
Бәрі Spotify-дан іздеген музыканың табылмауынан басталды. Австрияда он екі жыл тұрып, Қазақстанға оралған скрипкашы Жәңгір Жұбанов арғы атасы Ахмет Жұбановтың шығармаларын стриминг қызметінен тыңдағысы келген. Алайда Қазақстанның кәсіби музыка тарихын онсыз елестету мүмкін емес тұлғаның туындылары цифрлық кеңістікте жоқтың қасы болып шықты. Бах, Барток немесе Шостаковичтің шығармаларын экранды бірер рет түртіп-ақ тыңдап үйренген адам үшін мұны түсіну қиын еді.
Осылайша пианист Ерназар Ғимаратпен бірге «Ахмет Жұбанов. Скрипка мен фортепианоға арналған шығармаларының толық жинағы» альбомын жазу идеясы туды. Жоба Алматыда композитордың туғанына 120 жыл толған жылы таныстырылды. Дегенмен оның мәні мерейтой аясымен шектелмейді. Мұнда ХХ ғасыр музыкасының ХХІ ғасырдағы таралу жолдарына бейімделуі және сол кеңістіктен орын таппаған мәдени мұраның тағдыры туралы мәселе бар.
Бір кездері мұндай шығармаларды тыңдау мен орындау мүмкіндігі нота қорларына, күйтабақтарға, радио мен концерт залдарына байланысты еді. Қазір композитормен алғашқы таныстық көбіне іздеу жолағынан басталады. Тыңдарман өзі күнделікті пайдаланатын платформадан жазбаны таба алмаса, сол шығарма оның музыкалық өмірінен де тыс қалады. Ахмет Жұбанов мұрасына келгенде бұл алшақтық айрықша сезіледі. Композитор, музыкатанушы, халық музыкасын зерттеуші әрі Қазақстандағы кәсіби музыка мәдениетінің негізін қалаушылардың бірі қалдырған мұра ұлттық өнердің алтын қорына әлдеқашан енген. Бірақ шығарманың биік бағалануы мен оны кез келген уақытта тыңдай алу мүмкіндігі бірдей емес. Туындының тарихи орны мойындалғанымен, жаңа тыңдарманға жетер жолы әлі де қиын болуы мүмкін.
Сондықтан Жәңгір Жұбанов пен Ерназар Ғимараттың жұмысы шығармаларды орындаумен ғана шектелген жоқ. Музыканттар сақталған ноталарды қайта қарап, туындылардың қолда бар нұсқаларын іздестірді, кейбір шығармалардың өңдеулерін қайта пысықтады. Дыбыс жазу жұмыстары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен залында өтті. Осы еңбектің нәтижесінде Ахмет Жұбановтың скрипка мен фортепианоға арналған шығармалары түгелдей заманауи кәсіби сапада жазылды.
Бұл үдерістің бір қызық қайшылығы бар. Цифрлық альбомды шығару сырт көзге оп-оңай көрінеді. Музыка платформаға ешқандай күйтабақсыз не дискісіз жүктеледі, мұқабасы экраннан көрінеді, ал шығарманы таңдаған сәт пен алғашқы дыбыстың арасы бірнеше секунд қана. Бірақ осы қарапайым қолданыстың артында мұрағат ақтару, партитурамен жұмыс істеу, орындаушылық дәстүрді зерделеу секілді қыруар еңбек жатыр. Сонымен бірге бүгінгі музыканттың өткен дәуір туындысын өзінше түсіндіріп, өзінше орындауда қаншалықты еркін бола алатыны жөніндегі сауал да туындайды.
Жәңгір үшін бұл жоба өз әулетінің тарихына қайта үңілудің де бір жолы болды. Альбом мұқабасына Ахмет Жұбановтың жас кезіндегі суреті таңдалған. Онда оқулықтан таныс тұғырлы тұлғадан гөрі, өмір жолын енді бастаған жас адам бейнесі көрінеді. Бұл таңдау орындаушының өз өміріндегі кезеңмен де үндесіп жатыр. Ұзақ жыл шетелде тұрған Жәңгір ендігі өмірін Қазақстанмен байланыстырады. Арғы атасының шығармаларын жазу елге оралғаннан кейінгі алғашқы ірі жұмыстарының бірі болды.
