
23-26 қазан аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында World Designers Fashion Week Astana 2026 өтуде. Төрт күндік бағдарламада дизайнерлік топтамалардың көрсетілімдері, шетелдік сарапшылармен кәсіби кездесулер және тәжірибелік шеберлік сабақтары ұйымдастырылған.
Креативті индустрияларды дамыту қоры сән апталығының серіктесі ретінде қазақстандық дизайнерлердің шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына жағдай жасауда. Осы орайда грузиялық дизайнер Натия Церцвадзе Qazaq Creative Hub орталығында былғарыдан сөмке жасау бойынша шеберлік сабағын өткізді. Қатысушылар материалды өңдеу, пішу және бұйым құрастыру тәсілдерін меңгерді. Мұндай сабақтар отандық мамандардың шеберлігін шыңдап, авторлық өнімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Төрт күн – төрт табиғи құбылыс
World Designers Fashion Week Astana 2026 тұжырымдамасы су, от, жер және ауа тақырыптарына негізделген. Әр күн осы төрт құбылыстың біріне арналып, сән арқылы түрлі мәдениеттердің ерекшеліктері мен шығармашылық ізденістерді танытады. Бағдарламада дизайнерлік топтамалардың көрсетілімдері, кәсіби кездесулер мен тәжірибелік сабақтар қамтылған.
Әлемнің 40 елінен келген сән индустриясының өкілдерімен жүздесу қазақстандық дизайнерлерге жұмыстарын таныстыруға, іскерлік байланыстар орнатуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қор алдағы уақытта да отандық брендтердің дамуына және олардың сыртқы нарыққа шығуына қолдау көрсетуді көздейді.