
Төл мәдениетімізді танытуға сүбелі үлес қосып жүрген шебер-реконструктор, дәстүрлі садақ ату өнерінің майталманы – Мұрат Ғабдусалимов. Шебермен сұхбаттасу барысында ұлттық оқ атудың терең тарихына үңіліп, ата-бабамыздан қалған қару-жарақ түрлерін жасаудың қыр-сыры, бүгінгі жайы туралы кеңінен сөз қозғадық.
– Мәди Бәпиұлы атындағы Қазақстан Кубогына қатысып, төрт номинацияның барлығынан алтын медаль жеңіп алдыңыздар. Осы дүбірлі сайыс туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Иә, бұл – үлкен еңбектің нәтижесі. Жақында Қарағанды қаласында дәстүрлі садақ атудан ересектер арасында Мәди Бәпиұлы атындағы Қазақстан кубогы өтті. Сайысқа еліміздің 16 облысы мен үш қаласынан ең таңдаулы 200-ден астам мерген жиналып, мықтыны анықтады. Күйеу балам Абдулла Дүйсен төрт нысананың төртеуінен де топ жарып, төрт бірдей алтынды еншіленді.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, үздік садақшылардың басын қосты. Спортшылар шеберліктерін шыңдау үшін төрт түрлі күрделі нысана бойынша сынға түсті: пута (70 және 60 метр қашықтықтардағы нысана), қалқан (50 метр қашықтық), Орта Азия (40 метр қашықтық), жамбы (30 метр қашықтық).
– Садақ ату өнері басқа спорт түрлерінен несімен ерекшеленеді?
– Садақ ату өнері – терең тарих пен рухани құндылықтарды біріктіретін мәдени мұра. Оның заманауи спорт түрлерінен айырмашылығы мен ерекшелігін бірнеше негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болады:
Біріншіден, тарихи және мәдени сабақтастық. Әрбір ұлттың (қазақ, түрік, моңғол немесе жапон) өзіне тән бірегей оқ ату мектебі, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы бар. Сайысқа түсетін мергендер ұлттық киім киіп шығу арқылы ата-баба дәстүріне деген құрметін көрсетеді.
Екіншіден, техника мен шеберлік. Мұнда заманауи садақ өнеріндегідей көздеуіш немесе тұрақтандырғыш сынды көмекші құралдар қолданылмайды. Мерген нысананы ішкі түйсігімен бағдарлайды.
Үшіншіден, рухани және психологиялық тәрбие. Садақ ату адамнан темірдей сабырды талап етеді. Бұл үдеріс тыныс алуды бақылауға, зейін қоюға және қарсылас пен қаруға деген сыйластық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейді.
Төртіншіден, дене бітіміне тигізетін пайдасы. Бұл өнер омыртқаны тік ұстауға көмектеседі. Арқа, иық және қол бұлшықеттерін біркелкі дамытып қана қоймай, алыс пен жақынға кезек қарау арқылы көру қабілетін жақсартады.
– Өнердің тарихы жайлы айтып өтсеңіз.
– Оқ ату өнерінің тарихы тым тереңде жатыр. Мәселен, Оңтүстік Африкадағы Сибуду үңгірінен табылған ең көне шақпақтас жебелердің жасы шамамен 64 000 жылды құрайды. Қазақ даласында бұл өнер көне дәуірден Хандық кезеңге дейінгі дәуірді қамтиды.
Қазақстан аумағындағы сақ, үйсін, қаңлы қорғандарынан және «Алтын адам» қабірлерінен күрделі құрамды садақтар мен қорамсақтар табылды. Ғұндар, Түркі қағанаты және Қазақ хандығы заманында құралайды көзге атқан мергендер әскердің негізгі соққы күші болды.
Халқымызда «жамбы ату», «алтын қабақ» сияқты әскери-спорттық ойындар үлкен той-жиындардың ажырамас бөлігі саналды.
Бабаларымыз садақты ағаш, мүйіз, сүйек және сіңірді ерекше әдіспен желімдеп, бірнеше жыл кептіріп жасаған. Бүгін шеберханаларда осы ежелгі технология жаңғыртылып, табиғи әрі заманауи материалдардан садақтар әзірленеді.
