Шаштан өрілген өрнек: Ксения Володина брейдингті өнерге қалай айналдырды

Шаштан өрілген өрнек: Ксения Володина брейдингті өнерге қалай айналдырды

Бәрі суреттен басталады.

Сызықтар бірде түйісіп, бірде алшақтап, иірімдер мен симметриялы өрнектерге ұласады. Бұл кезде Ксения Володинаның алдында модель әлі жоқ, болашақ шаш үлгісі тек қағаз бетінде ғана. Содан соң қағаздағы нобайды жаттығуға арналған манекенде жасап көреді. Шашты өзі ойластырған өрнекке келтіруге бола ма – шебер соны тексереді. Ең күрделі кезең содан кейін ғана басталады. Ол қағаздағы суретті модельдің шашынан көлемді композиция етіп жасап шығу.

Атыраулық шаш өру шеберінің ең танымал жұмыстарының бірі осылай дүниеге келді. Бұл – Томирис патшайымның бейнесі мен қазақ ою-өрнегін арқау еткен туынды. 2026 жылы ол халықаралық One Shot Hair Awards сыйлығының Intricate Braids & Twists аталымында үздік бес жұмыстың қатарына енді.

Бұл аталымда әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген жұмыс бақ сынады. Өрімнің күрделілігімен қатар көркемдік идеясы, композициялық шешімі мен орындалу шеберлігі де бағаланды.

Бұл жетістіктің Ксения үшін мәні ерекше еді.

«Атыраулық шаш өру шебері ретінде үздік бес маманның қатарына енемін деп ойламаппын. Тегіммен қатар Қазақстанның аты аталғаны – мен үшін ең үлкен мақтаныш», – дейді ол.

Дегенмен жетістіктің өзінен гөрі туындының дүниеге келу тарихы қызығырақ.

Ұлттық нақышты шаш өруде қолдану ойы күтпеген жерден келген. Ксения қазақ ою-өрнектері бейнеленген балаларға арналған боямақ кітапшаны қарап отырып: «Өрнекті қағазға салмай, матаға кестелемей, ағаштан оймай, шаштан өріп көрсем қайтеді?» – деп ойлайды.

Сөйтіп, көзге таныс ою-өрнек мүлде тосын материалдан өріле бастады.

Дәстүрлі ою-өрнекте ырғақтың, қайталанудың, симметрия мен сызықтар жатықтығының маңызы зор. Шаш өру өнері – брейдинг те көбіне осы заңдылықтарға сүйенеді. Тек мұнда жіп не киіздің орнына адам шашы пайдаланылады. Өрнек те жазық бетке салынбай, бастың пішініне икемделеді.

Мұнда суретті жай ғана үлкейтіп, сол қалпында қайталап шығу жеткіліксіз.

Әр адамның шашының құрылымы, бітісі, басының пішіні әртүрлі. Манекенде мінсіз шыққан үлгіні модельге жасағанда, мүлде басқа шешім іздеуге тура келуі мүмкін.

Сондықтан кейбір шешімдер тікелей жұмыс барысында табылады.

Ал кейде бұл жұмыс бір тәулікке жуық созылады.

Сочиде өткен Георгий Кот атындағы әлем чемпионатында Ксенияға байқау жұмысын бастан-аяқ жарыс алаңында жасауға алғаш рет тура келді. Оған дейін көптеген жарыс онлайн өтетін: шебер үйінде жұмыс істеп, кем-кетігін түзеп, дайын туындыны асықпай суретке түсіре алатын.

Сочиде мұндай мүмкіндік болған жоқ.

Шаш өру түнде де жалғасты, ал таңертең дайын жұмысты қазылар алқасына ұсыну қажет еді. Кейбір композицияны жасауға 16 сағаттай уақыт кетті. Үш аталымға бірдей қатысқан Ксения жарыс кезінде бірнеше тәулік бойы жөнді ұйықтамағанын еске алады.

Мұны үйреншікті шаш сәндеу жұмысы деу қиын.

Байқауға арналған брейдингте шаштараз шеберлігі, дизайн мен сәндік өнер ұштасады. Суретші сызық пен түстен композиция түзсе, мұнда шаш пішін сомдайтын материалға айналады.

Ксенияның өзі жұмысының осы екі бағытын анық ажыратады.

Клиенттің шашын өруге 40 минут не бір сағаттай уақыт кетуі мүмкін. Мұнда шаш үлгісінің ыңғайлы болуы, жұмыстың ұқыпты орындалуы және адамның қалауы маңызды. Ал байқауға арналған композиция мүлде басқа сауалдан басталады: шаш арқылы қандай ойды жеткізуге болады?

Бұл сауалдың жауабын кейде бірнеше күн бойы іздеуге тура келеді. Ал кейбір бейнелерді жасаудың техникалық шешімін тапқанша, шебер оларды жылдар бойы ойында пісіріп жүреді.

