«Әр өрнекте – ұрпақтың жады»: қазақ қолөнерін жаңғыртып жүрген шебердің тарихы

«Әр өрнекте – ұрпақтың жады»: қазақ қолөнерін жаңғыртып жүрген шебердің тарихы

Мадина үшін этномәдениет сән үшін қызығып қана қоятын әуестік емес, өмірінің бір бөлігі. Бала күнінен үлкендердің дәстүр, салт-жора, ұлттық киім туралы әңгімесін тыңдап өсті. Ал алғашқы туындысы – Ұлы Отан соғысының ардагеріне арналған тақияны 2003 жылы тікті.

Қазір Мадина Қуандық – «Ұлт қазынасы» халық қолданбалы өнер орталығының жетекшісі, әлеуметтік инноватор, кәсіпкер. Ол тек бірегей бұйымдар жасап қана қоймай, қолөнерді мәдениеттер арасындағы көпірге айналдырып жүр. Америкалық ковбойларды қазақ ауылына қонақ етуі – соның айғағы. Этнодизайнер әрі шебермен оның шығармашылық жолы, өмірлік ұстанымы және киізді неге өмір философиясы деп санайтыны жайында сөйлестік.

Этномәдениетке қызығушылығыңыз қалай оянды?

– Барлығы балалық шақтан басталды. Үлкендердің әңгімесін тыңдап, әдет-ғұрыптың бәрін өз үйімде көріп өстім. Олар тұрмысымыздың бөлінбес бөлігі болды. Көптеген қолөнер түрі мен салт-дәстүрдің ұмытылып бара жатқанын, жастардың оның мәнін білмейтінін байқаған кезім – бетбұрыс сәті. Сол сәттен бастап осы қазынаны сақтап қалуды өзіме міндет санадым.

9-сыныпты бітірген соң (ауылымызда 10-11 сыныптар болмады) тігіншілік пен қолөнерді таңдадым. Мен – төртінші буын қолөнершімін. Анам, әжелерім, атам өмірін осы іске арнаған. 2003 жылы өз атама арнап тақия тігіп, кестеледім.

Ұмытылған қолөнерді жаңғырту сіз үшін неге маңызды?

– Өйткені бұл – халықтың жаны. Әр бұйымның өз тарихы бар. Өрнек – ұрпақтың жады. Егер оларды жасауды доғарсақ, өз болмысымыздың бір бөлігін жоғалтамыз.

Америкалық ковбойларды қазақ ауылына шақыру идеясы қалай туды?

– Бұл – менің авторлық жобам. Шетелдік қонаққа елдің имиджі үшін тек әдемі көрініс емес, ауыл өмірінің шынайы рухын сезінуге мүмкіндік бергім келді. Бізде де, оларда да көшпенді мәдениет бар, өз қаһарманы, символы бар. Көшпенділер ойындарына келген ковбойларға дәстүрімізді жан-жақты көрсететін орын іздедім. Бірнеше этноауыл ұсыныс жасады, бірақ бұрыннан жұмыс істеген, сенімді ауылды таңдадым.

Қонақтар салт-дәстүрімізбен толық танысты. Ас мәзіріне риза болды, мәдениеттеріміздің ұқсастығына таңғалды. Бұл тәжірибені өте жылы қабылдады.

Шетелдіктер қандай әсер алды?

– Таңданыс пен құрмет сезімі қалды. Шынайы қонақжайлық, жомарттық, салт-жора сұлулығы, тағамның дәмі, сырт көзге қарапайым, бірақ мәні терең дүниелер оларды баурап алды. Көбі қайта келгісі келетінін, достары мен әріптестерін ертіп әкелгісі барын айтты.

Қай қолөнер түрлері қазір жойылу алдында тұр?

– Ұсақ әрі нәзік қол еңбегін қажет ететіндері: дәстүрлі кесте, тоқыма, былғарымен және киізбен жұмыс істеудің көне әдістері. Бұл дағдылар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген, бірақ қазір жастарды үйрететін шеберлер азайып барады.

Киіздің ерекшелігі неде?

– Онымен жұмыс істеу маған ұнайды. Қазақ киізі мықтылығымен, жылулығымен ғана емес, мән-мағынаға толы символикасымен де ерекше. Әр өрнек, әр түс – өзіндік мағынаға ие. Киіз – жай ғана материал емес, табиғатқа, еңбекке, дәстүрге құрметтің белгісі.

Дәстүрді заманауи үлгімен қалай үйлестіресіз?

– Киімнің кестесі мен пішінін, ұлттық костюмнің негізгі элементтерін – өрнек, пішін, түстер үйлесімін – сақтаймын. Бірақ оларды заманауи стиль мен қолайлылыққа бейімдеймін. Осылайша ұлттық өрнекті шапандар, киізден жасалған картиналар, күнделікті өмірге жарасатын аксессуарлар дүниеге келеді.

Этномәдениетті насихаттауда қандай кедергілер бар?

– Жылдам таралатын трендтермен бәсекелесу және жүйелі қолдаудың болмауы. Қолөнер уақытты, сабырды, терең зейінді талап етеді, ал қазіргі өмір ырғағы оған мүмкіндік бермейді. Тағы бір мәселе – Қытайдан келетін бұйымдарды қолдан жасалған деп сатып, шынайы шебердің еңбегін арзандату. Бұл адамдарды жаңылыстырады, төл мәдениетпен шынайы танысу мүмкіндігін шектейді.

Мәдениет – өткеннің естелігі емес, халықтың тірі тынысы.

279
19.08.2025