Алан Бөрібаевтың тарих-концерті

Алан Бөрібаевтың тарих-концерті

Дирижер партитураны жай ғана орындаумен шектелмей, оны тыңдарманмен бірге талдаса, музыка қалай құбылар еді? Оркестрді тоқтатып, белгілі бір тақырыпқа қайта оралса, кенет басқа шығарманы еске түсіріп, тыңдаушы аңғара бермейтін байланысты көрсетсе ше?

Алан Бөрібаевтың «Алан Бөрібаевпен тарих-концерт» атты авторлық топтамасы дәл осы тәсілге құрылған. Мұнда сахна мен зал арасындағы үйреншікті алшақтық азайып, симфониялық концерт музыканың қалай өрілетіні және оның қойнауында қандай хикаялар жасырынғаны туралы жанды диалогқа айналады.

Концерт барысында Бөрібаев тыңдарманмен тікелей тілдеседі, партитураның жекелеген тұстарына аялдап, оларды сол сәтте оркестрмен бірге талдап көрсетеді. Кейде бір ғана интонация өзге шығарманы ойға оралтады, музыкалық тақырып тарихпен сабақтас тосын ойға жетелейді, ал композитор туралы әңгіме музыкамен шектелмей, әдебиет, өнер және философия әлеміне ойысады.

10 қыркүйекте «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында топтаманың үшінші концерті өтеді. Алғашқы екі кеш Людвиг ван Бетховеннің Жетінші симфониясы мен Роберт Шуманның «Рейн» симфониясына арналды. Тыңдармандардың пікіріне қарағанда, мұндай формат классикалық концерттерге тұрақты барып жүрген қауымның өзіне тосын әсер сыйлаған. Көпшілігі уақыттың қалай өткенін сезбей қалғанын, концерт біте қоймаса екен деген күйде болғанын айтқан.

Бұл жолы музыкалық сапардың ауқымы бұрынғыдан да кең. Бір бағдарламаның арнасында Антонин Дворжак, Эдвард Григ, Рихард Штраус және Ян Сибелиус тоғысады.

Дворжактың жарқын да виртуозды «Карнавал» увертюрасы композитор Америкаға аттанардан аз уақыт бұрын дүниеге келген. Онымен қатар Григтің жан тебірентер «Аққу» әні шырқалады. Кештің тағы бір желісін Рихард Штраустың оркестр сүйемеліндегі «Ертең!» және «Кешкі арайда» атты екі әні құрайды. Бұл шығармалар араға жарты ғасырдан астам уақыт салып жазылған.

Неліктен осы туындылар бір бағдарламаның аясында тоғысты? Олардың арасында қандай ішкі диалог өрбиді? Концерт желісі осы сауалдардың жауабын тыңдарманға біртіндеп ашады.

Кештің өзегіне Ян Сибелиустың Екінші симфониясы алынған. Ол – ХХ ғасырдағы алғашқы ірі симфониялардың бірі. Қазақстан сахнасынан өте сирек естілетін бұл шығарма «Астана Операда» алғаш рет орындалмақ.

Бұл Алан Бөрібаев үшін репертуардағы кезекті туынды ғана емес. Сибелиустың Екінші симфониясы – маэстроның ең сүйікті шығармаларының бірі. Ол осы симфониямен әлемнің әр еліндегі сахналарға талай мәрте шыққан. Әсіресе, Швецияның Норрчёпинг симфониялық оркестрімен бірге Прагада, Чех филармониясының абонементтік бағдарламасы аясында берген концерті мен Ұлыбританияда Корольдік филармония оркестрімен өнер көрсеткен кешінің орны бөлек.

Топтаманың түпкі идеясы да осы тұста анық аңғарылады. Бөрібаев тыңдарманға музыка туралы дайын дәріс ұсынбайды. Ол шығарманың құрылымын музыка орындалып жатқан сәттің өзінде ашып көрсетеді. Сөз оркестр үніне ұласып, түсіндірмені музыкалық үзінді жалғайды. Осыдан кейін тыңдарман туындыға қайта оралғанда, оны мүлде басқа қырынан қабылдайды.

Вокалдық туындылар да осы тұтастықтың маңызды бөлігі. Олар симфониялық бағдарламадан бөлек тұрған жеке нөмірлер емес. Қай-қайсысы да онымен тікелей немесе астарлы үндестік арқылы сабақтасып, концерттің біртұтас драматургиясын қалыптастырады.

Бұл кеште сопрано Мадина Исламова, тенор Артур Габдиев және «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі өнер көрсетеді. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев жетекшілік етеді.

Үшінші «Тарих-концерт» тыңдарманды партитура қойнауында көпшілікке байқала бермейтін сырға тағы бір табан жақындатады. Бұл кеште тыңдарман Дворжак, Григ, Штраус пен Сибелиустың музыкасын тыңдап қана қоймай, әр дәуірдің туындыларының бір-біріне қалайша тосын үн қататынын, бір ғана музыкалық иірімнің тұтас симфонияны мүлде басқаша қабылдауға қалай жол ашатынын аңғарады.

225
10.09.2026