
Наурызнаманың онкүндігі аясында атап өтілетін Ұлттық спорт күні – қазақ халқының тарихы мен рухани мәдениетін дәріптейтін маңызды уақыт. Әлемдік тәжірибеде ұлттық спорт түрлері мәдениетті сақтаудың және туризмді дамытудың маңызды құралы. Мысалы, Жапонияда сумо спорттық әрі тәрбиелік мәнімен бірге ұлттық мәдениетті дәріптейді. Қазақстанда құсбегілік, көкпар, қазақша күрес сынды дәстүрлі спорт түрлері ұлттық мәдениет пен рухани мұраны жаңғыртып, жастардың бойында патриоттық сана қалыптастыруға септігін тигізеді.
Құсбегілік – қазақ халқының ежелден келе жатқан асыл дәстүрі әрі ұлттық мәдениетінің сабақтас бөлігі. Бұл өнер арқылы адам шыдамдылықты, батылдықты, табиғатқа деген құрметті бойына сіңіреді.
Қазақ құсбегілігінің әлемге танылған өкілі Айшолпан Нұрғайыпқызымен әңгімелесіп, құсбегілік өнерінің мәні, жастарға арналған кеңестері және ұлттық дәстүрді сақтаудың маңызы туралы пікірін білдік.
– Айшолпан Нұрғайыпқызы, әңгімені өзіңізден бастасақ. Құсбегілікке қалай келдіңіз?
– Мен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы Алтынцөгц ауылында дүниеге келіп, қарапайым ауылдың тыныс-тіршілігімен өстім. Отбасымызда төрт баламыз – екі ұл, екі қыз. Мен – солардың екіншісімін.
Құсбегілік – біздің әулетіміз үшін жай ғана кәсіп немесе әуестік емес, атадан балаға аманат болып келе жатқан қасиетті дәстүр. Жеті атамыздан бері үзілмей жалғасып келе келеді. Атам да атақты құсбегі болған, әкем мен ағам да осы өнердің қадірін біліп, бүркіт баптап жүрген жандар. Мен де сол ортада, бүркіттің қырағы жанарын, қалықтаған қанатын көріп өстім.
Бала кезімнен құсбегілердің қасында жүріп, олардың еңбегін, сабырын, құсқа деген ерекше құрметін көріп, бойыма сіңірдім. Сол себепті уақыт өте келе бұл өнерге деген қызығушылығым оянып, құсбегілік жолына қадам басуға бел будым.
Бұл өнер қазақ халқының өте көне әрі ерекше дәстүрі. Ол тек аңшылық емес, ата-бабадан қалған рухани мұра, ұлттық мәдениетіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан осы өнерді сақтап, оны жастарға жеткізу мен үшін үлкен жауапкершілік.
– Бұл өнердің қазақ мәдениеті мен ұлттық спорт жүйесіндегі орны қандай деп ойлайсыз?
– Құсбегілік қазақ мәдениеті мен ұлттық спортында өз даралығымен бағалы. Адамды шыдамдылыққа, батылдыққа, табиғатпен үйлесімде өмір сүруге үйретеді. Ұлттық дәстүрімізді жалғастырады.
– Құсбегінің бойында қандай қасиеттер болуы керек?
– Менің ойымша, ең алдымен сабырлы, төзімді және мейірімді болуы маңызды. Үлкен жауапкершілікті, нәзік сезімді, құсқа деген сүйіспеншілік пен құрметті қажет етеді. Құсбегі әр әрекетінде мұқият болуы керек. Бүркіттің мінезін түсініп, оның сенімін ақтауы тиіс. Батылдық та, зейін мен табандылық та осы өнердің ажырамас қасиеттері.
– Есіміңіз Гиннестің рекордтар кітабына енгені белгілі. Бұл жетістіктің сіз үшін мәні неде?
– Бұл жетістікке мен көп жылдық еңбектің арқасында жеттім. Бүркітті баптау мен жаттықтыру – шыдамдылық пен уақытты талап ететін күрделі процесс. Ең алдымен Алланың қалауымен, сондай-ақ ата-анамның, жақындарымның және бүкіл қазақ халқының қолдауымен мүмкін болды деп білемін. Сонымен бірге мен шет мемлекеттерде болып, 32 елді араладым. Сол елдерде түсірілген фильмдер қазақтың мәдениеті мен құсбегілік өнерін таныстыруға үлкен мүмкіндік берді. Бұл мен үшін тек жеке табыс емес, ұлттық дәстүрімізді әлемге паш етудің мақтанышы.
– Ұлттық спорт күні қарсаңында жастарға айтар тілегіңіз қандай? Бұл өнерді үйренгісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ұлттық спорт күні құтты болсын! Жастарға айтарым – біздің байырғы дәстүрлерімізді бағалап, оны жаңа ұрпаққа жеткізуге тырыссын. Құсбегілікке қызыққандарға мен төзімді болуды, тәжірибелі мамандардың тәлімін тыңдауды және құстың табиғи мінезін түсінуге күш салуды кеңес етемін. Ең бастысы – бұл өнерді жүрекпен, сүйіспеншілікпен қабылдап, табиғатпен үйлесімді өмір сүруді үйренгенде ғана оның мәні ашылады.