Маусым шымылдығын Верди жабады: «Дон Карлос» «Опералия-2026» фестивалін қорытындылайды

Маусым шымылдығын Верди жабады: «Дон Карлос» «Опералия-2026» фестивалін қорытындылайды

Екі айға созылған ауқымды бағдарлама, әлемнің 16 елінен келген өнерпаздар және алғаш рет театр сахнасынан тыс кеңістіктерді қамтыған мәдени іс-шаралармен «Опералия-2026» халықаралық музыка фестивалі мәресіне жақындап келеді. Ұйымдастырушылар фестивальдің салтанатты қорытындысына бүкіл жобаның ауқымына сай келетін туындыны таңдады. 11 және 12 шілде күндері «Астана Опера» сахнасында Джузеппе Вердидің билік пен бостандық, махаббат пен парыз, билеушінің жалғыздығы мен адам таңдауының құны туралы толғаныстарға құрылған «Дон Карлос» операсы ұсынылады.

Бұл қойылымдар 21 мамырда басталған фестивальдің қорытынды аккорды ғана емес, «Астана Опера» театрының XIII маусымын салтанатты түрде түйіндейтін маңызды мәдени оқиға болмақ. Дирижерлік пультке театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, спектакльдің қоюшы дирижері Алан Бөрібаев шығады.

Фестивальдің «Дон Карлоспен» аяқталуы заңды шешім деуге болады. Бұл – Вердидің тарихи оқиғалардың кең тынысын кейіпкерлердің терең жеке драмаларымен шебер ұштастырған ең күрделі әрі монументалды партитураларының бірі. Операда біржақты мінез де, оңай шешім де жоқ. Әр кейіпкер өзінің ішкі сезімі, қоғамдық парызы, саяси қажеттілік пен жүйе алдындағы үрейдің арасында таңдау жасауға мәжбүр.

Операның негізіне Фридрих Шиллердің XVI ғасырдағы Испания тарихына арналған пьесасы алынған. Алайда Верди тарихи шежіре жасауды мақсат тұтқан жоқ. Композиторды ең алдымен адам мен биліктің арақатынасы толғандырды. Мемлекеттік жүйенің жеке адамның өміріне қалай араласатыны, адамдар арасындағы сенімді қалай күйрететіні және шексіз билік иесінің өзін де өз мәртебесінің тұтқынына қалай айналдыратыны шығармада терең бейнеленеді.

Оқиғаның өзегінде Испания королі ІІ Филипптің ұлы, инфант Дон Карлос тұр. Оның сүйгені Елизавета Валуа Испания мен Франция арасындағы саяси бітімді сақтау үшін Дон Карлостың әкесіне тұрмысқа шығады. Жеке бастың қасіреті Фландрияның азаттығы жолындағы күреспен, сарай ішіндегі астыртын әрекеттермен және инквизицияның шексіз ықпалымен астасып жатады. Сондықтан «Дон Карлос» бір мезгілде махаббат драмасы, саяси трагедия және биліктің табиғаты туралы терең толғаныс ретінде қабылданады.

Операдағы ең салмақты бейнелердің бірі – ІІ Филипп. Көрермен алдында тек қатал монарх қана емес, отбасынан да, сарай маңынан да сенім мен жан тыныштығын таба алмаған жалғыз адам көрінеді. Корольдің әйгілі сахналарында сырт көзге мызғымас беріктік біртіндеп ішкі әлсіздік пен жан күйзелісіне жол береді.

11 шілдеде ІІ Филипптің партиясын Верди репертуарын шебер меңгерген әйгілі орындаушылардың бірі, италиялық бас Джакомо Престиа орындайды. Әнші Миландағы «Ла Скала», Вена мемлекеттік операсы, Париж ұлттық операсы, Неапольдегі Сан-Карло театры және әлемнің басқа да жетекші театрларының сахналарында өнер көрсеткен. Астанадағы қойылым оның қазақстандық көрерменмен алғашқы жүздесуі болмақ.

Джакомо Престианың айтуынша, әлемнің түрлі елдерінде ондаған рет орындағанына қарамастан, ІІ Филипптің партиясы оның шығармашылығындағы ең жақын әрі сүйікті рөлдерінің бірі болып қала береді.

– ІІ Филипп – менің ең сүйікті рөлім. Мен бұл партияны әлемнің көптеген сахнасында ондаған рет орындадым. Бұл – бас дауысына арналған ең мазмұнды партиялардың бірі. Ол әншіге вокалдық шеберлігін ғана емес, актерлік мүмкіндігін де жан-жақты ашуға жол береді, – деді өнерпаз.

Король бейнесін сомдауға дайындық кезінде әнші партитура мен либреттомен ғана шектелмей, тарихи деректерді де терең зерттеген.

– Филипп – тарихта өмір сүрген нақты тұлға. Сондықтан мен оның өмірбаянын мұқият зерттеп, XVI ғасырдағы Испания тарихы мен түрлі дереккөздерге үңілдім. Мен үшін шартты опералық монархты емес, алып билік жүйесінің ішінде қалған күрделі адамды көрсету маңызды, – деп атап өтті Джакомо Престиа.

