Қызылордада жаңа заманауи тарихи-мәдени орталық ашылды. Жобаның серіктестері – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры және Қызылорда облысының әкімдігі. Жаңа мәдени нысан – өңір тұрғындарына жасалған сый әрі аймақтың мәдени және туристік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам.
Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және қоғам өкілдері қатысты.
«Өскелең ұрпақ осы орталық арқылы өңірдің тарихын, мәдениетін тереңінен таниды деп сенеміз. Мұнда әрбір жәдігер рухани байлығымыздың дәлелі, өткен мен бүгіннің алтын көпірі. «Самұрық-Қазына» Қоры соңғы 4 жылда Қызылорда облысында
13 әлеуметтік жобаны қолдады.
Өткен жылы Үстел теннисі орталығын аштық. Қамқорлық оңалту орталығы жұмыс істейді. Биыл жыл соңына дейін балаларға арналған оңалту орталығын ашамыз. Баршаңызды маңызды мәдени және тарихи орталықтың ашылуымен құттықтаймын»,- деді Ғибрат Ауғанов.
Заманауи музей ғимараты 250 мыңнан астам экспонатты сақтауға мүмкіндік береді. Бұл – қазіргі облыстық музей қорынан 3,5 есе үлкен. Ал жаңа ғимараттың ауданы 1953 жылы салынған бұрынғы өлкетану музейінің аумағынан екі есе үлкен.
Мұражай экспозициялары 12 залда орналасқан. Онда аймақ пен ел тарихының негізгі кезеңдері қамтылған палеонтология, археология залдары, Қазақ хандығы дәуірі, этнография, Қызылорда өңірінің тарихы, Алашорда мұрасы, Ұлы Отан соғысы, мәдениет пен өнер, әлеуметтік-экономикалық даму, ғарыш тақырыбы және Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуына арналған зал бар.
Экспозицияны жан-жақты сезіну үшін музейде заманауи цифрлық технологиялар енгізілген: жасанды интеллект жүйесі, панорамалық және диорамалық инсталляциялар, интерактивті LED экрандар экскурсияны көрнекі әрі қызықты етеді.
Соңғы 5 жылда «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қызылорда облысында 1,8 млрд теңгеге 13 жоба жүзеге асырды. Олардың қатарында үстел теннисі орталығы, «Қамқорлық» оңалту орталығы, спорт кешені және өзге де әлеуметтік бастамалар бар.