
Креативті индустрияларды дамыту қоры мен Profi DM компаниясы қазақстандық креаторлардың шығармашылығын кеңінен таныту, өңірлік брендтерді насихаттау және мәдени жобаларды ақпараттық қолдау мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Қордың Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов пен Profi DM компаниясының директоры Вероника Масимова қол қойды.
Келісім аясында отандық дизайнерлердің, қолөнершілердің және шығармашылық кәсіпкерлердің өнімдерін көпшілікке таныту, олардың нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейту және мәдени іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу көзделген.
Серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі – Қор жобалары туралы ақпаратты Profi DM компаниясының LED экрандары мен сыртқы жарнама алаңдарында орналастыру. Бұл елорда тұрғындары мен қонақтарын алдағы іс-шаралардан хабардар етіп, креаторлардың өнімдері мен қызметтерін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.
Тараптар бірлескен ақпараттық науқандар ұйымдастыру, жарнамалық материалдарды әзірлеу және оларды қаланың цифрлық жарнама алаңдарында орналастыру мәселелері бойынша ынтымақтасуды жоспарлап отыр.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – өңірлік креаторлардың елорда нарығына шығуына ықпал ету. Сыртқы жарнама арқылы олардың шығармашылығын таныту әлеуетті сатып алушылардың назарын аударып, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Креативті кәсіпкерлер үшін сапалы өнім әзірлеумен қатар, оны нарыққа шығару, тұтынушыға таныстыру және тұрақты өткізу арналарын қалыптастыру маңызды. Осы тұрғыдан меморандум Қордың кәсіпкерлерге көрсететін қолдауын ақпараттық ілгерілету құралдарымен толықтырады.
Креативті индустрияларды дамыту қоры медиа және жарнама саласындағы серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтіп, қазақстандық креаторлардың өнімдерін танытуға және шығармашылық жобалардың нарыққа шығуына жағдай жасауды жалғастырады.