Рубрика: Классика және заманауи
Атауы: Өте сирек кездесетін аспап: Бағдат Әбілханов Гварнери скрипкасы туралы
Авторы: Мадина Алданова
«Страдивари мен Гварнери скрипкалары дыбыс үнінің күміс реңімен ерекшеленеді. Бұл өте күшті тембрге ие аспаптар. Страдивариде бәрі толығымен дайын, бұл не сұрасаң да бәрін беретін машина. Ал Гварнери скрипкасында тырысып көру керек. Менің ойымша, бұл ерлерге арналған аспап, онда еркектік күш керек. Дыбыстау үшін жақсылап жабысу керек», - деді Бағдат Әбілханов.
Гварнери - ысқышты аспаптардың әйгілі итальяндық шеберлер отбасы. Бірде бір саудагер Николо Паганиниге ол кезде аса танымал емес шебердің скрипкасын сатып алуды ұсынды - Джузеппе Гварнеридікін. Ұлы музыкант Гварнери скрипкасына ғашық болып, оны дыбысының жойқын күші үшін «Зеңбірек» деп атады және туған қаласы Генуяға мұра етті. Осылайша, Николо Паганини Гварнери есімін танымал етуде үлкен рөл атқарды. Орындаушылық тарихына жүгінсек, Крейслер, Хейфец, Стерн, Коган және Мильштейн сияқты ұлы скрипкашылар Гварнери отбасының скрипкасында ойнағанды ұнатқан.
«Әрбір оркестрде мұндай бірегей аспаптар бола бермейді. Бұл үлкен сирек кездесетін жағдай, шын мәнінде. Біздің оркестр үшін осындай аспаптарға ие болуымыз үлкен бақыт және жетістік деп ойлаймын. Кез келген сапалы аспап оркестрдің жалпы дыбысына пайдалы әсер етеді», - деп атап өтті «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин.
Қазақстанға Гварнери скрипкасы соғыстан кейінгі жылдары түсті. Екінші дүниежүзілік соғыс майданынан оралған сарбаздар өздерімен бірге бай тарихы бар құнды олжаларды әкелді. Бастапқыда скрипка Мәскеудегі бірегей музыкалық аспаптардың мемлекеттік коллекциясының қорына кірді. Жылдар өткен соң кейбір сирек даналарды одақтас республикаларға жіберді.
«Мен оны 1997 жылдан 2002 жылға дейін Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартетінің құрамында болған кезімде ойнадым. Ол кезде маған аспапты біздің әйгілі сарапшы, мемлекеттік коллекцияның директоры Болат Тілеуханұлы Қапеу берді. Кейін мен оны 2014 жылы біздің министрлігіміз бен «Астана Опера» театрының арқасында қайта алдым. Міне, он жылдан астам уақыт өтті. Мен оған жан-тәніммен жабысып қалдым! Скрипка Қазақстанның Мемлекеттік коллекциясына тиесілі, бұл біздің музейлік экспонат. Жыл сайын келісімшарт ұзартылып, Гварнеридің жүрек тебірентер дыбысымен көпшілікті қуанту үшін жалға беріледі», - деп түсіндірді Бағдат Әбілханов.
Бай тарихы бар аспап тәртіпке, ерте тұруға және ойынды үнемі жетілдіруге үйретеді, дейді Бағдат Әбілханов. Төрт ғасырға жуықтаған раритет өте нәзік. Оны күту және бақылау оңай емес.
«Егер біз, мысалы, Еуропада тұрсақ, аспапты жөндеу құнының 10-20% құрайды. Елестетіп көріңізші, егер аспап бір миллион еуро тұрса, онда жөндеуге 200 мың беру өте қиын. Және мұнда шеберлерге бәріне бірдей сене бермейсің», - деп атап өтті Бағдат Әбілханов.
Гварнери скрипкасы үшін Бағдат Әбілханов өз баласындай уайымдайды. Кейде көне аспапта жарықтар пайда болады немесе декасы ажырап кетеді. Сүйікті скрипкасына көмектесу тілегі музыкантты қалпына келтіру дағдыларын игеруге итермеледі. Алғашқы сабақтарды ол 12 жыл бұрын Мәскеуде жақын досы Василий Вяткиннен алған. Вяткин көптеген жылдар бойы Ресейдің бірегей музыкалық аспаптар мемлекеттік коллекциясының реставраторы болып табылады және Гварнери мен Страдиваридің көптеген скрипкаларының жағдайын қадағалайды.
«Мен оның кабинетіне келіп, былай дедім: тыңдашы, Василий, маған аздап бір нәрсе істеуді - өз аспабымды ретке келтіруді үйретші. Қолымдағы аспап өте қымбат, оны өзім қадағалаймын. Маған қолөнер қызық”. Ол маған контрабастан бастап скрипкаларға дейін ысқыштарға шаш қоюды үйретті. Содан кейін мен бірте-бірте қалпына келтіруге кірістім», - деді Бағдат Әбілханов.
Қазір танымал музыкант қалпына келтірумен белсенді түрде айналысады, бұл үшін сирек кездесетін материалдарды табады. Ұзақ сағаттық сабақтардан кейін скрипкада ойнаудан үзіліс жасап, демалып, ол аспаптың ішіне үңіледі. Қалпына келтіру оның жай ғана хоббиі емес, жаңа кәсібіне айналды. Ол «Астана Опера» театрының ішекті аспаптарын «емдеуге» қуанышты. Өткен жылы шебер итальяндық Кремона қаласында өз біліктілігін арттырды.
«Жазда мен аспаптарды қалпына келтіру және жасау бойынша бір айлық курстарға қатыстым. Мен әйгілі шеберге бардым, оның есімі Мария Лука Гало. Егде жастағы адам, өте үлкен жұмыс тәжірибесі бар. 50 жылдан астам уақыт бойы аспаптар жасап келеді. Оған бүкіл Еуропа келеді. Америкадан да келеді. Одан аспаптарды 20-30 мың еуроға және одан да қымбатқа сатып алады. Оның тапсырыстары 5 жылға алдын ала жазылып қойған, аспаптарға ақы төленіп те қойған. Оқу қорытындысы бойынша мен жай ғана сертификат емес, нағыз аттестат алдым. Осы мүмкіндік үшін біздің театрға рахмет. Мені Кремонада жүрекке жақын қабылдап, жақсы көрді. Осы жазда да сол жаққа баруды жоспарлап отырмын», - деп жоспарымен бөлісті Бағдат Әбілханов.
Болашақта Бағдат Әбілханов қазақ халық аспаптарымен айналысып, скрипкалық білімін қобыз бен қыл-қобызды қалпына келтіру үшін пайдаланғысы келеді. 17 ғасырда Италияда жасалған Гварнери скрипкасының қазіргі Қазақстанның музыкалық мұрасына қалай әсер ететіні таңқаларлық.