
Соңғы жылдары Қазақстан түрлі мәдениеттер мен идеялардың тоғысқан еліне айналып келеді. Бұрын шетелдіктер бұл елге көбіне уақытша жұмыс не іскерлік мақсатпен келсе, бүгінде көп адам мұнда өз еркімен, шабыт іздеп, өзін және өмірдің мәнін тануға ат басын бұрады. Қазақстанның тартымдылығы - оның ашық та кең пейілінде, табиғатының байлығында, адамдарының жылы жүзінде және өткен мен бүгінді әдемі сабақтастырған мәдениетінде.
Сол жандардың бірі - АҚШ-тан келген Марк Франсуа. Ол Көкшетауда өмір сүруді ұйғарған. Бұл оның кәсіби сапары ғана емес, жаңа әлемді танып, қазақ халқының болмысын ішінен сезінудің жолы болды. Марк Қазақстанды бөтен көзбен емес, құрмет пен қызығушылықпен қарайтын жанның көзімен көрсеткісі келеді. QazaqCulture-ге берген сұхбатында ол қонақжайлық жайлы, табиғаттың қуаты мен өзгерістерге деген батылдық туралы әсерімен бөлісті. Марктің айтуынша, бір ғана сөз - «қонақжайлық» оның санасында бүкіл елдің бейнесіне айналған.
- Марк, өзіңіз қай жақтан келдіңіз және неге дәл Қазақстанды, соның ішінде Көкшетауды таңдадыңыз?
- Мен АҚШ-тан келдім. Негізі жұмыс бабымен келгенмін. Мені ұйымым осында жіберді. Бірақ бұл шешім тек қызметтік емес, жеке таңдауым да болды. Мен Қазақстанды сырттай емес, іштей танығым келді: адамдармен сөйлесіп, дәстүрін, күнделікті өмірін сезіну арқылы. Бұл ел туралы әлемде аз айтылады, бірақ оның бойында үлкен тереңдік жатыр.
Мен мұнда тек тұру үшін емес, адамдардың қалай өмір сүретінін, неге сенетінін, қалай ойлайтынын ұғыну үшін келдім. Қазақ халқының тарихын оқимын, қазақ тілін үйреніп жүрмін, жергілікті музыканы тыңдаймын. Мұндағы әр күн мен үшін үлкен мәдени кітаптың жаңа беті секілді.
- Бұл шешімге не түрткі болды: жұмыс па, қызығушылық па, әлде басқа бір себеп пе?
- Ең алдымен - мәдениет. Көп америкалықтар Қазақстан туралы аз біледі, мен мұны өз көзіммен өзгерткім келді. Бір елдің бойында Азия мен Еуропаның, көшпелі дәстүр мен қазіргі өмір ырғағының қатар өрілуі мені таңғалдырды.
Мен мұнда жай бақылаушы ретінде емес, осы өмірдің бір бөлігі болуға тырысамын. Концерттерге, көрмелерге, ұлттық мерекелерге қатысамын, көшпелілердің тұрмысы жайлы оқимын. Маған дәстүрдің халық мінезіне қалай әсер ететіні және неге мұнда бірлік пен құрмет, қонақжайлық жоғары бағаланатыны қызық.
Тағы бір себеп - қызығушылық. АҚШ-та Қазақстан туралы көп айтылмайды, кейде ол әлемдік назардан тыс қалатын сияқты. Сол үшін мен бұл елді өз көзіммен көріп, оның тарихы мен мәдениетінің байлығын танып, өз әсерімді өзгелермен бөліскім келді.
Менің мақсатым - өз блогым арқылы шынайы Қазақстанды көрсету: жылы жүзді, қонақжай, көпқырлы елді.
- Көкшетау сізге қандай әсер қалдырды? Не таңғалдырды, не шабыт берді?
- Алғаш Көкшетаумен интернет арқылы таныстым. Шынымды айтсам, сол кезде қала аса әсер қалдырмады. Бірақ келген соң ойым мүлде өзгерді: Көкшетау күткенімнен де көрікті, кең, әрі өмір қайнап жатқан қала екен. Ең алдымен табиғаты таңғалдырды. Ауа таза, айнала кең, ал көлдің маңында тіпті тыныштықтың өзі естілетіндей. Мұнда адам мен табиғаттың үйлесімі сезіледі, үлкен қалаларда жетіспейтін бір тыныштық бар.
