
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңы бүгін Абай өңірінің ұлттық мұрасы мен заманауи шығармашылық әлеуетін тоғыстырған ерекше мәдени кеңістікке айналды.«Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында «Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі» атты креативті көрме-жәрмеңкенің салтанатты ашылуы өтті. Екі күнге жалғасатын іс-шара Абай облысының шығармашылық әлеуетін, ұлттық қолөнерін, мәдени мұрасын және заманауи креативті индустриясын елорда тұрғындары мен қонақтарына таныстыруды мақсат етеді.
Көрмеде өңір шеберлерінің қолынан шыққан 842 туынды ұсынылған. Оның ішінде 772 қолөнер бұйымы мен Семей қаласы суретшілерінің 70 картинасы бар. Келушілер киізден жасалған бұйымдармен, текемет, кілем, құрақ көрпе, ұлттық және заманауи үлгідегі киімдермен, балалар киімімен, зергерлік әшекейлермен, сөмкелермен, ағаш және теріден жасалған көркем бұйымдармен, торсықтармен, қамшылармен, ұлттық музыкалық аспаптармен, мүсіндермен, картиналар және кәдесыйлармен танысып қана қоймай, оларды сатып ала алады.
Іс-шара аясында Абай музейі, Абай кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейі арнайы экспозицияларын көпшілік назарына ұсынуда. Сонымен қатар Abai IT Valley алаңында өңірдің ІТ жобалары, цифрлық шешімдері және жасанды интеллект бағытындағы әзірлемелері таныстырылып, келушілерге заманауи технологиялардың мүмкіндіктері көрсетілуде.
Көрме-жәрмеңке шығармашылық өнімдермен, өңірдің гастрономиялық ерекшеліктерімен де таныстырады. Қонақтарға «Адал ас» ұлттық тәттілері, BaiQymyz-2025 халықаралық фестивалінің бас жүлдесін иеленген Абай ауданы Саржал ауылынан әкелінген қымыз, сондай-ақ Qazice компаниясының саумалдан дайындалған балмұздағы ұсынылуда.
«Creative Aimaq» республикалық жобасы еліміздің өңірлеріндегі креативті индустрияны дамытуға, жергілікті брендтерді қолдауға, олардың өнімдерін жаңа нарыққа шығаруға және шығармашылық қауымдастықтардың әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталған.