
Жеңіске әрдайым ең күрделі жұмыс жеткізе бермейді.
Astana AI Film Festival қарсаңында Мырзахан Жұмахан бір айға жуық уақытын ауқымды фильм жасауға арнап, түрлі технологияны сынап көрді. Өндіріске мың доллардан астам қаржы жұмсады. Ал содан кейін бір жарым аптада ит пен сәтсіз қалжың туралы әлдеқайда қарапайым комедия жасады.
Халықаралық жүлде дәл осы фильмге бұйырды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған өтінім түскен Astana AI Film Festival байқауында қазақстандық автордың «It Was Just a Joke» («Бұл жай ғана әзіл еді») фильмі «Үздік кейіпкер» (Best Character) аталымында жеңімпаз атанды. Қарапайым хикая сан алуан фантастикалық әлемнің, ауқымды декорациялар мен технологиялық тәжірибелердің арасынан ерекшеленіп шықты.
Бұл нәтиже автордың жеке жетістігі ретінде ғана қызық емес. Ол әлдеқайда ауқымды сауалға жетелейді. Жасанды интеллект күрделі бейнелерді жасауға арналған құралдарды біртіндеп көпшілікке қолжетімді етсе, фильмнің құндылығын не айқындайды?
Біз Мырзахан Жұмаханның жасанды интеллект көмегімен жасалатын жаңа кино туралы негізгі ойларын топтастырдық. Әңгіме идеяның құндылығы, режиссер рөлінің өзгеруі және технология қарқынды дамыған кезеңнен кейін көрерменнің шынайы адамды неге қайта іздеуі мүмкін екені жөнінде өрбиді.
– Байқауға мыңдаған жұмыс қатысты. Сіздіңше, қарапайымдау оқиға солардың арасынан қалай ерекшелене алды?
– Әуелде өзім де жұмысты күрделендіруге тырыстым. Адам жасанды интеллектті алғаш қолдана бастағанда, оның бар мүмкіндігін көрсеткісі келеді. Ғарыш, фантастикалық әлемдер, ауқымды көріністер, бұрын жасау қиын не қымбат болған дүниелер.
Мен де күрделі фильм жасадым. Бір айға жуық жұмыс істеп, мың доллардан астам қаржы жұмсадым.
Бірақ біртіндеп бір нәрсені түсіндім. Фестиваль қазылары өте көп жұмыс көруге тиіс. Ал авторлардың көбі оларды шамамен бір нәрсемен – фильмінің ауқымымен таңғалдыруға тырысады.
Сонда керісінше, қарапайым жолды таңдағым келді.
Көрерменді ауыр ойға салмайтын, жай ғана көңілін көтеретін қарапайым комедия жасауды ұйғардым. Басты кейіпкерлер – ит пен оның иесінің бауыры. Кәдімгі қалжың бірте-бірте үлкен жанжалға ұласады.
Дәл осы қарапайымдық фильмді ерекшелеуі мүмкін деп ойладым.
– Демек, жасанды интеллект құралдары дамыған сайын кинодағы басты сауал қайтадан «Айтар жақсы оқиғаң бар ма?» дегенге келіп тіреледі ғой?
– Меніңше, солай. Жасанды интеллект – құрал ғана.
Қарапайым мысал келтірейін. Адам қолына балта алса, балта ағашты өздігінен шаба жөнелмейді ғой. Бәрібір не істегісі келетінін білетін адам керек.
Жасанды интеллект те сол сияқты.
Әуелі өзімде идея туады. Кейін оны жасанды интеллектпен талқылаймын, фестиваль талаптарын көрсетемін, әртүрлі нұсқаларды қарастырамын. Бірін қабылдап, бірін алып тастаймын. Фильм осыдан кейін ғана біртіндеп қалыптасады.
Сондықтан енді түймені баса салсаң, жасанды интеллект шығарманы өзі-ақ жасап береді деген түсінікті дұрыс деп санамаймын.
Негізгі шығармашылық шешімдерді бәрібір адам қабылдайды.
