«QOBYZ SOUL DASTUR» – түркі әлемінің музыкалық қазынасы

«QOBYZ SOUL DASTUR» – түркі әлемінің музыкалық қазынасы

Қобыз – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің көне рухани қазынасы. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл қасиетті аспап ұлт жадын, дүниетанымын және музыкалық мәдениетін сақтап келеді. Бүгінде қобыз дәстүрлі орындаушылық аясымен шектелмей, ғылыми-зерттеушілік тұрғыдан да терең зерделеніп, жаңа қырынан таныла бастады.

Осы орайда өнер мен ғылымды қатар алып жүрген белгілі қобызшы, PhD докторы, аға оқытушы, «Қазақконцерт» ұйымының солисі Мақсат Медеубекпен сұхбаттастық. Оның бастамасымен жүзеге асып жатқан «QOBYZ SOUL» жобасы қобызды ұлттық мұра ретінде ғана емес, бүкіл түркі әлеміне ортақ көне аспап ретінде кеңінен насихаттауды мақсат етеді.

Аталған жоба – дәстүр мен заманауи форматты ұштастырған тың бастама. Концерт барысында көне сарындар жаңғырып қана қоймай, қобыздың тарихы, түрленген бейнесі, сондай-ақ әр халықтағы орындаушылық ерекшеліктері көрерменге кеңінен таныстырылады. Сұхбатымызда қобыздың өткені мен бүгіні, «QOBYZ SOUL» жобасының идеясы мен мақсаты, сондай-ақ өнер мен ғылым тоғысқан тұстар жайында ойлар айтылды.

– «QOBYZ SOUL – DASTUR» атауының өзегінде қандай идея жатыр?

– Қобыз – тек қазақ халқына ғана тән аспап емес, күллі түркі дүниесіне ортақ көне музыкалық мұра. Қырғыз халқында ол «қыл қыяқ» деп аталады. Сондай-ақ татар, ноғай, башқұрт, қырым татарларында да осыған ұқсас қылқобыз аспабы болған. Атаулары сәл өзгеше болғанымен, орындау әдіс-тәсілдері ортақ.

«QOBYZ SOUL – DASTUR» концерті осы тұрғыдан ерекше. Әдетте қобыз десе, дәстүрлі күйлер немесе кейде заманауи кавер-нұсқалар еске түседі. Ал бұл жобаның басты идеясы – қобызды тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлеміне ортақ аспап ретінде таныту.

Концерт барысында әр халықтың орындаушылық ерекшелігі айқын көрсетіледі. Мәселен, қазақ дәстүрінде ішек тырнақпен басылса, өзге халықтарда ішекті үстінен, домбыра тәрізді басу тәсілі кең тараған. Сонымен қатар олардың күйлерінің формасы, әуендік құрылымы мен орындау техникасы да өзіндік сипатқа ие. Бұл кеште докторлық зерттеу жұмысымыз бен ғылыми ізденістеріміз нәтижесінде табылған күйлер, тың деректер де ұсынылады.

– Қобыздың бай тарихы, шығу тегі және көркемдік ерекшеліктері туралы жиі айтылады. Сахнада оның барлығын тыңдарманға дәріс ретінде емес, музыка тілімен қалай жеткізесіз?

– Концертте орындалатын күйлердің негізін көне бақсы сарындары құрайды. Сонымен қатар бірқатар түркі халықтарының, атап айтқанда татар мен өзбек дәстүріндегі қобыз күйлері тарихта алғаш рет сахна төрінде жаңғырады. Бұл туындылар бұған дейін тек кітап беттерінде, ғылыми еңбектерде нота түрінде ғана сақталып келген.

Олардың бірқатары, әсіресе татар күйлері, Татарстан архивтерінде жатқан аса құнды мұралар еді. Біз сол көне жазбаларды қайта зерделеп, нотаға түсіріп, қобыздың табиғатына лайықтап өңдеп, бүгінгі тыңдарманға жаңғырған күйінде ұсынамыз. Осылайша ғасырлар қойнауында қалған әуендер қайта тіріліп, концерт сахнасында қоңыр үнін қайтадан төгеді.

– «QOBYZ SOUL – DASTUR» – дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан жоба екені айтылды. Сіз үшін жаңашылдық не?

– Қобыздың бай тарихын біз оның сан алуан қырын, түрленген бейнесін көрсету арқылы аша аламыз. Түркі халықтарының аспаптарын сахнаға шығарып, орындаушылық ерекшеліктерін түсіндіріп, сол елдердің мәнерінде күй тарту арқылы қобыз өнерінің кең өрісін көрерменге айқын танытамыз.

Концерт бағдарламасындағы ерекше бір көрініс – «қобыздар шеруі». Бұл шағын шоу «Гүлдер» ансамблі бишілерінің қатысуымен өтеді. Түркі халықтарына тән музыкалық мұра көрсетілмек. Түрлі халықтардың қобызы мен оған туыстас аспаптардан тірі мұражай іспетті көрініс жасалады. Сонымен қатар қазақ қобызының өз ішіндегі көздің жауын алатын үлгілері де кеңінен таныстырылады.

Бүгінде қобыз өнері Қазақстанда қарқынды дамып келеді, аспап жасайтын шеберлердің саны да айтарлықтай артты. Әрбір шебер қобызды өз өрнегімен, өз қолтаңбасымен жасап, өнерге жаңа сипат қосып келеді. Сол шеберлердің таңдаулы туындылары осы концертте халыққа ұсынылады.

