
Астанада Халықаралық жастар күні JASTAR DAY ауқымды open air-фестивалімен атап өтілді. Іс-шара Есіл жағалауындағы жазғы амфитеатрда өтіп, елорданың жүздеген жас тұрғыны мен қонағын жинады.
Фестиваль концерттік бағдарлама аясымен шектелмей, пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және жаңа мүмкіндіктермен танысуға арналған алаңға айналды. Бағдарламада қазіргі жастар үшін өзекті бірнеше бағыт – білім, мансаптық даму, цифрлық технологиялар, экология, құқықтық мәдениет және креативті индустриялар қамтылды.
«Таза Қазақстан» және «Заң және тәртіп» бастамаларына ерекше назар аударылды. Қатысушылар жеке жауапкершілік, экологиялық мәдениет, қауіпсіз қалалық орта, сондай-ақ жасөспірімдер мен студенттер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады.
Фестивальдің жеке бөлімі кәсіби дағдыларды дамытуға арналды. Жастарға білім алу, жұмысқа орналасу, ресми түрде қосымша табыс табу және сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру мүмкіндіктері таныстырылды. Олардың қатарында графикалық дизайн, жасанды интеллект, мобилография, таргетинг, тігін ісі және жұмысшы мамандықтары бар.
JASTAR DAY бағдарламасын қазақстандық танымал орындаушылардың концерті жалғастырды. Сахнада Ersultan Omar, Шеру Нурай, Erkebulan&Bauyrzhan, Ілияс Қабдырай, Baxa, Rick және Абзал Өтешов өнер көрсетті.
Фестиваль жастар саясатының бір реттік мерекелік іс-шаралармен шектелмейтінін көрсетті. Мұндай алаңдар белсенді жастарды біріктіріп, олардың бастамаларын қолдауға, волонтерлік пен кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және қоғамдық жобаларға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.