Күй – халқымыздың қасиетті мұрасы

Күй – халқымыздың қасиетті мұрасы

Күй – халықтың тарихы мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін ерекше өнер. Бүгінде ұлттық өнерді дәріптеп, күйлерді орындаумен қатар, олардың шығу тарихын көпшілікке таныстырып жүрген жас домбырашы Сымбат Абдуахап күй өнерінің ерекшелігі, күйшілік мектептер және ұлттық мұраны насихаттаудың маңызы туралы айтып берді.

– Сымбат ханым, күй өнерін меңгеруіңізге кім себеп болды?

– Бұл өнерге сегіз жасымда ата-анамның ықпалымен келдім. Олар менің бала кезімнен өнерге қызығатынымды байқап, өнер мектебіне алып барды. Алғашында бұл ата-анамның таңдауы болса, уақыт өте келе домбыраны өз қалауыммен терең меңгеруге ұмтылдым.

Мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегімін. Домбыра мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны тәмамдадым. Содан бері білімім мен шеберлігімді үздіксіз жетілдіріп келемін. Бүгінде домбыра мен үшін жай ғана музыкалық аспап емес, халқымыздың тарихы мен рухын, мәдениеті мен өнерін танытатын қасиетті мұра.

– Сіз әлеуметтік желіде күйлерді орындап қана қоймай, олардың тарихымен де бөлісесіз. Әр күйдің шығу тарихын зерттегенде қандай дереккөздерге сүйенесіз?

– Күйлердің шығу тарихына қатысты деректер әртүрлі. Кейбір күйлерге байланысты бірнеше нұсқада айтылатын аңыздар бар. Мысалы, «Адай» күйінің шығуына қатысты екі-үш түрлі аңыз кездеседі. Сондықтан деректерді өзара салыстырып, қисынға барынша жақын нұсқасын таңдауға тырысамын. Зерттеу барысында академик Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» еңбегіне жиі сүйенемін.

– Өзіңіз орындайтын күйлердің ішінде тарихымен немесе әсерімен ерекше есте қалған шығарма бар ма?

– Құрманғазы мен Динаның күйлері маған ерекше жақын. Олардың тереңдігі, қуаты мен асқақ рухы мені үнемі шабыттандырады. Дегенмен нақты бір күйді бөліп айта алмаймын. Өйткені әр күйді өмірімнің әр кезеңінде әртүрлі көңіл күймен қабылдаймын. Ішкі дүниеме және сол сәттегі сезіміме қарай орындайтын күйлерім де өзгеріп отырады.

– Күйдің төкпе және шертпе деген түрлері бар. Қарапайым тыңдарман оларды қалай ажырата алады?

– Иә, күй өнерінде екі негізгі бағыт бар. Шертпе күй, атауы айтып тұрғандай, ішекті шерту арқылы орындалады. Оның әуені лирикалық, сыршыл әрі ойлы болып келеді. Орындалу мәнері де бірқалыпты, байсалды болады.

Ал төкпе күй екпінді, қарқынды орындалуымен және техникалық күрделілігімен ерекшеленеді. Әуені кең тынысты, жігерлі әрі қуатты естіледі. Тыңдарман «төкпе», «шертпе» деген атауларды білмеуі мүмкін. Бірақ осы екі бағыттағы күйлерді қатар тыңдаса, олардың мінезі мен орындалу ерекшелігіне қарап, айырмашылығын оңай аңғарады.

– Күй өнерінің ұлттық болмысы айқындалып, халықтың рухани мұрасы ретінде орныққан кезең деп қай дәуірді айта аламыз?

– Қазақ күй өнерінің кемеліне келген кезеңін оның «алтын ғасырымен» байланыстырамыз. Бұл дәуірде Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина сынды ұлы күйшілер өмір сүріп, қазақтың күй өнерін биік деңгейге көтерді. Сол кезеңде күй халықтың тарихын, еркіндікке деген ұмтылысын, қуанышы мен қайғысын жеткізетін қастерлі рухани мұра ретінде кеңінен орнықты.

– Қазақстандағы күйшілік мектептер туралы айтып өтсеңіз. Әр мектептің орындаушылық мәнері несімен ерекшеленеді?

– Қазақстанда дәстүрлі түрде жеті күйшілік мектеп қалыптасқан. Олар – Батыс Қазақстан, Арқа, Жетісу, Сыр бойы, Қаратау, Алтай-Тарбағатай және Маңғыстау күйшілік мектептері.

Батыс Қазақстан күйшілік мектебі төкпе күйлерімен, екпінді әрі күрделі орындаушылық мәнерімен ерекшеленеді. Арқа мектебі шертпе күйлердің сыршыл, философиялық болмысымен танымал. Жетісу мектебінде әуезділік пен әншілік дәстүрдің ықпалы байқалса, Сыр бойы мектебінде эпикалық сарын мен жыраулық дәстүрдің сабақтастығы сезіледі.

Қаратау мектебі қоңыр үнді, терең мазмұнды күйлерімен ерекшеленеді. Алтай-Тарбағатай мектебінде шығыс өңіріне тән әуендік өрнектер сақталған. Ал Маңғыстау мектебі күрделі қағыс түрлерімен және өзіндік сазымен дараланады. Осындай сан алуан күйшілік мектептердің қалыптасуы қазақ күй өнерінің байлығы мен тереңдігін айқын көрсетеді.

– Қазіргі таңда күй өнері жаңа аудиторияға жол тауып, әлеуметтік желілерде кеңінен таралып келеді. Жас домбырашыларға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Ең алдымен, домбыраны шын жүректен жақсы көру керек. Өйткені өнердегі тұрақты нәтиже үздіксіз еңбек пен сабырдың арқасында келеді. Жас домбырашыларға күйді орындап қана қоймай, оның шығу тарихын, авторын және орындалу дәстүрін де тереңірек зерттеуге кеңес беремін. Сонда орындаушы әр күйдің мазмұнын терең сезініп, оны тыңдарманға әсерлі әрі шынайы жеткізе алады.

54
14.07.2026