- Көптеген шетелдіктер үшін жаңа елге келген алғашқы күндер бейімделу кезеңі болып өтеді. Сіз үшін ең тосын не қиын болды?
- Шынын айтсам, ерекше қиындықтар болған жоқ. Тіл мен мәдениет тұрғысынан айырмашылық болатынын алдын ала біліп, соған дайындалдым. Менің мақсатым тек үйренісіп кету емес, жергілікті мәдениетті құрметтеп, түсінуге тырысу еді. Әрине, алғашында кейбір әдеттер мен сөздер таңғалдырады. Бірақ мен оны қиындық емес, қызық сабақ деп қабылдадым. Тілді үйреніп жүрмін, дәстүрлер жайлы оқимын, жергілікті сыпайылық ережелерін ұстануға тырысамын. Мысалы, үлкен адам кірсе - орныңнан тұрасың, қонаққа барсаң - сыйлық апарасың. Осындай қарапайым істердің өзінде үлкен мәдени мән бар: олардың түбінде бір-біріне деген құрмет жатыр.
- Қазақстан туралы көзқарасыңыз осында өмір сүре бастағаннан кейін қалай өзгерді?
- Бәрі ойымдағыдан өзгеше болып шықты. Мұндағы адамдар шын көңілді, қонақжай, көмектесуге әрқашан дайын. Тіпті ағылшын тілін білмесе де, жымиып, жол көрсетіп жатады. Сол жылы қарым-қатынас күнделікті өмірге ерекше жылылық сыйлайды. Мұндай көңіл көп Батыста сирек кездеседі.
Қазақтардың қонақжайлығы - бөлек әңгіме. Бірде Кореяда бір қазақ қызымен танысқан едім. Кейін Алматыға барғанымда, ол мені достарыммен бірге дастарханға шақырды. Ол кісінің есінде қалдым ба, қалмадым ба деп ойлап едім, бірақ ол жылы қарсы алып, кең жайылған дастарханмен күтіп алды. Бейтаныс адамды да үйіне шақырып, барымен бөлісу - бұл халықтың жомарттығын көрсетеді. Шынында, осы қасиеттен үйренер көп нәрсе бар.
- Сізді ерекше әсерге бөлеген дәстүр бар ма?
- Иә, бірде мектептегі салтанатты шара кезінде жұрт кенеттен маған шоколад лақтыра бастады! (күледі) Алғашында не болып жатқанын түсінбедім, кейін бұл қуаныш пен жақсылықтың нышаны екенін түсіндірді. Ең қызығы - сол тәттілерді өзіңмен алып кетуге болады екен! (күледі)
Бұл сәт мен үшін жай ғана күлкілі оқиға емес, нағыз мәдени сабақ болды: қазақ халқының салтында қуаныш пен жомарттық қатар жүреді. Мұнда адамдар қуанышты бірге бөлісуді жақсы көреді.
- Ал сіз үшін ең қиын болған нәрсе ше?
- Жылқы еті! (күледі) Жылқы етін жеу маған бастапқыда оңай болған жоқ. Біздің мәдениетте жылқы - еркіндік пен күштің белгісі, ал мұнда ол ұлттық тағамның ажырамас бөлігі. Алғаш рет қазы жеп көргенде біртүрлі болдым (жымиып). Дәмі ерекше - бай, өзінше өзгеше. Бірақ… аз ғана мөлшерде болса жақсы ғой! (күледі) Дегенмен, мен бұны ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретінде құрметтеймін. Ас арқылы халықтың өмір салты мен дәстүрінің қаншалықты терең байланыста екенін жақсы түсіндім. Айтпақшы, мұндағы тағамдар - бөлек әлем! Дәмі бай, тойымды. Әсіресе кәуап - иісі мен дәмі ғажап. Мұнда тамақ ішу жай ғана ас ішу емес, адамдарды жақындастыратын, достықты нығайтатын дәстүр екен.
- Қазақ мәдениетінде Сізді ең көп шабыттандыратыны не?
- Ең алдымен, көптілділік пен ашықтық. Қазақтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің арасында еркін ауыса алады. Бұл жай ғана ыңғайлы емес, ойлау икемділігінің белгісі.
