіледі.