Алматыдан Амстердамға дейінгі дәстүр жолы: қазақстандық мәдениет Еуропаны қалай баурап алды

Алматыдан Амстердамға дейінгі дәстүр жолы: қазақстандық мәдениет Еуропаны қалай баурап алды

Амстердам қаласында Алматы музейлер бірлестігінің «Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» атты көрмесі ашылды. Бұл - еуропалық көрерменге Қазақстанның бай тарихын, музыкалық мұрасын және өнерін паш еткен кең ауқымды мәдени жоба.

Көрменің ашылуына дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың басшылары, мәдениет пен өнер қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бұл оқиға Қазақстан мен Нидерланд арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түскен маңызды қадамға айналды. Сонымен бірге, ол Еуропа жұртшылығына Алматының бай мәдени мұрасын және қазіргі заманғы өнерін таныстырудың тамаша мүмкіндігін берді.

Qazaq Culture редакциясы Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ляззат Құдайбергенмен сұхбаттасып, осындай халықаралық жобалардың Қазақстанның туристік имиджін арттырудағы рөлін және алдағы жоспарлар туралы білді.

- Ляззат ханым, музейлер бірлестігінің қызметінде халықаралық байланыстарды дамыту маңызды орын алады. Амстердамдағы көрме идеясы қалай дүниеге келді?

- Дұрыс байқадыңыз. Біздің басты мақсатымыздың бірі - халықаралық ынтымақтастықты дамытып, Қазақстан мәдениетін әлемдік деңгейде таныту. Осы бағытта біз шетелдік серіктестермен жүйелі түрде жұмыс істеп, халықтар арасындағы мәдени диалог пен өзара түсіністікке жол ашатын орта қалыптастыруға ұмтылып келеміз.

Соңғы үш жыл ішінде халықаралық ұйымдармен 19 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық, сондай-ақ 12 ірі көрме өткіздік. Бұл шаралар Оңтүстік Корея (Сеул), Франция (Париж), Австрия (Вена), Италия (Неаполь), Чехия (Прага), Сербия (Белград), Мажарстан (Карцаг), Түркия (Стамбул) және соңында Нидерланд Корольдігінің астанасы Амстердамда өтті.

Амстердамдағы көрме осы жүйелі еңбектің заңды жалғасы болды. Жобаның басты мақсаты - халықаралық мәдени байланыстарды кеңейту мен көрмелік іс-шараларды жаңа деңгейге шығару. Біз үшін музей экспонаттарын жай ғана көрсету емес, дәстүр мен заманауи өнер тоғысқан тірі мәдени кеңістік құру маңызды. Осы арқылы Қазақстан мәдениеті жаһандық мәдениетаралық диалогтың бір бөлігі ретінде қабылданады.

Бұл жобаның жүзеге асуына Алматы қаласы әкімдігі, Нидерландтағы Юнус Эмре институты және Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Елшілігі үлкен қолдау көрсетті. Ортақ күш-жігердің арқасында «Дәстүр жалғастығы: бабалар аманаты» көрмесі өз деңгейінде өтті.

Көрмеде еуропалық көрермен ұлттық киім үлгілерімен, тұрмыстық бұйымдармен, сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен және тарихи артефакттармен танысты. Бірақ бұл тек заттық мәдениет емес - қазақ дүниетанымының, оның өткен мен келешек арасындағы үйлесімге құрылған философиясының көрінісі. Біз дәстүрді тоқтаған тарих емес, ұрпақтарды біріктіретін, өміршең ұлттық код ретінде ұсынғымыз келеді.

Сондықтан Амстердамдағы көрме - халықаралық ынтымақтастықтың жемісі ғана емес, сонымен қатар Алматының Шығыс пен Батысты, көне дәстүр мен заманауи өнерді жалғайтын мәдени көпірге айналу ниетінің айғағы.

- Көрме аясындағы халықаралық ынтымақтастықтың бастау нүктесі не болды?

- Бұл көрме аясындағы халықаралық ынтымақтастықтың бастауына Алматы қаласы музейлер бірлестігінің сыртқы байланыстарды жүйелі дамытуы мен кең ауқымды мәдени жобаларды табысты жүзеге асыруы түрткі болды. Осы бастамалар халықаралық мәдени диалогтың берік негізін қалады.

Соңғы жылдары Алматы Қазақстандағы музей дипломатиясының жетекші орталықтарының біріне айналды. Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Италия, Аустрия, Түркия, Мажарстан және өзге де елдердің іргелі музейлерінде ұйымдастырылған көрмелер тәжірибесі кәсіби байланыстар орнатып қана қойған жоқ, мәдени мекемелер арасында өзара сенім мен серіктестікті де нығайтты. Бұл жобалар қазақстандық өнер мен мәдени мұраның халықаралық қауымдастықта шынайы қызығушылық тудыратынын айқын көрсетті.

Сол себепті Амстердамда өткен «Дәстүр жалғастығы: Бабалар аманаты» көрмесі осы қалыптасқан халықаралық бағыттың заңды жалғасы болды. Ол бұған дейінгі жобалардың тәжірибесін біріктіріп, ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Енді назар ұлттық өнерді көрсетуге ғана емес, мәдениеттер арасындағы терең әрі тең құқылы диалог орнатуға бағытталды.

Жинақталған тәжірибе, кәсіби байланыстар және қазақстандық музей ісінің халықаралық деңгейде мойындалуы - осы жобаның жүзеге асуына негіз болған басты қозғаушы күш деуге болады. Амстердамдағы көрме - жай ғана мәдени шара емес, ол қазақстандық музей дипломатиясының кемелдік пен ашықтық деңгейіне жеткенінің айғағы. Бұл көрмеде өнер халықтар арасындағы өзара түсіністіктің ортақ тіліне айналды.

- Мұндай халықаралық жобаларға қатысудың Алматы үшін маңызы қандай?

- Мұндай жобаларды жүзеге асыру Алматы үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Ол қаланың Қазақстанның мәдени астанасы әрі халықаралық мәдени серіктестіктің белсенді орталығы ретіндегі мәртебесін күшейтеді. Бүгінде мәдениет - елдің беделі мен ықпалын арттыратын жұмсақ күштің негізгі тетіктерінің бірі. Ал Алматының осындай бастамаларға қатысуы - қаланың бай мұрасын сақтап қана қоймай, заманауи мәдени кеңістікті белсенді дамытып отырғанын әлемге танытады.

Амстердамдағы көрме - жай ғана экспозициялар алмасуы емес. Бұл - Алматының шығармашылық және рухани әлеуетін паш ететін мүмкіндік. Сондай-ақ ол ұлттық мұраны жаһандық мәдениет аясында таныстыруға, Қазақстанның дәстүр мен заманауилықты үйлестіре білген ел екенін көрсетуге жол ашады.

Бұған қоса, мұндай жобалар музейлер, зерттеушілер, суретшілер мен кураторлар арасындағы халықаралық байланыстарды дамытып, серіктестіктің жаңа бағыттарын қалыптастырады. Бұл Алматы үшін шетелдегі мәдени қатысуды кеңейту, қаланың мәдени бастамалар орталығы ретіндегі беделін арттыру және елдің жағымды халықаралық бейнесін күшейту деген сөз.

Сөйтіп, халықаралық көрмелерге қатысу - тек мәртебе емес, сонымен бірге Қазақстанның мәдени дипломатиясына қосылған нақты үлес. Бұл үдерісте Алматы ұлттық болмыстың мәдени елшісі ретінде өнер арқылы Шығыс пен Батысты тоғыстыратын рухани көпір рөлін атқарады.

- Бұл бастаманы Алматының Қазақстан мен Орталық Азиядағы мәдени орталық ретіндегі мәртебесін айқындайтын маңызды қадам деуге бола ма?

- Әрине. Мұндай жобалар Алматының халықаралық деңгейде өз орнын айқындап, мәдени кеңістіктегі беделін арттыруға жол ашады. Бұл арқылы қала «Қазақстан мен Орталық Азияның мәдени астанасы» ретінде қалыптасып, ашықтыққа, диалог пен ынтымақтастыққа үндейтін рухани ортаға айналады.

- Шетелде өз жәдігерлерін таныстырған Алматы қаласы Музейлер бірлестігіне қандай музейлер енді?

- Нидерланд Корольдігінің Амстердам қаласында өткен «Дәстүр жалғастығы: Бабалар аманаты» атты көрмеде Алматы музейі мен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорларынан алынған сирек жәдігерлер ұсынылды. Бұл екі музей Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің құрамына кіреді.

- «Дәстүр жалғастығы: Бабалар аманаты» көрмесінің басты мақсаты не болды?

- Көрменің негізгі мақсаты - еуропалық көрерменді қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстыру, сонымен қатар дәстүр - өткеннің сарқыншағы емес, бүгінгі өнерге, сән мен дизайнға, дүниетанымға ықпал ететін тірі рухани құбылыс екенін көрсету.

Бұл жоба қазақ мәдениетін біртұтас рухани жүйе - халықтың тарихы мен дүниетанымын бейнелейтін нышандар мен мағыналар жиынтығы ретінде ашып көрсетуді көздеді. Экспозицияда түпнұсқа артефактілер, тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, ұлттық киім элементтері, қолданбалы өнер туындылары және дәстүрлі өрнектердің заманауи бейнелері қатар қойылды.

- Қазақ мәдени мұрасы арқылы еуропалық жұртшылыққа нені жеткізгіңіз келді?

- Біз қазақ мәдениетінің әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін және оның адамзаттық құндылықтарды - ата-бабаға құрметті, табиғатпен үндестікті, шығармашылық еркіндікті паш ететін ортақ тіл екенін көрсеткіміз келді.

- Нидерландтағы көрме қонақтары мен ұйымдастырушылар қандай әсерде қалды?

- Көрме өте жылы қабылданды. Келушілер қазақ өнеріндегі терең символизм мен эстетикалық талғамды ерекше атап өтті. Ұйымдастырушылар болса, көрменің кәсіби деңгейде дайындалғанын және мазмұнының байлығын жоғары бағалады.

- Еуропалық мамандар қазақтың дәстүрі мен қолөнеріне қызығушылық танытты ма?

- Иә, әсіресе дәстүрлі қазақ қолөнері, музыкалық аспаптар мен зергерлік бұйымдарға айрықша қызығушылық болды. Көрмеден кейін Амстердамдағы өзге музейлер тарапынан ынтымақтастық орнату және бірлескен көрмелер өткізу жөнінде ұсыныстар түсті.

- Көрмеде қандай жәдігерлер мен нышандар негізгі орын алып, шетелдік көрерменге ерекше әсер қалдырды?

- Көрменің өзегін қазақтың ұлттық киімдері, зергерлік бұйымдары және халықтың рухани мұрасын бейнелейтін музыкалық аспаптар құрады. Келушілердің ерекше назарын неке салтанатында киілетін дәстүрлі бас киім - саукеле аударды. Ол - қазақ қыздарының сұлулығы мен ізеттілігінің, сондай-ақ ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан отбасы мен рухани құндылықтардың символы.

- Мұндай көрмелерді Еуропаның өзге елдерінде өткізу жоспарланып отыр ма?

- Әрине. Музейлер бірлестігінің халықаралық қызметі жалғасады. Қазіргі уақытта Қытай, АҚШ және Еуропаның бірнеше мемлекетіндегі музейлермен келіссөздер жүргізілуде.

380
26.11.2025