
Қазақстанның ақпарат кеңістігі тағы бір маңызды жаңалықпен толықты. Әлемге танымал халықаралық Euronews медиажелісі енді жаңалықтарын қазақ тілінде ұсынады.
Euronews – әлемнің жетекші халықаралық ақпараттық медиажелілерінің бірі. Арна 140-тан астам елге хабар таратып, миллиондаған көрерменге теледидар, цифрлық платформалар және әлеуметтік желілер арқылы ақпарат ұсынатын қатарлы арналардың бірі. Енді осы ауқымды ақпарат ағыны қазақ тілінде де қолжетімді болмақ.
14 тілде контент өндіретін ірі медиажелі үшін Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы серіктестік. Бұл бастама еліміздің медиатұтынушылары үшін халықаралық ақпарат алаңына деген қолжетімділігін кеңейтеді.
Айта кетейік, бұл мәлімдемені Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид қазақ тілін халықаралық тілдер қатарына қосылды деп есептейтінін, енді арна қазақша ақпарат тарата бастайтынын атап өткен еді.
Алайда жоба кезең-кезеңімен іске қосылады. Бастапқы кезеңде халықаралық жаңалықтар жұмыс күндері YouTube платформасында қазақ тілінде жарияланады. Кейін телеарна мен басқа да ақпараттық ресурстарға енгізіледі. Нәтижесінде халықаралық контенттің шамамен 90 пайызы қазақ тіліне бейімделіп ұсынылады.
Бұл қадам қазақ тіліндегі сапалы халықаралық контенттің артуына және әлемдік оқиғаларды ана тілімізде қабылдауға мүмкіндік береді.