
Президент телерадиокешенінің Құлалы аралындағы метеоролог туралы фильмі халықаралық марапатқа ие болды
Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені түсірген «Құлалы аралының тұрғыны» деректі фильмі Минскіде өткен ТМД елдерінің «Еуразия.DOC» халықаралық деректі кинофестивалінде арнайы дипломмен марапатталды.
Туындыға «Адам мен табиғат үндестігін көркем бейнелегені үшін» арнайы дипломы берілді. Фильм мерейтойлық фестивальдің негізгі байқау бағдарламасына еніп, халықаралық деректі кино додасында Қазақстан атынан ұсынылды.
Фильм Каспий теңізіндегі Құлалы аралында ел-жұрттан жырақ өмір сүретін метеоролог туралы баяндайды. Авторлар кейіпкердің күнделікті тіршілігіне үңіле отырып, оның жан дүниесін, оңаша өмірді саналы түрде таңдауының мәнін, қиындыққа мойымас мінезін, басынан өткерген сынақтары мен табиғатқа ерекше жақындығын ашады.
Фильмді Президент телерадиокешенінің түсірілім тобы әзірледі. Туындының режиссері – Алмас Сәткенов, сценарий авторы – Эльмира Ишмұхаметова, продюсері – Әділбек Құламан. Операторлары – Саят Тастанов пен Қанат Еңсебаев, монтаждаушысы – Руслан Айтмамбетов.
Туындының халықаралық марапатқа ие болуы қазақстандық деректі киноға қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Қарапайым адамдардың тағдырын, табиғатты және адамның қайсар мінезін арқау еткен фильмдер Қазақстанның мәдени болмысын шетелге танытуда елеулі орын алады.
Фильмнің байқау бағдарламасына іріктеліп, арнайы диплом алуы қазақстандық деректі киноның халықаралық көрерменмен тіл табыса алатынын көрсетті. Жеке адамның тағдыры, ол өмір сүретін мекеннің өзіндік тынысы және қоршаған дүниемен етене байланысы – қай елдің көрерменіне де түсінікті ортақ тіл.