
2026 жылғы 1 тамызда Бейжің қаласында (Қытай Халық Республикасы) XV «Удао шицзе» (舞蹈世界, «Би әлемі») халықаралық би байқауы өтті. Байқауға әлемнің әртүрлі елдерінен келген дарынды бишілер қатысты.
Байқаудың ең жоғары марапаты – Супер Гран-приді Қазақ ұлттық хореография академиясының хореография факультетінің студенті Актілек Мұхтарқызы иеленді.
Байқауға әлемнің түрлі мемлекеттерінен 120 қатысушы өнер көрсетті. Халықаралық қазылар алқасының шешімімен Актілек 9,86 балл жинап, конкурс бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізді және бас жүлдені жеңіп алды.
Байқау сахнасында Актілек Рүстем Бейсенұлының музыкасына жазылған «Сезім толқыны» хореографиялық композициясын орындады. Қойылымның авторы – Қазақ ұлттық хореография академиясының докторанты Гауһар Исмағұлова. Композиция көркемдік тереңдігімен, өзіндік хореографиялық шешімімен және жоғары орындаушылық шеберлігімен халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Актілек Мұхтарқызының бұл жеңісі Қазақ ұлттық хореография академиясы студенттерінің кәсіби даярлығының жоғары деңгейін және қазақстандық хореография мектебінің халықаралық аренадағы беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Хореография факультеті, Актілек Мұхтарқызын және хореограф-қоюшы Гауһар Исмағұлованы жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Оларға шығармашылық шабыт, толағай табыс және әлемдік сахналарда жаңа белестерді бағындыруына тілектеспіз!