– Фильміңіз жапон тілінде жасалған, ал өзіңіз бұл тілді білмейсіз. Неге дәл осы тілді таңдадыңыз?
– Технологияның автор мүмкіндігін қалай кеңейтетінін осыдан-ақ көруге болады.
Диалогтар мен сценарийді жасанды интеллекттің көмегімен әзірледім. Кейін мәтінді жапон тілін білетін адам тексерді.
Бірақ жапон тілін таңдауыма тек осы ғана себеп болған жоқ.
Жұмыс барысында өзім қолданған жасанды интеллект моделі кейбір көріністерді жапон ортасына бейімдегенде ерекше табиғи шығаратынын байқадым. Бейне де, кейіпкерлер мен олардың қимылы да нанымдырақ көрінді. Сондықтан технологияның осы ерекшелігін фильмнің пайдасына жаратуды жөн көрдім.
Бұрын тілдік кедергі автордың мүмкіндігін едәуір шектеуі мүмкін еді. Қазір автор бұрын өзі үшін қолжетімсіз болған мәдени және тілдік орталарда тәжірибе жасай алады.
Бірақ мұның жауапкершілігі де зор. Жасанды интеллект өзің білмейтін тілде мәтін жазуға көмектеседі. Алайда нәтижесін сол тілді шынымен меңгерген адаммен бірге міндетті түрде тексеру керек.
– Жасанды интеллект кино өндірісін ғана емес, елдер арасындағы бәсекені де өзгертеді дейсіз. Бұл неден байқалады?
– Күні кешеге дейін киноның ауқымы қаржыға тікелей тәуелді еді.
Үлкен фантастикалық қаланы, күрделі көпшілік көрінісін немесе экранда әсерлі көркем әлемді көрсеткің келсе, үлкен топ, техника мен қомақты бюджет қажет болатын.
Сондықтан киноөндірісі ірі елдердің артықшылығы айқын еді.
Қазір бұл алшақтық қысқара бастады.
Айталық, автор 500 не мың доллармен-ақ бейне сапасы өте жоғары бірнеше минуттық фильм жасай алады. Әрине, бұл қаржының маңызы мүлде жоғалды деген сөз емес. Бірақ оның рөлі өзгеріп жатыр.
Сонда алдыңғы орынға идея шығады.
Голливудтағыдай қаржысы жоқ Қазақстан мен басқа елдер үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Бұрын экрандағы бейненің сапасы жағынан бір деңгейде бәсекелесу аса қиын болса, енді технологиялық алшақтық азайып келеді.
Ендеше, бұдан былай «Қанша ақшаң бар?» дегеннен гөрі «Не айтқың келеді?» деген сауал жиі қойылатын болады.
– Бірақ технология жетіле берсе, актерлерге, операторларға, суретшілерге және басқа да шығармашылық мамандық иелеріне деген қажеттілік жоғалып кетпей ме?
– Кейбір мамандықтар шынымен қатты өзгеруі мүмкін. Мұны жоққа шығарудың мәні жоқ деп ойлаймын.
Қазірдің өзінде жасанды интеллект адамның қимылын, сезімін, сырт келбетін едәуір жақсы бере алады. Автордың қиялында ғана бар дүниелерді де жасайды. Бірнеше жылдан кейін сапасы одан әрі артады.
Бірақ осы тұста кері құбылыс та болуы мүмкін.
Айналамызда жасанды жолмен жасалған адам бейнелері, дауыстар мен суреттер көбейген сайын, тірі адамның қадірі арта түсуі ықтимал.
Бәлкім, технологиялық даму шарықтаған бір кезеңнен кейін көрермен табиғи сезімді, актердің шынайы ойынын, нақты адамның даралығын қайта іздей бастар.
Бүгін үйреншікті көрінетін нәрсе ертең сирек кездесетін дүниеге айналуы мүмкін.
Сонда шынайылықтың қадірі қайта артады.
– Яғни болашақты «адам мен жасанды интеллекттің қарсыластығы» деп қарамайсыз ғой?
– Мен үшін басты мәселе – адамның технологияны қалай қолданатыны.
