Президент Досхан Жолжақсыновты 75 жасқа толуымен құттықтады

Президент Досхан Жолжақсыновты 75 жасқа толуымен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық әртісі, белгілі театр және кино актері, режиссер Досхан Жолжақсыновты 75 жас мерейтойымен құттықтады.

Президенттің құттықтауын мерейтой иесіне Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды табыстады. Мемлекет басшысы Досхан Жолжақсыновтың көп жылғы шығармашылық еңбегіне, ұлттық мәдениет пен отандық өнердің дамуына қосқан елеулі үлесіне жоғары баға берді.

Құттықтауда өнер қайраткерінің саналы ғұмырын ұлт мәдениеті мен руханиятына арнап, тынымсыз шығармашылық ізденісінің арқасында зор жетістіктерге жеткені атап өтілді. Сондай-ақ Президент Досхан Жолжақсыновтың өнердегі дәстүр сабақтастығын сақтап, жинақтаған тәжірибесін жас буынға жеткізіп, ізбасар шәкірттер тәрбиелеп келе жатқанына ерекше тоқталды.

Досхан Жолжақсынов ұзақ жылғы шығармашылық жолында театр сахнасы мен кино өнерінде ондаған жарқын бейне сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оның режиссерлік туындылары да қазақ киносының дамуына елеулі үлес қосып, отандық кинематографиядан өзіндік орын алды.

93
11.10.2026