
23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Айтулы күнге орай Qazaq Culture-ге берген сұхбатында жазушы Үнзила Мыңбай кітаптың адам болмысы мен қоғам санасын қалыптастырудағы орнын сөз етті.
Үнзила Мыңбай – талантты жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол бір адамның өмірін тұтас бір буынның болмысымен астастыра суреттейтін «Женщины моего дома», «Чемпионы родом из детства» секілді кітаптардың авторы.
Қаламгер оқудың маңызы, әдебиетке келу жолы, шығармашылығындағы отбасы мен әйел әлемі, сондай-ақ бүгінгі жас буынның кітап оқуға деген қызығушылығын қалай оятуға болатыны туралы ой бөлісті. Сондай-ақ, сұхбат барысында кітаптың құндылықтар сабақтастығын сақтаудағы рөлі мен оқырман мәдениетін нығайтудың маңызы туралы кеңінен әңгіме қозғалды.
– 23 сәуірде Қазақстанда Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Сіздің ойыңызша, қазіргі қоғамда кітаптың рөлі қандай?
– Меніңше, кітап қоғамдық өмірдегі бұрынғы салмағын бір кезеңде аздап жоғалта бастағандықтан, бүгінде оған мемлекеттік деңгейде ерекше назар аударылып отыр. Ұлттық кітап күнінің пайда болуы – аса маңызды нышан, оқитын ұлт қалыптастыруға бағыт беретін дұрыс ұстаным. Мұны мен өте өзекті әрі уақытында жасалған қадам деп қабылдаймын.
Кез келген мемлекетке адамның өз елімен байланысын сезіндіретін, туған жер алдындағы жауапкершілігін арттыратын, отбасына, қоғамға және өзіне деген құрметін қалыптастыратын берік құндылықтар жүйесі қажет. Кітап сол сезімдерді, сол мағыналарды, сол ұмтылыстарды қалыптастыратын ең басты қайнарлардың бірі болып келген және солай болып қала береді.
– Әдебиеттегі жолыңыз қалай басталды? Жазушы үшін арнайы білім қаншалықты маңызды?
– Мен әрдайым жазушы болғым келді. Әрине, оған дейін актриса, президент, балгер болғым келген кезеңдер де болды. Бірақ соңғылары өткінші қиял ғана еді. Жазсам деген арман мені ешқашан тастаған емес. Тіпті корпоративтік заңгер болып жүрген кезімде де сол тілек ішімде өмір сүрді.
Сосын үшінші рет босандым. Адамды бөлшектеп қайта құрастырғандай күй кешіретін ауыр оқиғалардан кейін кейде өмірге басқаша қарай бастайсың ғой. Мен де үшінші босанудан кейін есімді жиған сәтте енді жазушы болатынымды анық түсіндім. Үшінші баламды дүниеге әкелгеннен кейін, кенеттен анық әрі тіпті қолға ұстағандай нақты түрде кітап оқығым келгені есімде. Сол сәтте мен көптен бері кітап оқымағанымды ұқтым.
Маған кітаптың адамды тұтас баурап алатын, тоқтамай оқытатын, жан дүниеңді тербетіп, сөзге де, өмірге де сезімталдықты қайта оятатын сол бір күйін қайта сезінгім келді.
Содан кітапханаға бардым. Онда маған Дина Рубинаның әңгімелерін ұсынды. Ол кезде мен мектеп бітіргелі бері ештеңе оқымағандай едім – жастық шақ, отбасы, бала-шаға, жаңа тіршілік деп, кітапқа қол жете бермепті. Бірақ дәл сол шығармалар менің ішкі әлеміме қатты әсер етті. Оқыған сайын тілім байып, интонациям айқындалып, образды қабылдауым тереңдеп, адам жанының иірімдерін жаңаша сезіне бастағандай болдым.
Бір сәтте сол ішкі толысу табиғи түрде өзімнің де жазуға деген ықыласыма ұласты. Ішімде жиналған дүниені сыртқа шығарғым, сөзбен өрнектегім келді.