«Жаныма бәрінен жақыны – шаш өру. Дәл осы бағытта бұдан да ерекше туындылар жасай алатынымды түсіндім», – дейді ол.

Ксения шаш өруге кәсіби чемпионаттарға қатысудан әлдеқайда бұрын әуестенген.

Ол Атырау облысының Құлсары қаласында дүниеге келген. Бала кезінен әуелі қуыршақтарының, кейін өзінің шашын әртүрлі үлгіде сәндеп көргенді ұнатқан. Жасөспірім шағында басқа қыздардың да шашын өре бастаған. Кейін шаштараз-модельер мамандығын алып, түрлі бағытта жұмыс істеп көргенімен, бірте-бірте шаш өруді негізгі кәсібіне айналдырды. Ал бұл бағытты кәсіби тұрғыдан дамытуға едәуір кейін – 2020 жылдардың басында кіріскен. Әуелі клиенттермен жұмыс істеді, кейін өзге шеберлерді оқытып, алғашқы жарыстарға қатыса бастады.

Байқаулар оның өз кәсібіне деген көзқарасын да едәуір өзгертті. Салондағы жұмыс шебердің тәжірибесін молайтса, чемпионат әр жолы бұрын қолынан келмегенді үйренуді талап етеді. Бір композицияны жасағанда шаш өрудің жаңа түрін меңгеруге тура келсе, екіншісінде күрделі геометриялық пішіндерді құрастыруды үйренеді. Ал үшіншісі шаштараздан гөрі қоюшы-суретшідей ойлануға мәжбүрлейді: тақырып ойластырып, модель мен костюм таңдап, тұтас бейнені жасау қажет.

«Чемпионаттарда шеберлігіңді тез шыңдауға болады. Бұл – үлкен серпін», – дейді Ксения.

Бірнеше жылдың ішінде оның еңбегі Атыраудан тыс жерлерге де кеңінен танылды. «Томирис» бейнесі әуелі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері шеберлерінің жарыстарында танылып, кейін One Shot Hair Awards финалына шықты. Ксенияның жұмысы туралы материалдар жарияланғаннан кейін оған Қазақстанның өзге қалаларынан да, шетелден де хат жаза бастаған. Бірі оның өру тәсілін үйренгісі келсе, енді бірі бірлесіп жұмыс істеуді ұсынған. Бір қызығы, оның жұмысына жергілікті жұрттан гөрі шетелдегілер көбірек қызығушылық танытқан.

Атыраудың өзінде брейдинг әлі де сұранысы шектеулі қызмет түрі болып отыр. Сұраныс маусымға қарай өзгереді: клиенттердің көбі демалысқа шығар алдында немесе жазда келеді. Сондықтан байқаулар мен шығармашылық жобалар Ксенияға күнделікті тапсырыстармен шектелмей, кәсібін дамытуға мүмкіндік берді.

Осы тұста оның шығармашылығындағы тағы бір маңызды арна – ұлттық нақыш айқын көрінеді. Құстар тақырыбына арналған халықаралық чемпионаттардың бірінде ол шаштан Феникс бейнесін жасаған. Ал еркін тақырыптағы аталымда қазақ ою-өрнегін ұсынуды жөн көрген. Өйткені, өзінің айтуынша, Қазақстаннан халықаралық жарысқа барғанда, еліңе тән дүниені көрсеткің келеді.

Бұл ой бірте-бірте оның шығармашылық қолтаңбасының бір қырына айналып келеді. Ол ұлттық киімді сол қалпында қайталауды көздемейді. Дайын шаш үлгісіне әшекей не ою қоса салумен де шектелмейді. Шаштан жасалған композицияның өзін ұлттық өрнектің заңдылықтарына сүйеніп құруға ұмтылады.

Сөйтіп, шаш заманауи сәндік өнердің тосын бір материалына айналады. Бір кездері ою-өрнек киізден матаға, ағаштан металға, тұрмыстық бұйымдардан сәулетке көшкен еді. Бүгінде ол сән әлемінде, графикалық дизайнда да көрініс табады, тіпті жүздеген жіңішке бұрымнан да өріле алады.

Ксенияның ендігі мақсаты – дизайнерлермен бірлесіп жұмыс істеу. Ол сән көрсетілімдері үшін киім, әшекей, макияж бен шаш үлгісі өзара үйлесіп, ортақ ойды жеткізетін тұтас бейнелер жасауды қалайды. Оны әсіресе ұлттық болмысты танытатын жобалар қызықтырады.

Бір кезде шашты әдемі өруді үйренсем деген қарапайым ниеттен басталған іс осылайша шаштараз кәсібінің аясынан асып, кең өріске шығып келеді.

Шебердің қолында бұрым сызыққа айналады. Сызықтан өрнек туады. Өрнек көлемді композицияға ұласады. Оның ең күрделі жұмыстарына бірнеше сағат, кейде тіпті он алты сағат жұмсалатыны да содан болар.

Өйткені шебердің сомдап жатқаны – жай ғана шаш үлгісі емес.


97
04.10.2026