
Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 92-театр маусымының жабылуына арналған «Опера түні» мәдени жобасы өтті.
Open Air форматындағы концерт театр алдындағы алаңда ұйымдастырылды. Іс-шараға 5 мыңнан астам адам жиналды. Кеш барысында әлемдік және ұлттық опера өнерінің үздік туындылары орындалды.
«Опера түні» жобасы – Алматының мәдени өміріндегі жаңа бастамалардың бірі. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының тұрғындар мен қала қонақтарына тәулік бойы қызмет көрсететін мегаполис ретінде дамуы қажет екенін атап өткен болатын. Осы орайда, аталмыш жоба ашық кеңістікте өтетін мәдени іс-шараларға қала тұрғындарының қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.
Кеш бағдарламасында «Біржан – Сара», «Абай», «Аида», «Турандот», «Травиата», «Богема», «Севильдік шаштараз», «Норма», «Самсон мен Далила» операларынан үзінділер көрерменге ұсынылды. Сондай-ақ Карл Орфтың O Fortuna шығармасы мен «Гүл Алматым» әні шырқалып, оны көрермендер әртістермен бірге орындады.
Жобаға театрдың жетекші солистері, хоры және симфониялық оркестрін қоса алғанда, 200-ден астам өнерпаз қатысты. Концертті дирижерлер Нұржан Байбосынов пен Қуаныш Исмаилов жүргізді. Хор ұжымына бас хормейстер Әлия Темірбекова жетекшілік етсе, режиссерлік жұмысты Наталья Кагадий мен Алуа Сабо атқарды.