Астанада Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті

Астанада Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті

Астанада Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған «БАТЫР. Естеліктер» атты концерт өтті. Музыкалық кеште әншінің халық жүрегінен орын алған шығармалары оркестрлік сүйемелдеумен жаңаша сипатта шырқалды. Кеш барысында Батырхан Шүкеновпен бірге «Арай» ансамблі мен A’Studio тобында өнер көрсеткен Наджиб Вилдановтың сахнаға шығуы көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Astana Vibe Orchestra ұжымымен бірлесіп дайындалған жоба қайталанбас дара өнер иесі, әнші-композитор Батырхан Шүкеновтің рухына арналды. Кеш шымылдығы дирижер Қасым Айтбаевтың жетекшілігімен гитарист Өнер Кулов, композиторлар Евгений Ботников пен Диляра Ажықанова орындаған «Воспоминание» туындысымен ашылды.

Концерт барысында Батырхан Шүкеновтің шығармашылығымен сабақтас «Анажан», «Мәңгі іздеймін» және «Незнакомка» секілді туындылар орындалды.

Әншінің репертуарындағы шығармаларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары мен өзге де өнерпаздар орындады. Көпшілікке белгілі әндердің лирикалық әуені мен жүрекке жақын болмысы сақтала отырып, туындылар жаңа музыкалық өңдеуде ұсынылды. Кеш соңында барлық өнерпаз бірлесіп «Сағым дүние» әнін шырқады.

299
16.05.2026