
Қазақтың дәстүрлі домбыра өнері бүгінгі цифрлық дәуірде тың тыныс алып, жаңа аудиториямен қауышып келеді. Осы үдерістің алдыңғы шебінде жүрген өнер иелерінің бірі – Толғанай Хасен. Ол классикалық домбыра дәстүрін заманауи визуал мәдениетпен ұштастырып, ұлттық өнерді әлеуметтік желілер арқылы миллиондаған көрерменге танытып жүрген музыкант, педагог әрі әртіс.
Толғанай Қостанай қаласында дүниеге келген. Бүгінде Алматы қаласында тұрып, шығармашылық қызметін жалғастыруда. Ол – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, өнертану магистрі. Қазіргі таңда Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қарасты, күйші-композитор Секен Тұрысбеков жетекшілік ететін «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінде домбырашы-әртіс болып еңбек етеді. Сонымен қатар Алматы музейлер бірлестігінде қызмет атқарып, жас буынға ұлттық өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген ұстаз.
Толғанайдың домбыра мен ортеке өнерін жаңа форматта ұсынған бейнежобалары миллиондаған қаралым жинап, жастардың дәстүрлі музыкаға деген қызығушылығын арттырды. Талантты жаспен ұлттық өнердің бүгіні мен болашағы, ортеке феномені және шығармашылық жолы жайында әңгімелескен едік.
– Ортеке өнерімен алғаш қалай таныстыңыз? Бұл бағытқа бет бұруыңызға не түрткі болды?
– Мектепте домбыра пәнінен сабақ беріп жүрген кезімде оқушыларымның ұлттық музыкаға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ортеке қуыршағын алдыртқан едім. Балалардың қуанышында шек болмады. Осылайша ортеке өнеріне деген алғашқы жақындығым басталды.
Кейін Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейіне туристерге арнап өнер көрсетуге шақырды. Ол жерде қолданылған ортеке музейдің құнды экспонаты болатын. Сол сәттегі өнер көрсетуімді TikTok әлеуметтік желісіне жүктегенімде, бейнежазбаның әлемдік деңгейде кең таралатынын күтпедім. Нәтижесінде ол 5 миллионнан астам қаралым жинап, бүгінде шетелдік пабликтерде миллиондаған көріліммен өзектілігін жоғалтпай келеді.
Қазіргі таңда Ортеке өнеріне әлем назар аударып отыр. Шетелдік көрермендерден хаттар келіп түсіп, түрлі халықаралық жобаларға шақыртулар алып тұрамын. Соңғы жарты жыл ішінде бірқатар отандық және халықаралық жобаларға қатысып, ортекемен өнер көрсетіп жүрмін. Мұның барлығы – ұлттық өнердің кеңінен танылуына қосылған шағын да болса үлес деп білемін.
Мәселен, Алматыда қала күніне орай Арбат алаңында көше перформанстарын ұйымдастырып, көрерменнің реакциясын бақылап, шығармашылық эксперименттер жасадым. Сол кезде ортекенің биі мен домбыраның үні адамдарға ерекше әсер мен шынайы эмоция сыйлайтынын анық аңғардым. Бұл бағытты кәсіби тұрғыда дамытудың қажеттілігіне дәл сол сәтте көзім жетті.
Соңғы шетелдік сапарым – Катар астанасы Дохада өткен Old Doha Port Art and Music Festival – Rasta фестивалі. Осы халықаралық шарада ортеке өнерін көрсету құрметіне ие болдым. Қазақтың ұлттық өнері мыңдаған көрерменнің жүрегіне жол тапты. Көрерменнің ықыласы мен эмоциясын сөзбен жеткізу қиын.
Ең жиі қойылған сұрақ – «Қай елденсің?» болды. Өнеріме де, сахналық бейнеме де таңданыс білдіргендер аз болған жоқ. Сол сәтте өнерде шекара болмайтынын тағы бір мәрте терең сезіндім. Сонымен қатар ортекелерім мен Қатар елінің символына айналған айбынды орикс жануарының арасында ерекше рухани ұқсастық барын байқадым. Екеуі де еркіндікті сүйетін, табиғаттың тылсым күшімен астасқан бейнелер. Бұл – мәдениеттер үндестігі мен рухани жақындықтың айқын көрінісі. Қазақ даласының биші текесі мен Араб түбегінің киелі ақ бөкені бір бейнеде тоғысқандай әсер қалдырды.
Осындай жобалардан кейін ұлттық өнерді әлемдік кеңістікке алып шығуға деген ынта-ықыласым арта түсті.
