
Бәрі шебердің білігін сынағандай бір сауалдан басталды. Жұп-жұқа балық терісі кере тартқанға шыдап, қобызды сөйлете ала ма?
Нұрсұлтан Қалиев мұны шағын үлгіде де, сәндік бұйымда да сынап көруді жөн көрмеді. Ол қазақтың ең көне музыкалық аспаптарының бірі – қобызды таңдады.
Осылайша шанағының төменгі бөлігі жайын терісімен қапталған аспап дүниеге келді.
Бір қарағанда мұндай шешім тосын көрінеді. Алайда тіршілігі ғасырлар бойы өзенмен, Каспиймен, балықшылықпен астасқан Атырау үшін мұның өз қисыны бар. Қалиев аспаптан ұлттық қолөнердің белгілерімен қатар, өзі жасалған өлкенің де болмысы сезілгенін қалады.
Жұмысқа бір жылға жуық уақыт кетті.
Ең қиыны теріні дайындау болды. Оны тазалап, бүлдірмей сақтап, кептіріп, жұқа табиғи материал кергенде жыртылмайтындай етіп өңдеу керек еді. Шебердің қолында дайын технология жоқ болатын. Сондықтан әртүрлі тәсілді сынап, өңдеу жолын өзі табуға тура келді.
«Балық терісінің қаншалықты берік болатынын сынап көргім келді. Жыртылмай, ұзақ сақталуы үшін оны тұздау, кептіру, өңдеу тәсілдерін зерттедім. Түсін сақтау да маңызды еді. Бұл жұмыс көп уақыт пен ізденісті қажет етті», – дейді Нұрсұлтан.
Жайын терісінің қасиеті шеберді ерекше қызықтырды. Жұқа болғанымен, дұрыс өңдесе, берік келеді. Оның табиғи бедерін жасыру емес, керісінше, аспаптың көркем бейнесімен ұштастыру маңызды еді.
Тіпті қобыздың пішінін де су әлемімен байланыстыруға тырысты: оның сұлбасы балық пен уылдырықты еске түсіруге тиіс болатын.
Ізденіс пен өлке болмысы осылайша бір бұйымның бойында тоғысты.
Бірақ музыкалық аспаптың сыртқы көркі – істің жартысы ғана. Қобыз дайын болғанда, ең басты сауал туды: оның үні қандай болар екен?
Нұрсұлтан аспапты кәсіби орындаушыларға тартып көруге берді.
Естіген пікірі өзін де таңғалдырды.
Қобызшылар үнінің жұмсақ әрі терең екенін атап өтті. Басқа терімен қапталған аспаптарға қарағанда, бұл қобыздың дыбысы құлаққа жұмсағырақ естілді.
«Бір танымал қобызшы аспаптың үнін алғаш естігенде-ақ: „Ішкі үні сезіліп тұр“, – деді. Оның айтуынша, дыбысы жұмсақ әрі терең шыққан», – деп еске алады шебер.
Бұл жай ғана сирек кездесетін қолөнер бұйымы емес екені осы тұста анықталды.
Жайын терісі үйреншікті материалдың орнын басқан сәндік бөлшек қана емес, аспаптың үнін қалыптастыратын материал болып шықты.
Бұл Қалиевтің өзі үшін әсіресе маңызды. Ол дәстүрлі бұйымды жұртты таңғалдыру үшін ғана өзгеше етіп жасауға ұмтылмайды. Оның ізденісі көбіне материалдан – ағаштан, металдан, теріден басталады. Шебер сол материалдың қандай хикаяны жеткізе алатынын түсінуге тырысады.
Ол көп жылдан бері осылай жұмыс істеп келеді.
Нұрсұлтан Атырауда өсіп, бала кезінен өз қолымен бұйым жасауға дағдыланған. Ағаш өңдеу, ою, тегістеу, металмен жұмыс істеу әуелгі әуестіктен бірте-бірте өзіндік көркемдік мәнерге ұласты. Кейін ұлттық музыкалық аспаптар жасай бастады.
Ағаш бұйымдардың көбін Қалиев жергілікті қарағаштан жасайды. Оны ағаштың беріктігі, табиғи түсі және уақыт өте қалай өзгеретіні қызықтырады.
Кейде жаңа туындының идеясы өзге біреу тастай салар заттан туады.
Бірде ағаш дайындап жүріп, шебер ескі есік топсасын тауып алады. Металды ағаштан ажыратпай, табылған затты сол күйінде сақтап, соның негізінде жаңа композиция жасайды. Ағаш тамырлары ескі металл бөлшекті орай өскендей болып, кездейсоқ табылған зат көне жәдігерге ұқсап шығады.
Өз алдына бір тарихы бардай көрінетін бұйымдарға осындай құштарлық бірте-бірте Қалиевтің қолтаңбасын айқындайтын ерекшеліктердің біріне айналды.
«Тарихи бұйымдарға ұқсас дүниелер жасағанды ұнатамын. Жерден жаңа ғана қазып алғандай көрінетін заттар жасағым келеді», – дейді ол.
Осы қызығушылық шеберді тағы бір маңызды тақырыпқа – Сарайшыққа жетелейді.
Қазіргі Атырау маңындағы көне қала ол үшін археологиялық ескерткіш қана емес. Қалиев алдағы жұмыстарында оның тарихы мен келбетін арқау етіп, бойынан өткен дәуірдің лебі сезілетін заманауи бұйымдар жасағысы келеді.
Мұны өзінше кері бағыттағы археология деуге болады.
Археолог жер астынан зат тауып, сол арқылы өткен дәуірдің бейнесін қалпына келтіруге тырысады. Ал Нұрсұлтан керісінше әрекет етеді: қазіргі материалдан уақыттың табы сезілетін бұйым жасауға ұмтылады.
Жайын терісімен қапталған қобыз да осы ұстанымға сай келеді.
Бұл тарихи аспаптың көшірмесі де, көне үлгіні қалпына келтіру талпынысы да емес. Мұнда дәстүрлі пішін Атырау өңірінің суы, балығы мен табиғаты туралы өзге бір хикая айтатын материалмен ұштасады.
Шебер бір тәжірибемен шектелмек емес. Алдағы уақытта өңірдегі өзге де ірі балықтардың терісін пайдаланып, әр материалдың музыкалық аспап үніне қалай әсер ететінін байқап көргісі келеді.
Бұл ізденіс дәстүрдің табиғаты туралы қызықты сауал туғызады.
Қолөнерді бізге жеткен қалпында ғана сақтау керек пе? Әлде оның негізін жетік білетін шебер тың тәжірибелер жасап отырғанда ғана дәстүр өміршең бола ма?
Нұрсұлтан Қалиев бұл сауалға өз жұмысымен жауап беріп жүргендей.
Ол сан ғасырлық тарихы бар қобызды танымастай өзгертуге ұмтылмайды. Бір ғана бөлшегін өзгертеді. Шанаққа керілетін жарғақтың материалын ауыстырады.
Содан соң үнінің қалай өзгергенін тыңдайды.
Осылайша аспаптың көне үніне бүгінгі Каспий жағасында туған жаңа бір сарын қосылады.