Creative Aimaq: Солтүстік Қазақстан облысының креативті жәрмеңкесіне 4,9 млн теңгенің өнімі сатылды

Creative Aimaq: Солтүстік Қазақстан облысының креативті жәрмеңкесіне 4,9 млн теңгенің өнімі сатылды

Астанада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында өткен Солтүстік Қазақстан облысының «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты креативті көрме-жәрмеңкесі өз мәресіне жетті.

Көрме-жәрмеңкемен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысып, өңір креаторларының шығармашылығы мен өнімдерінің сапасына жоғары баға берді.

Екі күнге созылған іс-шараға 1 535 елорда тұрғыны мен қонағы қатысты. Келушілер Ботай мәдениетінен бастау алатын тарихи-мәдени мұрамен, ұлттық қолөнер бұйымдарымен, авторлық брендтермен, этнодизайн үлгілерімен және өңірдің заманауи креативті жобаларымен танысты.

Экспозицияда ұлттық қолөнер, этно-дизайн, авторлық брендтер, зергерлік және сән бұйымдарымен бірге цифрлық технологиялар, VR/AR, GameDev, анимация және жасанды интеллект бағытындағы креативті жобалар ұсынылды.

Жәрмеңке барысында келушілер жергілікті шеберлердің өнімдерін тікелей сатып алып, нәтижесінде жалпы көлемі 4,9 миллион теңгеге жуық сауда жасалды. Бұл көрсеткіш қазақстандық креативті өнімдерге деген сұраныстың артып келе жатқанын және өңірлік креаторлардың әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.

Creative Aimaq жобасының басты мақсаты – өңірлердің креативті индустрияларын дамыту, жергілікті брендтерді қолдау, олардың өнімдерін кеңінен таныстыру және жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қалыптастыру. Жоба шығармашылық бастамалардың экономикалық әлеуетін арттырып, отандық креативті өнімдердің ішкі және сыртқы нарыққа шығуына жол ашады.

66
07.07.2026