«Астана Опера» театрында «Музыкалық бөлме» циклі жалғасады

«Астана Опера» театрында «Музыкалық бөлме» циклі жалғасады

Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда «Астана Опера» театрында 6 наурызда махаббаттың әсем әуендері қайтадан шырқалады. «Жүрек музыкасы...» мерекелік концерті тыңдармандардың жүрегін өзінің бай репертуарымен және камералық атмосферасының жылылығымен жаулаған «Музыкалық қонақжай» циклінің жалғасы болмақ.

Бұл кеште көпшілікті нағыз музыкалық калейдоскоп күтеді: Қазақстан композиторларының әндері, ретро-композициялар, өткен ғасырдың хит әндері және әлемдік классиканың танымал туындылары.

Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембірова, «Мәдениет саласының үздігі» Ләйлә Сейітова, Саида Үсеналиева орындайды. Олардың сүйемелдеуімен сахнада театрдың опера труппасының солистері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Бибігүл Жанұзақ, Айгүл Ниязова, Жанат Шыбықбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, солистер Елена Ганжа, Лейла Аламанова, Елена Низамутдинова (шақырылған сопрано), Салтанат Мұратбекова, Артур Ғабдиев, Талғат Аллабиринов, Алмат Ізбамбетов (шақырылған тенор), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азат Мәлік, Сұлтан Бақытжан және Болат Есімханов өнер көрсетеді. Жоба авторы – Қазақстанның халық әртісі профессор Хорлан Қалиламбекова.

Сонымен қатар, музыкалық кешке аспапшылар - скрипкашылар Эльмира Жармұхамедова, Айя Ғаббасова және виолончельші Данияр Қадралинов қатысады.

«Қаңтарда біз көпшілікке «Музыкалық қонақжай» циклінен концерт ұсындық, енді оны жалғастырамыз. Көпшіліктің сүйікті әуендері – А.Бабаджанян, И. Дунаевский, М. Таривердиевтің әндері, сондай-ақ неаполитандық әуендер, романстар, оперетталардан ариялар шырқалады. Барлық туындыны бір тақырып біріктіреді – махаббат», -деп бөлісті Раушан Бескембірова.

«Астана Опера» жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова мұндай концерттер театрдың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

«Біз Хорлан Ықсанқызы құрған бұл жобаға К.Байсейітова атындағы театрдың кезінен бері қатысып келеміз және біздің «Музыкалық қонақжайымыз» енді «Астана Опера» театрында өз тарихын жалғастырып, жаңа идеялармен, эмоциялармен, жаңғырықпен толығып жатқанына өте қуаныштымыз. Оның жас орындаушыларға жол ашып, оларға ұлы композиторлардың туындыларына қол тигізуге мүмкіндік беретіні әсіресе құнды», - деп атап өтті Айгүл Ниязова.

«Жүрек музыкасы...» концерті Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтеді және міндетті түрде көктемгі көңіл-күй, нәзіктік пен шабыт атмосферасын жасайды. Жоба авторы барлық тыңдармандар үшін керемет сыйлық болатын махаббатты дәріптейтін музыканы арнайы таңдады.

339
14.04.2025