Осы тұста әулет мұрасын жалғастыру ұғымы да өзгеше мәнге ие болады. Музыканттар әулеті туралы сөз болғанда көбіне кәсіптің ұрпақтан ұрпаққа берілуі айтылады. Бала үйдегі аспапты көріп, дайындықты тыңдап өседі, кейін өзі де сахнаға шығады. Алайда бірнеше буын ауысқан соң басқа міндет туады. Енді музыкамен айналысуды жалғастырумен қатар, әулеттің әлдеқашан қалыптасқан мұрасын жаңаша зерделеп, оған деген өз көзқарасыңды айқындау қажет.
Арғы атаңның шығармасын орындау онымен терең туыстық байланысты сезіне отырып, туындыға кәсіби тұрғыдан қарай білуді де талап етеді. Жазба тек әулет атынан көрсетілген құрмет болып қалмауы керек. Музыка орындаушының тегіне тәуелсіз өмір сүріп, олардың туыстығынан бейхабар тыңдарманды да баурай алуға тиіс. Осы тұрғыдан пианист Ерназар Ғимараттың жобаға қосылуы ерекше мәнге ие. Альбом композитор ұрпағының жеке орындаушылық ұстанымына ғана құрылмаған. Оның өзегінде екі жас музыканттың бұдан бірнеше онжылдық бұрын жазылған шығармаларды бірлесіп танып, камералық үндестікпен жеткізуі жатыр.
Almaty Museum of Arts музейінде өткен таныстырылым концертінде бұл ой жалғасын тапты. Жәңгір Жұбанов пен Ерназар Ғимаратқа альтшылар Әділ Кәрімов пен Ілхан Тоқтахунов, Аршат Шәріп жетекшілік ететін Giovani Talenti камералық оркестрі қосылды. Цифрлық альбомға дайындалған музыка әуелгі табиғи ортасына оралып, тыңдарман алдында жанды дауыста орындалды.
Классикалық музыканы цифрлық кеңістікке шығарудың ең қызық нәтижелерінің бірі де осы болса керек. Стриминг концерттің орнын басуы шарт емес. Ол тыңдарманның концертке келу жолын өзгерте алады. Адам шығарманы алғаш рет құлаққаппен тыңдап, содан кейін композитор туралы ізденуі, өзге жазбаларын табуы мүмкін. Сөйтіп бір күні концерт залына сол музыканы танып, арнайы тыңдау үшін келеді.
Цифрлық жазбалардың қолжетімді болуы жас музыканттар үшін де маңызды. Шығарма тек нота күйінде немесе ескі мұрағаттық жазбада сақталса, оның орындалу дәстүрін зерттеу әлдеқайда қиындайды. Бүгінгі кәсіби жазба туындының дербес орындаушылық нұсқасы болумен бірге, кейін осы музыкаға ден қоятындарға бағыт-бағдар да береді.
Сондықтан Ахмет Жұбанов альбомының халықаралық стриминг қызметтерінде жарық көруін тек технологиялық жаңалық ретінде қарастыру аздық етеді. Бұл - музыкалық мұраның бүгінгі өмірден қайта орын алуы. Архив шығарманы сақтайды, орындаушы оны сахнаға қайта шығарады, ал цифрлық орта күнделікті тыңдалатын музыка қатарына қосады. Енді оны біреу кездейсоқ тауып, плейлистіне енгізеді, біреу Қазақстаннан жырақта жүріп тыңдайды, енді біреу партитурасын алғаш рет қолына алған студент кезінде ашады.
Жоба тобы жұмысты жалғастыруды да көздеп отыр. Алда жаңа жазбалар жасау, шығармаларды өңдеу, Ахмет Жұбанов атындағы қордың жұмысын қайта жандандыру жоспарлары бар. Олар жүзеге асса, бұл альбом мерейтойға арналған қорытынды жинақ емес, ауқымды істің алғашқы қадамына айналмақ.
Мәдени мұра үшін мұның маңызы мерейтойдың өзінен де зор болуы мүмкін. Композитордың 120 жылдығы бір рет аталып өтеді. Ал тыңдау батырмасын басып, оның музыкасын алғаш рет есту мүмкіндігі қалады.