6 шілде күні еліміздегі ең маңызды мерекелердің бірі – Астана күні. Биыл бұл мереке бұрынғыдан да кең көлемде және мазмұнды түрде өтпек. Елорданың түрлі аудандарында мәдениет, спорт, отбасылық демалыс пен қоғамдық кеңістікті абаттандыруға бағытталған жүздеген бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұндай формат мерекелік көңіл-күймен қатар, әлеуметтік бірлік пен мәдени ерекшелікті нығайтуға бағытталған қаланың стратегиялық даму бағытын да айқындайды.
Qazaq Culture редакциясы елорда күніндегі ең қызықты шараларды назарларыңызға ұсынады.
Мерекелік аптаның басты мәдени оқиғасы — 30 маусым мен 4 шілде аралығында өтетін IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі. Бұл шара Астананың жаһандық мәдени алмасу алаңына айналғанын айғақтайды. Фестиваль аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдары өз өнерін көрсетеді.
5–6 шілде күндері Астана үлкен театр сахнасына айналады: қала көшелерінде ашық аспан астында театрландырылған перформанстар мен спектакльдер өтеді. Осы күндері ерекше қойылым – «Армандар орындалады» ұсынылады. Бұл спектакльде кәсіби әртістер емес, мұғалімдер, дәрігерлер, құрылысшылар сынды жұмысшы мамандық иелері өнер көрсетеді. Бұл – Жұмысшы мамандықтар жылына арналған шара ғана емес, қоғам дамуына қосқан үлестері үшін оларға деген құрметтің символы.
Шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күніне орай «Алтын домбыра» мектебінің шәкірттері өнер көрсетеді. Жас таланттар орындайтын қазақтың дәстүрлі әуендері буындар сабақтастығын сезінуге мүмкіндік береді.
30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан Әлем кубогі өтеді. 31 елден келген 300-ден астам спортшы қатысатын бұл жарыс — тек беделді халықаралық турнир ғана емес, елордамыздың ұйымдастырушылық әлеуетін танытатын және салауатты өмір салтын насихаттайтын маңызды оқиға.
6 шілде күні «Қазанат» ипподромында бәйге және басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Мұндай шаралар ұлттық дәстүрді ұлықтап қана қоймай, отбасылық демалыс пен жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге де ықпал етеді.
Сонымен қатар шахмат турнирлері, балалар, зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Бұл – спорттың қала өмірінің қолжетімді және инклюзивті бөлігі екенін көрсетеді.
Сол күні «Астана Арена» стадионы ашық аспан астындағы үлкен концерттің орталығына айналады. Концертте отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Ал Орталық саябақта «Мерекелік саябақ» атты отбасылық демалыс фестивалі өтеді. Онда шеберлік сағаттары, ойындар және концерттік бағдарламалар ұсынылады.
Жастар да назардан тыс қалмайды: дәл осы күні Jastar Energy жастар концерті мен «Столичный батл» би сайысы өтеді. Бұл — елордадағы креативті индустриялардың маңыздылығын көрсететін шаралар.
Мереке күндері қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жобалары да жүзеге асырылмақ. Бұл – тек мереке емес, қаланың өсіп-өркендеп, жайлы ортаға айналып келе жатқанының көрінісі.
Мерекелік апта 8 шілде күні амфитеатрда өтетін «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталады. Бұл — елорда Астананың негізін құрайтын басты құндылықтарды айқындайтын финалдық аккорд: отбасы, еңбек, мәдениет және дәстүрге құрмет.