Ертедегі жауынгерлік жаттығулар бүгінде ресми спорттық жүйеге енді. 2022 жылы дәстүрлі садақ ату Қазақстанда ресми ұлттық спорт түрі болып бекітіліп, соның ішінде ат үстінде шауып бара жатып нысана көздеуге негізделген «жамбы ату» түрі кеңінен дамып келеді.
– Садақ өнеріне қатысты қандай терминдерді білуіміз керек?
– Бәрімізге белгілі садақ қарудың аты емес. Қарудың аты – жай, немесе жақ. Садақ деген былғарыдан жасалған жайды салып жүретін қорабы. Қобыланды батыр жырында мынандай жыр шумақтары кездеседі:
Былғары садақ, бұқар жай,
Тарта алмасам, маған серт!
Бел күшіме шыдамай,
Беліңнен сынсаң, саған серт!
Ал Махамбет батырдың өлеңінде осындай жолдар бар:
Толғай да толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан.
Қорамсақ немесе қылшан – оқ салып жүретін қорап. Қорамсақ, ішіндегі оқтар, оның ішіндегі жай және белдік – бәрінің жалпы атауы садақ.
– Осы орайда өзіңіздің шеберхаңызға тоқталсақ. Қандай бұйымдар мен жауынгерлік қару-жарақтарды жасайсыздар?
– Мұрат Ғабдусалимовтың шеберханасы – елімізде дәстүрлі садақ атуды жандандыруға алғашқылардың бірі болып үлес қосқан, 16 жылдық тәжірибесі бар арнайы орын. Біздің басты мақсатымыз – түркі тілдес халықтардың әскери қару-жарағын қапысыз реконструкциялау, ұлттық және мәдени мұрамызды жаңғырту және әрбір жәдігердің тарихи түп нұсқасын дәлме-дәл сақтау.
2010 жылдан бері ата-бабамыздан қалған көне жауынгерлік өнерімізді қайта түлетіп келеміз. Қазір шеберханамызда сардарлардың толық қару-жарақ жиынтығы жасалады. Олардың қатарына садақ, жай, жебе, қалқан, сауыт, кесеқап және басқа да қажетті элементтер кіреді. Тіпті, біздің қолымыздан шыққан кейбір бірегей туындылар Атырау және Түркістан тарихи мұражайларының төрінен орын алып, көрмелерде ұсынылып жүр.
Сонымен қатар, біз халықаралық деңгейдегі ірі іс-шараларға – Мажарстанда өтетін түркі тілдес халықтардың дүниежүзілік құрылтайына, Стамбулдағы Фетих кубогына, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тұрақты түрде қатысып, еліміздің намысын спортшы, шебер-реконструктор және ресми делегат ретінде абыроймен қорғап келеміз.
Шеберханамызда жасалатын негізгі бұйымдар жиынтығына тоқталсақ, олар төмендегідей ерекшеліктерге ие:
«Ағатай» жайы – заманауи орындаудағы ортағасырлық үлгідегі дәстүрлі қазақ жайы. Оны жасауда Германияның “bearpaw” шыны талшығымен ламинатталған шие, шамшат, шаған ағаштары қолданылып, әрлеу үшін тропикалық ағаш сорттары мен нағыз буйвол мүйізі пайдаланылды. Жайдың керілу күші – 44 қадақ, ал кірісі сапалы дакрон жібінен жасалған.
Сонымен қатар тарихи үлгідегі 6 дана оқ бар. Олар бамбук ағашынан жасалып, табиғи қауырсындармен безендірілген.
Садақ (жайға арналған қап) пен Қорамсақ (жебеге арналған қап) – екеуі де музей үлгісінде дайындалған. Өсімдік илеу әдісімен иленген табиғи былғарыдан тігіліп, дәстүрлі қазақ ұлттық ою-өрнектерімен әрленеді. Қолмен безендіріліп, жез өрнек түймелермен әсемделген бұл қаптардың түбі арнайы ағаштан жасалған.
«Қорған» қалқаны – ортағасырлық үлгідегі ерекше қалқан. Ол табиғи ротаннан тоқылып, мерсерленген мақта жіптерімен кестеленген, ал сыртқы келбеті сапалы жезден жасалған умбондармен толықтырылған.