Әнші Қазақстанға келмес бұрын «Астана Опера» театры мен оның көрермендері туралы әріптестерінен көптеген жылы пікір естігенін айтады.

– «Астана Операда» өнер көрсеткен әріптестерім мұндағы көрерменнің талғамы жоғары әрі Верди репертуарына сай дауыстарды ерекше бағалайтынын айтты. Бұл менің Астанадағы алғашқы өнер көрсетуім. Театрмен танысып, қазақстандық әншілермен бір сахнада өнер көрсетуге және ІІ Филипп бейнесіне қатысты өз пайымымды көрерменге ұсынуға асығып жүрмін. Бұл сапар мен үшін тың шығармашылық тәжірибе боларына сенімдімін, – деді әнші.

12 шілдеде өтетін екінші спектакльде Испания королінің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников сомдайды. Осылайша көрермен опера репертуарындағы психологиялық иірімі аса күрделі бас партияларының бірін екі орындаушының көркемдік шешімі арқылы салыстыра алады.

Операда Ұлы инквизитор бейнесінің де орны ерекше. Оның алдында корольдің өзі шегінуге мәжбүр. Бұл партияны фестивальдің екі кешінде де Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Мәскеудегі «Геликон-опера» музыкалық театрының солисі Михаил Гужов орындайды. ІІ Филипп пен Ұлы инквизитордың диалогі шығарманың ең шарықтау шегіндегі көріністерінің бірі саналады. Бұл сахнада монархтың ресми билігі мен өзін барлық шектеуден жоғары қоятын институттың күші бетпе-бет келеді.

Басты партияны «Астана Опера» театрының жетекші солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев пен Саян Иса орындайды. Дон Карлос партиясы әншіден зор вокалдық төзімділікті ғана емес, Елизаветаға деген махаббат, Родригомен достық және езгі көрген Фландрия халқын қорғауға деген ұмтылыс арасында арпалысқан кейіпкердің ішкі тұрақсыздығын нанымды жеткізе білуді талап етеді.

Елизавета Валуа бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ пен Жұпар Ғабдуллина сомдайды. Олардың кейіпкері мемлекеттер арасындағы бейбітшілік үшін жеке бақытынан бас тартуға мәжбүр. Соған қарамастан ол кез келген сезімнің көрінісі сатқындық ретінде қабылдануы мүмкін ортада да өзінің қадір-қасиетін жоғалтпайды.

Дон Карлостың досы әрі азаттық идеясын қорғаушы маркиз Родриго партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев пен Расул Жармағамбетов орындайды. Ал Эболи ханшайымының бейнесін Салтанат Мұратбекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская ұсынады.

Қатысушылар құрамы «Дон Карлосты» шетелдік жұлдыздың гастрольдік сапары немесе театрдың кезекті репертуарлық қойылымы ретінде ғана қабылдауға мүмкіндік бермейді. Бұл кештерде сахнада түрлі орындаушылық мектептер мен көркемдік дәстүрлер тоғысады. Қазақстандық солистер Верди музыкасы халықаралық мансабының маңызды бөлігіне айналған танымал өнерпаздармен бірге өнер көрсетеді.

Мұндай қойылым «Опералия-2026» фестивалі үшін мәдениеттер сұхбатына негізделген ауқымды бағдарламаның заңды қорытындысына айналмақ. Екі ай бойы жоба әлемнің 16 елінен келген өнерпаздардың басын қосып, театрлық іс-шаралардың қалыптасқан географиясын кеңейтті және алғаш рет «Астана Опера» ғимаратының шеңберінен шықты. Енді фестиваль екі ай бойы жинақталған шығармашылық тәжірибемен өзінің басты сахнасына қайта оралады.

«Дон Карлос» көрерменге маусымның жеңіл әрі алаңсыз аяқталуын ұсынбайды. Бұл – зейінді, терең сезінуді және әншілердің дауысына ғана емес, олардың арасындағы үнсіздікке де құлақ түре білуді қажет ететін музыка. Верди кейіпкерлердің дені жеңіліс табатын, бірақ соған қарамастан сүю, сену, достыққа адал болу және азаттығын қорғау құқығынан бас тартпайтын әлемді көрсетеді.

Сондықтан фестивальдің қорытынды спектакльдері афишадағы салтанатты нүкте ғана болып қалмайды. XIII маусым мен халықаралық фестивальді аяқтай отырып, «Астана Опера» көрерменге асқақ көркемдік өлшем мен адам тағдырының күрделілігі біртұтас өрілген туындыны ұсынады. «Опералия-2026» даңғаза мерекелік ишарамен емес, опера өнері адам алдына қоя алатын ең терең сауалдардың бірімен аяқталады – билік адамнан өзінің сезімі мен сенімінен бас тартуды талап еткен жағдайда, ол өз болмысын сақтап қала ала ма?

245
10.07.2026