Армения астанасында 100-ге жуық студент қазақ тілін меңгеріп жатыр

Армения астанасында 100-ге жуық студент қазақ тілін меңгеріп жатыр

Армениядағы Ереван мемлекеттік университетінде Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл – шетелде орналасқан қазақ мәдениетіне арналған бірегей ғылыми-мәдени орталық.

Орталық қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын армян тіліне аударып, оларды кеңінен насихаттауға үлес қосып жүр. Атап айтқанда, алғаш рет Шәкәрім Құдайбердіұлының туындылары армян тіліне аударылып жарық көрді. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаев сияқты әдебиет майталмандарының шығармалары да армян оқырмандарына жол тартты.

«Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, ақынның Қара сөздері армян тілінде басылып шықты. Бұл аударманы төте жазудағы түпнұсқамен, сондай-ақ түрік, ағылшын және орыс тілдеріндегі нұсқалармен салыстыра отырып дайындадық. Кітапқа армян тілінде кіріспе түсініктеме жазылып, әр сөзге терең тарихи-филологиялық талдаулар жасалды», – дейді Түркология кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Сафарян.

Орталықтың ауқымды жобаларының бірі – Қазақ әдебиетінің фундаменталды антологиясы. Көлемді еңбектің ерекшеліктеріне тоқталған Александр Сафарян жинаққа енген туындылар жайлы былай деді:

«Бұл жинаққа тек классикалық және кеңестік кезең әдебиеті ғана емес, ұлттық фольклор, лиро-эпостық жырлар, ақын-жыраулар мұрасы, эпистолярлық жанрдың үздік үлгілері және қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары да енді. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский арасындағы хат алмасулар мен сирек фотосуреттер де топтастырылған».

Орталыққа қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениетімен жақынырақ танысқысы келетін жастар көптеп келуде. «Қазіргі таңда орталықта қазақ тілін меңгеріп жатқан студенттердің саны жүзге жуық. Университет кітапханасы мен орталықтың қорында қазақ тіліндегі және қазақ тілінен аударылған мыңнан астам кітап бар. Бұл – мәдениет пен білім алмасудың алтын көпіріне айналып отыр. Аталған бастамалар екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, тарихи және әдеби мұрамызды халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – дейді Александр Сафарян.

398
24.04.2025