ASSOLYAA Астанада дәстүрлі өнер мен цифрлық технологияларды ұштастырған көрмесін таныстырды

ASSOLYAA Астанада дәстүрлі өнер мен цифрлық технологияларды ұштастырған көрмесін таныстырды

Qazaq Creative Hub алаңында суретші Әсел Сабыржанқызының (ASSOLYAA) «ARQAU / THREADS» атты жеке мультимедиалық көрмесі ашылды. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі кілемдеріне салынған авторлық картиналар, бейнепроекциялар және жасанды интеллект көмегімен жасалған цифрлық туындылар ұсынылған. Көрме 27 қарашаға дейін жалғасады.

ASSOLYAA дәстүрлі қазақ кілемдерін заманауи бейнелеу өнерімен ұштастыратын KilemArt авторлық техникасын дамытып келеді. Суретші аэрозоль бояулар мен кескіндеме әдістерін қолдана отырып, кілемнің табиғи бедерін, ұлттық ою-өрнектерін сақтайды. Оның шығармаларында қазақ әйелдерінің бейнесі, тарихи тұлғалар, ұлттық дәстүрлер мен Ұлы даланың мәдени мұрасы көрініс табады.

«ARQAU / THREADS» атауы қазақтың кілем тоқу өнерінен бастау алады. Арқау - негіз жіптермен айқаса тоқылып, тұтас мата қалыптастыратын жіп. Көрменің көркемдік тұжырымдамасында бұл ұғым ұрпақтар сабақтастығын, мәдени мұраның жалғастығын және дәстүрдің қазіргі өнермен байланысын бейнелейді.

Көрмеге арнайы дайындалған жаңа картиналармен қатар кескіндеме мен цифрлық технологияларды біріктіретін мультимедиалық композициялар енгізілген. Бейнепроекциялар мен жасанды интеллект негізінде әзірленген жұмыстар дәстүрлі қолөнерді жаңа көркемдік тәсілдер арқылы таныстырады.

2026 жылы Әсел Сабыржанқызы TikTok Discover List халықаралық тізімінің Innovators санатына еніп, әлемнің 50 креаторы арасынан таңдалған жалғыз қазақстандық атанды. Бұл тізім шығармашылықта жаңашыл тәсілдерді қолданатын және цифрлық платформаларда өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін авторларды таныстырады.

Суретшінің еңбектері халықаралық өнер алаңдарында да ұсынылған. Атап айтқанда, 2024 жылы Париждегі Salon d’Automne көрмесіне, 2026 жылы Бакуде өткен III Халықаралық кілем фестиваліне қатысты. Сондай-ақ шығармашылық жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен және «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталған.

Qazaq Creative Hub отандық суретшілердің шығармашылығын көпшілікке танытуға, ұлттық мәдени мұраны жаңа форматтарда насихаттауға және креативті индустрия өкілдерінің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды қолдайды. ASSOLYAA көрмесі осы бағытта дәстүрлі қолөнер мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін көрсетеді.

195
16.11.2026