Ал «қобыздар шеруіндегі» ең құнды жәдігерлердің бірі – Жетісу облысы, Жансүгіров ауылынан шыққан, есімі өкінішке қарай белгісіз көне бақсының қобызы. Бұл қасиетті аспап та көпшілікке таныстырылады.

Концертте ешқандай аранжировка қолданылмайды – барлығы таза дәстүрлі үлгіде, көне күйлер мен бастапқы орындау мәнерінде. Осылайша дәстүр мен жаңашылдық үйлесім тауып, көне қобыз сарыны бүгінгі көрерменге заманауи форматта жол тартады.

– Осы концерттің бағдарламасын құрастыру барысында ұстаздық тәжірибеңіздің ықпалы қандай болды?

– Қазір мен Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде аға оқытушы, PhD докторы ретінде қызмет етемін. Сонымен қатар Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы жанындағы «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығында солист-артиспін.

Өзімнің педагогикалық әрі орындаушылық тәжірибемнің негізі, ең алдымен, репертуар таңдаудан басталады деп есептеймін. Бала кезден ұстаздарымыздың бағыт-бағдарымен концерт ұйымдастыруды, бағдарламаны жүйелі құруды, сахна мәдениетін сақтап, тыңдарманға әсерлі түрде ұсынуды үйрендік. Өйткені кез келген концерттің сәтті шығуы ең алдымен репертуардың кәсіби деңгейіне байланысты. Біз кәсіби маман ретінде күйді жай ғана орындап қоймай, күрделі шығармаларды таңдап, терең дайындықпен ұсынамыз.

Өзге ұлттардың аспаптарына тән үлгілерді меңгеріп, орындау педагогикалық тәжірибемізді байыта түсті деп ойлаймын. Бұл тек орындаушылық шеберлігімізді ғана емес, зерттеушілік жұмысымызды да жаңа деңгейге көтерді.

– Қобызға қатысты ғылыми-әдістемелік мақалаларыңыз, іргелі зерттеулеріңіз де бар. Бұл бағыттағы ізденістеріңіз бен орындаушылық өнер арасында тепе-теңдікті қалай ұстайсыз?

– Орындаушылық пен ғылым арасындағы тепе-теңдікті сақтау мен үшін табиғи нәрсе. Екеуіне де ерекше көңіл бөлемін. Докторантураға түспей тұрып-ақ қазақ қобызының құрылымдық ерекшеліктері қатты қызықтырған еді. Қарапайым қылқобыздың өзінде бас пішіні әртүрлі, сыртқы формасы сан алуан, ал одан шығатын дыбыс бояуы бай әрі өзгеше. Дәл осы айырмашылықтар мені зерттеуге жетелеп, ғылыми ізденіске ынталандырды.

Уақыт өте докторантураға түскеннен кейін зерттеу аясын кеңейтіп, түркі халықтарының музыкалық аспаптарына да тереңірек үңіле бастадым. Бұл қызығушылық бүгінге дейін тоқтаған жоқ, керісінше тереңдей түсуде.

Алдағы уақытта осы ізденістердің барлығын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, көпшілікке кеңінен таныстыруды мақсат етіп отырмын. Жыл сайын мақала жариялау, шетелдік журналдарда еңбек шығару, халықаралық конференцияларға қатысу – мұның бәрі кәсіби дамудың ажырамас бөлігі. Бұның үлкен пайдасы да бар. Өйткені зерттеушілік жұмыс тікелей орындаушылық тәжірибеге ықпал етіп, репертуарға жаңаша көзқарас қалыптастырады. Меніңше, орындаушылық пен ғылым арасындағы тепе-теңдік те дәл осы өзара байланыс арқылы орнығады.

Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары – сарқылмас қазына. Сол мұраны зерттеу, жаңғырту және кеңінен насихаттау мен үшін әрдайым басты мақсат болып қала береді.

– Жобадан қандай нәтиже күтесіз?

– Өнер мен ғылымды қатар алып жүргенімізге жиырма жылдан асты. Осы уақыт ішінде қобызды, қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын зерттеп, насихаттап келеміз. Біз үшін бұл қасиетті аспаптың болашағы айрықша маңызды, алдымызға қойған нақты мақсаттарымыз да бар.

Көпшілік қобызды көбіне бақсының құралы, салт-дәстүрдің атрибуты немесе күй тартылатын ғана аспап ретінде қабылдайды. Кейде оны «тек бізге ғана тән» деп шектеп қоятын пікірлер де айтылады. Әрине, бұл да қуантады. Құдайға шүкір, қобыз – қазақтың төл мұрасы. Дегенмен біз оның тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын, тарихының түркілік дүниетаныммен сабақтас екенін көрсеткіміз келеді.

«QOBYZ SOUL – DASTUR» жобасының бағыты – күй-концертті дәріс-сұхбат форматында ұсыну. Репертуар да барынша алуан түрлі, мазмұнды шығармалардан іріктелді. Тыңдарман қобыз туралы белгілі бір түсінік қалыптастырып, күй тыңдап рухтанып, ертең бұл аспапты тереңірек танып-білуге құштар болып шықса дейміз. Тек қазаққа ғана емес, өзге халықтарға да ортақ ұқсастықтар мен айырмашылықтарды байқап, олардың сарындарын музыка арқылы сезініп, шынайы рухани ләззат алса – біз үшін ең үлкен нәтиже сол.

457
30.01.2026