– Домбыра мен ортеке арасындағы үйлесімділік туралы көзқарасыңызды айтып өтсеңіз. Бұл өнердің ерекшелігі неде?
– Ортеке өнерін шартты түрде әлемдегі ең алғашқы музыкалық анимация деуге болады. Цифрлық технологиялар дамыған заманда ағаштан жасалған қарапайым қуыршақтың домбыра үнімен «тірілуі» көрерменді бейжай қалдырмайды. Оның басты ерекшелігі – ешқандай техникалық құрылғыларсыз, тек адам шеберлігі мен ұлттық аспаптың үні арқылы жан бітіруінде.
Күй – құлақпен қабылданатын өнер болса, ортеке – сол күйдің көзбен көрінетін бейнесі. Көрермен әуенді тыңдап қана қоймай, оның қимыл мен қозғалысқа айналғанын тамашалайды. Бұл – бір мезетте бірнеше сезім мүшесіне әсер ететін синкретті өнер.
Қазақ дүниетанымында тау ешкісі еркіндіктің, биіктіктің, рух асқақтығының символы саналады. Домбырамен Ортеке билетудің өзі ата-бабаларымыздың табиғат сұлулығын тұрмыстық әрі рухани кеңістікке енгізгенін аңғартады. Бұл өнер көрерменді бір сәтке ертегі әлеміне жетелейді. Балалар үшін – қызықты ойын болса, ересектерді – терең философиялық ойға шақырады.
– Қуыршақты ойнату барысында қандай техникалық немесе шығармашылық қиындықтар туындайды?
– Көпшілік үшін бұл әсем көрініс болып көрінуі мүмкін. Алайда орындаушы үшін ортеке – үлкен шеберлікті талап ететін күрделі өнер. Бір ортекені билету – жеке шеберлік болса, үш ортекені қатар ойнату бір саусақпен тұтас ансамбльді басқарумен пара-пар.
Кез келген күй ортекенің табиғатына сай келе бермейді. Мұнда күйдің екпіні, ырғақ дәлдігі мен орындаушының ішкі түйсігі өзара үйлесім табуы қажет. Сонымен қатар сахналық бейнені толық ашу, әртістік шеберлік пен харизманы қатар ұштастыру, көрермен назарын ұстап тұру – мұның барлығы зор күш-жігер мен үздіксіз ішкі дайындықты талап етеді. Шоу элементтері мен музыкалық импровизация да маңызды рөл атқарады.
– Ортекенің қимылын домбыра әуенімен дәл үйлестіру үшін қандай дайындық қажет?
– Кез келген күй ортекеге лайық емес. Ортекенің биін ашатын, ырғақтық құрылымы айқын күйлер қажет. Мәселен, халық күйі «Салкүрең» немесе соған ұқсас ырғақтағы импровизациялар ортекенің табиғатына өте сай келеді.
– Қазіргі жастардың ортеке өнеріне қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Кез келген өнер дұрыс насихатталып, заман талабына сай ұсынылса, міндетті түрде қызығушылық тудырады. Мен түрлі концерттер мен білім беру мекемелерінде ортекемен өнер көрсеттім. Сол тәжірибемнің негізінде жастардың бұл өнерге деген ықыласы жоғары екенін байқаймын.
– Ортеке арқылы қандай шығармаларды орындау сізге ерекше әсер береді?
– Көбіне «Қара жорға» әнін орындап, ортекелердің қимылына қарай импровизация жасауға тырысамын. Орындау барысында көрерменнің көңіл күйін, залдың энергиясын сезінуге ерекше мән беремін.
– Шетелдік көрермендердің ерекше реакциясы немесе есте қалған пікірлері болды ма?
– Әлеуметтік желілер арқылы келетін хаттар өте көп. Вьетнам мен Катар елдерінен «Қазақстанға арнайы осы өнерді көру үшін келгіміз келеді» деген пікірлер жазылды. Сондай-ақ түркиялық фотографтар Алматыға келіп, ортекелермен фотосессия жасауды ұсынды. Жалпы, «еліңізге келіп, өнеріңізді өз көзімізбен көргіміз келеді» деген ниеттер жиі айтылады.
– Алдағы жоспарларыңыз бен армандарыңыз қандай?
– Алдағы уақытта мүмкіндік пен қолдау болса, ортеке мен домбыра өнерін алып, көптеген елдерді аралап, концерттер мен мәдени жобаларға қатысқым келеді. Ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған қоғамдық бастамаларға да атсалысу ойымда бар. Әлемнің есігі ашыла берсе екен деймін. Катардан оралғаннан кейінгі шығармашылық эйфория сезімі әлі де бойымда.