Аты аңызға айналған әртістер Жания Әубәкірова мен Гаухар Мырзабекова көп жылдар өткен соң күш біріктіріп, дуэт болып өнер көрсетуге шешім қабылдады.
Олар мұндай тәжірибені алғаш рет Мәскеу консерваториясын бітіргеннен кейін алды. Олар бүкіл Кеңес Одағынан Франциядағы халықаралық байқауда ел намысын қорғау құқығы үшін ең мықты музыканттардың арасынан қатаң іріктеуден өтіп, оның лауреаты атанды.
«Мені Гаухар Мырзабекованың шығармашылық бейнесі әрқашан қызықтырды; біз онымен бірге бірге концерттерде өнер көрсеткенде де, Гаухар Құрманбекқызы «Камерата Казахстана» камералық оркестрін құрғанда да. Маған Гаухардың концерттерге дайындық барысында және кейінірек оркестрдің жас музыканттарымен бөліскен квартеттік және ансамбльдік орындау ерекшеліктері туралы білу қызықты болды. Нәтижесінде, үлкен педагогикалық таланттың, камералық музыкалық тәжірибенің, ұлы педагогтардан алған шеберліктің негіздері мен нәзік құпияларын білудің арқасында елде және одан тыс жерлерде кеңінен танымал бірегей ұжым құрылды- «Камерата Казахстана» оркестрі, Ұжыммен ынтымақтастық музыканттар үшін үлкен қуаныш», - деді Жания Әубәкірова.
Ж.Әубәкірова мен Г.Мырзабекова бірнеше ондаған жылдар бойы Қазақстанда фортепиано және скрипка мектептерінің жоғары стандарттарын дамыту, симфониялық және камералық орындау мәдениетін көтеру үшін жобалар жасап келеді. «BACH.CHOPIN» концерті – олардың музыкалық-білім беру бастамасының бір бөлігі.
«Репертуардағы әрбір шығарма - бұл маңыздылығы әртүрлі, танымал шығармалар, бірақ орындаушылар әрқашан өздері үшін бір қызық нәрсе табады және оларға жүгінуге себеп болады. Бах немесе Шопенге келетін болсақ, бұл әрқашан тыңдаушылар үшін де, орындаушылар үшін де бір уақытта ләззат пен жұмбақ, болып табылады», - деп атап өтті Жания Әубәкірова.
Музыкалық кештің бағдарламасына И. С. Бахтың фортепиано мен камералық оркестрге арналған №5 фа минор концерті, Ф. Шопеннің фортепиано мен ішекті оркестрге арналған №2 концерті, британ композиторы Питер Уорлоктың «Каприоль сюитасы», П. И. Чайковскийдің до мажордағы ішекті оркестрге арналған серенадасы енді. Концертке халықаралық конкурстардың жеңімпазы - Павел Романенко дирижерлік етуге шақырылды.
«Жания Әубәкірова екеуміз музыкант үшін кәсіби қолдаудың қандай маңызға ие екенін білеміз және түсінеміз. Көптеген жылдар бойы біз концерттермен шексіз еліміздің түкпір-түкпіріне бара алдық.
«BACH.CHOPIN» бірлескен жобамыздың мақсаты - өңірлерге кәсіби деңгейін сақтауға шығармашылық көмек көрсету. Өңірлер әрқашан назар мен кәсіби қолдауға мұқтаж екенін жеке концерттік тәжірибемізден жақсы біле отырып, бізде бұл үшін барлық қажетті ресурстар бар екенін түсінеміз. Жоба аясында классикалық музыка концерттері ғана емес, сонымен қатар шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, жас музыканттарды тәрбиелеудің әдістемелік мәселелеріне арналған кездесулер өтеді. «Камерата Казахстана» классикалық музыка ансамблінің бұл жобадағы рөлі - бұл біздің еліміздің кез келген музыканты ұмтыла алатын нәрсені түсіну үшін эталондық үлгі. Бұл жоғары кәсіби деңгейдің, шексіз техникалық жетілдірудің және ең ұсақ бөлшектермен жұмыс істеудің жарқын мысалы." - деді «Камерата Казахстана» мемлекеттік ансамблінің негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі Гаухар Мырзабекова.
