
Астанадағы Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры Мәскеуде өтіп жатқан «Театр бульвары» фестивалінің халықаралық бағдарламасы аясында қазақ мәдениетін таныстырды.
Ресей астанасындағы ірі жазғы театр алаңдарының бірінде қазақстандық ұжым «Дәстүр» спектаклін сахналады. Қойылым арқылы мәскеулік көрермен қазақ халқының салт-дәстүрімен, ұлттық музыкасымен және сахна өнерінің ерекшеліктерімен танысты.
Спектакль 14 тамызда Покров бульварындағы амфитеатрда, ал 15 тамызда Горький саябағындағы Пушкин жағалауында көрсетілді. Қазақстандық театрдың өнер көрсетуі фестивальдің халықаралық бағдарламасына енді. Оған Қытай, Индонезия, Мексика, Иран және Еуропаның бірқатар елдерінен келген өнерпаздар да қатысуда.
«Театр бульвары» фестивалі сахна өнерінің түрлі жанрлары мен бағыттарын тоғыстырады. Биыл халықаралық бағдарлама көрерменге әр елдің театр, музыка және би дәстүрлерін кеңінен таныстыруға бағытталған.
Әзербайжан Мәмбетов атындағы театрдың қойылымы шетелдік көрерменге Қазақстанның театр өнерін ғана емес, халықтың мәдени болмысын театр, музыка және дәстүрлі ғұрып тілі арқылы таныстыруға мүмкіндік берді.