Кәсіби білімге келсек, оның маңызы зор деп ойлаймын. Ол жүйе қалыптастырады, оқу аясын кеңейтеді, әдебиетті әрі кәсіп, әрі өнер ретінде тануға үйретеді. Бірақ, меніңше, бір ғана білім жеткіліксіз. Жазушы – адамның ішінде сөйлеуге деген тоқтаусыз мұқтаждық пайда болған жерде, дүниені басқалардан тереңірек сезіне алатын қабілет бар жерде басталады.
– Неліктен отбасы мен әйелдің рөлі сіздің шығармашылығыңызда ерекше орын алады? Шабытты қайдан аласыз?
– Бәлкім, мен отбасыға және жақын адамдар арасындағы байланыстың қуатына шын жүректен сенетіндіктен шығар. Мен үшін ең маңыздының бәрі үймен, балалық шақпен, ата-анамен, жарыммен, балаларыммен байланысты. Адамның ең күшті сезімдері мен ең терең естеліктері де дәл сол ортада туады.
Маған жанымдағы адамдар шабыт береді. Әр адам мен үшін – жеке бір ғалам. Қоғам кейде әлсіз болуға мүмкіндік бере бермейтін сезімтал ерлер туралы, күнделікті көзге көп түсе бермейтін ерліктері елеусіз қалып жататын әйелдер туралы, біздің ересектерше қабылдаған шешімдеріміз тұтас әлемге айналатын балалар туралы жазғым келеді.
Мен үшін отбасы – кез келген оқиғаның бастауы. Адамның болмысы да дәл сол жерде қалыптасады. Оның күші де, жарасы да, сүюге қабілеті де, жалғыздыққа ұмтылысы да...
– Құндылықтарды қалыптастыруда әдебиеттің рөлі қандай? Бүгінгі жас буынға оқу дағдысын қалай сіңіруге болады?
– Әдебиет әлі де құндылық қалыптастырады. Бірақ ол бүгінгі оқырманға жақын әрі түсінікті болуы керек. Қазір оқуға тартымдылық жетіспейді. Кітапты белгілі бір мағынада «қайта ұсыну» қажет. Оны көрнекі жағынан қызықты, заманауи етіп жасап, адамның күнделікті мәдени өміріндегі үйреншікті дүниелер секілді өзіне тартып тұратындай деңгейге жеткізу керек.
Сонымен бірге автордың қалай жазатыны да өте маңызды. Күрделі, шамадан тыс ауыр тіл оқырманды алыстатады. Мәтін тірі, шынайы болуы керек және оқырманмен бір тілде сөйлегені жөн. Кім үшін жазып отырғаныңды түсіну қажет. Қазір адамдардың уақыты аз. Сондықтан қысқа форма, динамикалы мәтін, шағын проза көбірек сұранысқа ие болып, оқуға деген қызығушылықты қайта оятуға көмектеседі.
Кітап клубтары да жақсы нәтиже береді. Әуелде адам жауапкершілікпен, белгіленген мерзім үшін оқиды. Кейін шынайы қызығушылық пен ләззат пайда болады. Осылайша біртіндеп дағды қалыптасып, кітапқа деген сүйіспеншілік қайта оралады.
– Бүгін қандай кітапты оқуға кеңес берер едіңіз және не үшін?
– Шынымды айтсам, мен өзімнің «Женщины моего дома» атты кітабымды ұсынар едім. Бұл тек өз сұхбатым болғандықтан емес, жинақта біздің замандастарымыз туралы жылылықпен, юмормен және шынайылықпен жазылған әңгімелер топтастырылғандықтан.
Кітаптың өзегінде әйел және оның иығында тұрған тұтас әлем – бала-шаға, отбасы, жұмыс, ішкі күйзелістер мен толғаныстар. Бұл күнделікті өмірдегі қайсарлық туралы, көзге түсе бермейтін ерлік туралы, атақ та, марапат та күтпей өмір сүріп жатқан жандар туралы әңгімелер.
Мен үшін бұл кітап – қоғамның шынайы бір кескіні. Оның басты кейіпкерлері – кәдімгі қарапайым әйелдер. Біздің аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, көршілеріміз. Олар үйреншікті түсініктегі ұлы тұлғалар болмауы мүмкін, бірақ шын мәнінде өте мықты жандар. Тек оны өздері дабыра қылып айтпайды.