Ж.Әубәкірова мен Г.Мырзабекова «Bach.Chopin» бірлескен жобасымен Қазақстанның көптеген өңірлерінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Келесі концерт 30 сәуірде, сағат 19.00-де – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында, Алматы қаласында өтеді. Афишаны бақылаңыз.
Жобаны құрушылар туралы ақпарат:
Гаухар Мырзабекова – ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған арнайы музыка мектебін скрипкашылардың тұтас бір тобын тәрбиелеген аты аңызға айналған педагог, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Н.М. Патрушеваның класы бойынша бітірген. 1980 жылы П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын КСРО халық әртісі, профессор Д.Ойстрах пен УССР еңбек сіңірген әртісі О.Крысаның скрипка класы бойынша бітірген.
Студенттік жылдары Польшада Г.Венявский атындағы скрипкашылардың халықаралық байқауына қатысып, Венгрия мен Италияда жеке концерттермен өнер көрсетті. КСРО халық әртісі Святослав Рихтердің жетекшілігімен ежелгі музыка ансамблінде ойнады, онда көрнекті музыканттар: О. Каган, Н. Гутман, Ю. Башмет және т.б. өнер көрсетті.
Мырзабекова Г.К. Ресей, Чехия, Италия, Германия, Түркиядағы халықаралық фестивальдерге қатысты. Ол халықаралық конкурстардың қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылады, сондай-ақ Италияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Филиппинде шеберлік сыныптарын өткізеді.
2002 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.
1997 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Камерата Казахстана» мемлекеттік классикалық музыка ансамблінің директоры, көркемдік жетекшісі және солисті. Жоғары кәсібилік өзіндік репертуары мен қайталанбас орындау стилі бар ұжым құруға мүмкіндік берді.
Оркестрдің гастрольдік географиясы кең: АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, Б.А.Ә., Чехия, Венгрия, Словакия, Түркия, Македония, Үндістан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Швеция, Қытай, Филиппин.
Жания Әубәкірова - ҚР Халық әртісі, әлемнің үздік сахналарында өнер көрсететін көрнекті қазақстандық пианист. Оның әйгілі оркестрлермен концерттері Қазақстанда, Франция, Англия, Германия, Жапония, Ресей, Польша, Италия, АҚШ, Израиль, Греция, Венгрияның ірі залдарында үнемі өтеді. 1994 жылы оның бастамасымен Ж.Әубәкірованың колледжі (кейіннен Ж.Әубәкірованың авторлық мектебі) ұйымдастырылды – Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік емес оқу орындарының бірі, оның бағдарламасында жалпы орта білім барлық оқушылар үшін қосымша музыкалық біліммен үйлеседі.
1997 жылдан 2018 жылға дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры. Жания Әубәкірованың басшылығымен консерватория елдің жетекші музыкалық жоғары оқу орны және республиканың мәдени-ағарту орталығына айналды, ал 2001 жылы Ұлттық мәртебе берілді.
Жания Әубәкірованың бастамасымен Қазақстанда алғаш рет «Классика» музыкалық агенттігі (1998 ж.) ұйымдастырылды, ол көптеген халықаралық жобаларды сәтті жүзеге асырды: «Франциядағы қазақ маусымдары», «Алматыдағы халықаралық пианистер байқауы», «Жаңа жұлдыздар», «Рояльға арнау», «Almaty International Piano Festival”, «Шетелдік профессорлардың шеберлік сыныптары», Құрманғазы атындағы ҚНК студенттерінің Еуропа, Ресей, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және т.б. елдерге гастрольдері