Жасанды интеллект орасан мүмкіндік береді. Бірақ оның өзі жақсы нәтижеге кепіл бола алмайды.
Ең жақсы құралдар қолыңда болып тұрып та қызықсыз фильм жасауың мүмкін. Ал қарапайым идеяның өзін көрерменнің есінде қалатындай етіп ұсынуға болады.
Мұны өз тәжірибемде сезіндім. Техникалық жағынан ең күрделі жұмысым жүлде алған жоқ. Жеңіске қарапайым әрі өзіме жақын фильм жетті. Өйткені әзіл-қалжыңды, жеңіл оқиғаларды жақсы көремін.
Автор ретінде мен үшін де мұнда маңызды сабақ бар шығар: туындыны тек технологияның мүмкіндігін көрсету үшін ғана жасауға болмайды.
Ең алдымен бәрібір көрерменді ойлау керек.
– Осындай жеңістен кейін қандай фильм жасағыңыз келеді?
– Қазір хоррор жанрына қызығып жүрмін.
Бірақ фильмді адамды қорқыту үшін ғана түсіргім келмейді. Көрермен көргенінен кейін де біраз уақыт ойланып жүретін оқиға жасаған қызығырақ.
Келесі мақсатым – осы.
Алған жүлдемді өзімнің кәсіби тұрғыдан өсуіме де пайдаланғым келеді: тәжірибесі мол режиссерлерден үйреніп, жаңа білім алып, келесі жобаларыма қаржы салғым келеді.
Өйткені технология өте жылдам дамып жатыр. Автор да сонымен бірге өсуі керек.
– Бүгін өзін жасанды интеллект көмегімен кино жасауда сынап көргісі келетін адам үшін ең маңызды дағды қандай?
– Меніңше, ең алдымен жасанды интеллектті теория жүзінде зерттеумен шектелмей, оны қолдану керек.
Күнделікті өміріңдегі немесе кәсібіңдегі бір міндетті таңдап, соны жасанды интеллекттің көмегімен шешіп көр. Сонда технологияның қолынан не келетінін, қай жерде қателесетінін, онымен қалай дұрыс жұмыс істеу керегін әлдеқайда тез түсіне бастайсың.
Бірақ шығармашылықпен айналысатын адам үшін бұл жеткіліксіз.
Өз идеяңа сеніп, табандылық таныту керек. Сонымен бірге өз жұмысыңа сырт көзбен қарай білу де маңызды.
«Менің фильмім бірінші орын алуға тиіс» деген оймен шектелуге болмайды.
Өзге адамдардың не жасап жатқанын көріп, айналаңдағы адамдардың пікірін тыңдап, өзіңнің әлсіз тұстарыңды байқап, қайта жұмысқа кірісу қажет.
Меніңше, жақсы нәтиже осының бәрі тоғысқанда туады.
«It Was Just a Joke» фильмінің тарихы жаңа кинодағы осы қайшылықты айқын көрсетеді.
Жасанды интеллект күні кеше ғана түсіру тобы, декорациялар, актерлер, күрделі техника мен қомақты бюджет қажет болған дүниелерді жасай алады. Технологиялық мүмкіндіктер шынымен теңесе бастады.
Алайда құралдар қолжетімді болған сайын, технологияны меңгергеніңмен ғана көрерменді таңғалдыру қиындай береді.
Егер мыңдаған автор фантастикалық қаланы, ғарыш кемесін немесе өмірде болмайтын жаратылысты жасай алса, бәсекеде қайтадан генеративті модельдер пайда болмай тұрып-ақ бар болған дүниелер оздырады. Олар – идея, әзілді сезіне білу, өмірді бақылау, кейіпкердің мінезін түсіну және оқиғаны баяндай білу.
Бәлкім, халықаралық қазылар алқасының жасанды интеллектпен жасалған мыңдаған жұмыстың арасынан кең құлашты ғарыштық эпопеяны емес, ит пен бір сәтсіз қалжың туралы комедияны байқағаны да сондықтан шығар.
Технология өзгерді.
Бірақ көрерменге әлі де оқиға керек.