Цикл шеңберіндегі алғашқы іс-шара 14 ақпанда К.Байсейітова атындағы Камералық залда өтетін опера труппасының жұлдызды солистерінің қатысуымен өтетін «Махаббат туралы бәрі» атты жарқын музыкалық кеш болмақ.
Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев пен Салтанат Ахметова, сондай-ақ Татьяна Вицинская, Расул Жармағамбетов, Рамзат Балакишиев және Артур Ғабдиев сынды танымал қазақстандық вокалистер өнер көрсетеді. Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Долорес Үмбеталиева, Жаңыл Сембекова орындайды. Классикалық жанр шеберлерінің нәзік интерпретациясында махаббаттың мәңгілік тақырыбына арналған танымал опералық ариялар, романстар мен әндер шырқалады.
«Мәңгілік құндылықтарды жасаушылар» камералық концерттер циклі тыңдаушыларды әлемдік музыкалық мәдениеттің үздік үлгілерімен таныстыруға шақырады, олардың қатарында отандық және шетелдік көрнекті композиторлардың танымал, сондай-ақ сирек орындалатын шығармалары бар. Өнер сүйер қауым ұлы классиктер шығармашылығының жаңа қырларын біліп, көп әсер алады. Қыс аяқталуға жақын, барлығы гүлденіп, көктемнің жақындағанын сезгім келеді, осы уақытта керемет сезімдерді, махаббатты, мейірімділікті, жақсы көңіл-күйді сыйлау қажеттілігін сезінесің, біз осы кеште жасауға тырысамыз, оған барлық тұрғындар мен астана қонақтарын шақырамыз», - деп атап өтті «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және танымал әнші-баритон Талғат Мұсабаев.
«Махаббат туралы бәрінен» бөлек, К.Байсейітова атындағы Камералық залының ақпан айындағы бағдарламасында Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» атты ұшқыр комедиялық операсы ұсынылатынын атап өткен жөн. Керемет спектакль 19 және 20 ақпанда «Piccolo» театрының танымал жобасы аясында өтеді.
Опера солистері, оркестр, хор және «Астана Опера» мимансы осы күндері «Құрмет» орденінің иегері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Көрнекті итальян композиторының опералық туындысының кейіпкерлерінің бейнесін театрдың жарқын солистері дайындауда. Мәселен, Дон Паскуаленің басты партиясында Шыңғыс Расылхан, Ержан Саипов сахнаға шығады, Норинаны Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Либуше Санторисова (Чехия) орындайды, Эрнесто рөлін Артур Ғабдиев, Әлихан Зейнолла, Доктор Малатестаны – Расул Жармағамбетов, Сұлтан Бақытжан, Карлитоны – Рамзат Балакишиев, Талғат Аллабиринов сомдайды.
Жас көрермендер де назардан тыс қалмайды: 15 ақпанда Камералық залда «Театрға саяхат» циклінен балаларға арналған «Музыка сурет салады және әңгімелейді» концерті өтеді. Балалар композитор-классиктердің туындыларында бейнеленген көркем образдарды бейнелеу үшін аспаптардың мүмкіндіктері туралы біледі. Музыкалық бояулар палитрасын визуалды қатар сүйемелдейтін болады – құм суреттері мен ұлы суретшілердің картиналары экранда концерттік нөмірлерді көрсетеді. Балалар аудиториясын опера солистері, аспапшылар және «Астана Опера» камералық оркестрі өз өнерлерімен қуантады, оның дирижерлік пультіне маэстро Руслан Баймурзин тұрады.