Сондай-ақ, ата-бабаға, үлкенге деген құрмет ерекше әсер қалдырады. Мұнда үлкенді сыйлап, өткенін ұмытпай, дәстүрді ұрпаққа аманаттау - өмірдің басты қағидаларының бірі. Бұл ұрпақтар арасындағы берік байланыстың көрінісі. Мұндай сабақтастық, өкінішке қарай, батыс қоғамдарында жиі жетіспейді.
Тағы бір байқағаным ұлттық тағамның ерекше құрметпен ұсынылуы. Қазақтар үшін ас - жай ғана тағам емес, адамдарды жақындастыратын дәстүр. Дастархан басында жылулық пен сыйластық бөледі. Меніңше, Қазақстанда тамақ бірлік пен бауырмалдықтың нышанына айналған.
- Қазақ және америкалық мәдениеттердің басты айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
- Мұнда көп адам бірнеше тілді еркін меңгерген. Ал АҚШ-та, әдетте, адамдар тек бір тілде сөйлейді.
- Қазақстанға алғаш келген туристерге ненің дәмін көруге кеңес берер едіңіз?
- Міндетті түрде ұлттық сусындарыңызды! Шұбат пен қымыздың дәмі ерекше, табиғи әрі пайдалы. Мұндағы сусындардың алуан түрі таңғалдырады - шын мәнінде ұлттық қазына!
- Қазақстанда қай қалалар мен табиғи орындарда болдыңыз?
- Алматыда болдым: Үлкен Алматы көлін, Шарын шатқалын, Қайыңды көлін көрдім. Табиғаты ғажайып!
Сондай-ақ елорда - Астанада болдым. Қаланың заманауи сәулеті мен дамыған инфрақұрылымы ерекше әсер қалдырды.
- Ең көп әсер еткен жер қайсысы болды?
- Үлкен Алматы көлі. Көгілдір су, айналадағы асқар тау, таза ауа - бәрі үйлесім тапқан. Сол жерде тұрып, мен алғаш рет Қазақстанның кеңдігін, табиғи сұлулығын шын сезіндім. Бұл - жай ғана көрікті жер емес, адамның жанын тыныштандырып, ойға жетелейтін кеңістік.
- Қазақстан табиғатын бұрын көрмеген адамға қалай сипаттар едіңіз?
- Еркін, кең, әрі тылсым тартымды. Мұнда табиғаттың барлық түрі бар: таулар да, жазықтар да, өзендер мен шөлдер де. Қазақстан - табиғаттың өзі сыйлаған алуан бояулы әлем. Мұнда бір келген адам міндетті түрде қайта оралғысы келеді.
- Ел ішінде саяхатты жалғастыру ойыңызда бар ма?
- Әрине! Ендігі сапарым - Батыс Қазақстан, Каспий теңізінің жағалауы. Ол жақты өз көзіммен көруді қатты қалаймын.
- Басқа елге көшу Сіз үшін жай ғана жаңа оқиға емес, ішкі еркіндікке қадам болды. Бұл өзгеріс Сізге қалай әсер етті?
- Алғашында қорқыныш болды. Бәрі - жаңа: тіл де, адамдар да, мәдениет те - бәрі беймәлім еді. Бірақ келген соң, мен өз мүмкіндігімді көрдім. Бұл тәжірибе маған дүниенің біз ойлағаннан да мейірімді, кең екенін ұқтырды. Енді мен өзгерістерден қорықпаймын, үйреншіктіге жабыспаймын.
Қазақстан маған батыл болуды, өмірге сенуді, өз жайлылық шеңберімнен шығуға үйретті. Кейде адам өз үйінен алыс кеткенде ғана, шынында кім екенін және не қалайтынын түсінеді.
- Қазақтардан нені үйрендіңіз?
- Сабыр мен асықпауды. Енді түсіндім: бірнеше минутқа кешігу - трагедия емес (күледі).
- Туған жерден жырақта жүргенде өзіңізді үйдегідей сезінуге не көмектеседі?
- Туған қалам туралы видеоларды YouTube-тан көремін, достарыммен және отбасыммен жиі сөйлесемін. Сол сәттер маған жылулық сыйлайды.
- Егер Қазақстанды бір ғана сөзбен сипаттау керек болса, ол қандай сөз болар еді және неге?
- «Қонақжайлық». Себебі ол мұнда барлық жерде сезіледі - адамдардың күлкісінде, қимылында, қарым-қатынасында. Бұл қасиет шын мәнінде баурап алады.