
Алматыда Жошы ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің жаңа бағыттары талқыланды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өткен кеңейтілген отырысқа жетекші тарихшылар, археологтар, шығыстанушылар, генетиктер мен палеонтологтар қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – ұлттық тарихтың маңызды тақырыптарының бірі саналатын Жошы ұлысын зерттеу ісін жүйелеу және ғылыми жұмыстардың өзара үйлесімін күшейту. Жошы ұлысының мұрасы Қазақстан тарихының ғана емес, Еуразиядағы мемлекеттілік, мәдениет, саяси және экономикалық үдерістердің дамуына ықпал еткен кең ауқымды тарихи құбылыс ретінде қарастырылып отыр.
Ғалымдар зерттеу жұмыстарын кешенді әрі жүйелі жүргізуге ерекше назар аударды. Осы бағытта Жошы ұлысын зерттеу және ғылыми жобаларды үйлестіру жөніндегі республикалық жұмыс тобын құру, сондай-ақ тарихи мұраны сақтау мен талдауға арналған цифрлық инфрақұрылымды дамыту ұсынылды.
Басым бағыттардың қатарында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, болашағы зор ғылыми тақырыптарды айқындау, ірі зерттеу бағдарламаларын әзірлеу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту де бар.
Бұл бастамалар қазақстандық және шетелдік ғалымдардың әлеуетін біріктіруге, жинақталған деректерді жүйелеуге және Жошы ұлысын зерттеуді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Жошы ұлысының қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы және әлемдік өркениет тарихындағы орнына тереңірек ғылыми баға беруге жол ашылмақ.