Қазақстандық көрермен халықаралық деңгейдегі балетмейстер Валентино Цукеттидің хореографиясымен қойылған «Souvenir de Danse» премьерасын тамашалайды. Қойылым Петр Чайковскийдің музыкасына негізделген және әрқайсысы би арқылы өзінің бірегей махаббат тарихын баяндайтын үш жұп әртісті көрсетеді. Орындаушылардың арасында әлемдік сахна жұлдыздары бар: Лондон Корольдік балетінен Сара Лэмб пен Риочи Хирано, сондай-ақ «Астана Опера» жетекші солисі Бақтияр Адамжан мен театр солисі Анастасия Заклинская. Үшінші жұп әртістер – Лондон қалалық балетінен Алехандро Вералес және Бавария мемлекеттік балетінің жетекші солисі Мария Баранова. Театрдың ішекті аспаптар оркестрінің дирижерлік пультте – Элмар Бурибаев.
«Ла Скалада» әртіс ретінде мансабын бастаған, кейін Цюрих және Норвегия балетінде жұмыс істеген және қазіргі уақытта Лондондағы Корольдік балетте жұмыс істейтін Валентино Цукетти музыканы нәзік сезінуімен және классикалық хореографияға ерекше көзқарасымен танымал. Ол балетмейстер-хореограф жолын дәл Лондон театрынан бастады, сондай-ақ Корольдік балет мектебі, Жаңа ағылшын балет театры, Польша ұлттық жастар балеті, Испания ұлттық балеті, «Ла Скала» балет мектебі және т.б. үшін спектакльдер қойды. Үлкен тәжірибеге ие бола отырып, ол классикалық балет дәстүрлерін заманауи би стильдерінің элементтерімен сәтті үйлестіреді және бүкіл әлем көрермендерінің жүрегін тебірентетін туындылар жасайды.
«Біз үшін Freedom Festival-ге қатысу – алғашқы тәжірибе, және бұл әрқашан қызық. Біз оның Алматыда өтетінін естідік және қазір «Астана Операның» да оның бөлігі болып жатқанына қуаныштымыз. Театр үшін бұл тағы бір пайда – біз Валентино Цукеттидің жаңа «Souvenir de Danse» қойылымын сыйлыққа аламыз. Мұндай шығармашылық сыйлықтар жасаған кезде өте жағымды, кейіннен қойылым театрдың тұрақты репертуарына енеді. Біздің әртістер бұрын таныс емес жас хореографпен жұмыс істеу олар үшін әсіресе қызық екенін атап өтті. Валентино біздің жұпқа өте жағымды әсер қалдырды: позитивті, креативті, талантты жас жігіт. Менің ойымша, бұл олар үшін жақсы тәжірибе болады», - деді балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Көрерменді сондай-ақ израильдік хореограф Шарон Эяльдің Koreless музыкасына қойған L-E-V театрының Into the Hairy бір актілі балетімен кездесу күтеді. Ш. Эяль биге деген батыл көзқарасымен танымал. Оның қойылымдары көрерменді әсемдік пен ерекшеліктің арасында ойнап, беймәлім әлемге батыруға мәжбүр етеді. Ш. Эяль Batsheva Dance Company танымал компаниясында жұмыс істеді және кейін балетке стандартты емес көзқарасымен танымал болған өзінің L-E-V ұжымын құрды.
Қойылымның эстетикасын Dior креативті директоры Мария Грация Кьюридің қара кружевадан жасалған костюмдері толықтырады. Олардың нәзіктігі балет сұлулығы мен жоғары сән өнерін біріктіре отырып, спектакльге ерекше сән береді.
Итальяндық сыншы Мария Луиза Буцци Шарон Эяльдің жаңа қойылымын «күшті және жұмбақ» деп атап, оның эмоционалды тереңдігі мен би пластикасына деген батыл көзқарасын атап өтті. Спектакль еуропалық балет шеңберінде үлкен қызығушылық тудырды және қазір үшінші Freedom Festival аясында қазақстандық көрерменді таң қалдыруға дайын.